«30 игі іс» акциясы шеңберінде қоғамда мейірімді болуды әдетке айналдыру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында NEO Qazaq Style интерьер дизайны бағытының негізін қалаушы дизайнер, блогер Мансура Жакен Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына өз туындысын сыйға тартты, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

Салтанатты шараға театр ұжымы мен “Рухани жаңғыру” жобалық кеңсесінің ұжымы қатысты. Дизайнерге зор ризашылығын білдірген ұжым Мансура Жакенге бата-тілегін айтты.

Театр директоры Ернар Жұматаевтың айтуынша, бұл – өнер ұжымына тарту етілген алғашқы сыйлық.

Отандық дизайнердің қолымен мозаикадан жасалған көркем панно құны 3,5 млн теңгені құрайды. Картина 400-ден аса түрлі тас пен мурандық шыныдан жасалған. Онда Ломонос гүлі бейнеленген.

“Ломонос гүлі Алтай тауында өседі. Бұл – ештеңеден мойымайтын мықты тұлғалардың символы. Бұл картинаны жасауға 3 ай уақыт кетті. Осы картинаны жасауды 2 жыл бұрын ойға алған болатынмын. Қара шаңырақтың төрінен орын алғанына өте қуаныштымын”, – деді Мансура Жакен.

Мамандардың айтуынша, бұл әзірге картина театрдың қай жерге қойылатыны белгіленген жоқ. Дегенмен көпшіліктің көзіне бірден түсетін орынға қойылатынын айтады.

Айта кетсек, Президенттің қатысуымен Қаллеки театрының жаңа зәулім ғимаратының ресми түрде ашылу салтанаты 26 қарашада өткен болатын.

Театр директоры Ернар Жұматаевтың сөзінше, өнер ұжымы биылғы маусымды Мұхтар Әуезовтің “Абай” трагедиясымен ашады. Қойылым 10-11 желтоқсан күндеріне жоспарланып отыр.

Қосу