Бүгін Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында өткен «Құнанбай» спектаклінің премьерасына қатысты.

Сонымен қатар премьераны Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы Берік Уəли, Мəдениет жəне спорт вице-министрі Нұрғиса Дəуешов, Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Талғат Теменов тамашалады.

Ел Тәуелсіздігінің және «Қаллеки» театрының 30 жылдығына орай сахналанған «Құнанбай» драмасының қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Туынды авторы – Таласбек Әсемқұлов. Қоюшы суретшісі – Қанат Мақсұтов.

Ақтоты Райымқұлова бүгінгі жаңа ғимараттағы алғашқы премьераның елорда көрермендері үшін орны бөлек екенін атап өтті.

«Биыл Тәуелсіздікпен құрдас Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының құрылғанына – 30 жыл.

Ел Тәуелсіздігімен бірге қазақ руханиятына үлес қосып жүрген театр ұжымын осынау мерейтоймен құттықтаймын!

Жыл басынан бері мерейтой аясында бірнеше ауқымды іс-шара атқарылып жатыр. Алдағы уақытта да жаңа премьералар, бірнеше қойылымдар осы сахнада көрермендерімен қауышады.

Алмағайып кезеңде өмір сүрген, заманының қалпын жазбай таныған кемеңгер, елдік үшін күрескен ардагер Құнанбай, қазақ әлеуметінің көптен күткен қалаулы бейнесі. Жазушы Таласбек Әсемқұловтың «Құнанбай» шығармасы бұған дейін кинофильм ретінде қалың көрермен жүрегінен орын алды. Енді дәл бүгін театр сахнасына ыңғайлап спектакль ретінде дүниеге әкелген режиссерлық топтың еңбегіне алғыс білдіргім келеді. Премьера құтты болсын!»,-деді.

Біздің анықтама:

Нұр-Сұлтан қаласының Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 1991 жылы 15 қарашада Ғ.Мүсіреповтің «Ақан Сері-Ақтоқты» трагедиясымен өз шымылдығын ашқан.

Алғашқы қойылымды театрдың негізін қалаушы дарынды режиссер Жақып Омаров сахналаған. Театр өзінің алғашқы жүлдесін 1996 жылы Уфа қаласында Түркітілдес мемлекеттер арасында өткен халықаралық «Туғанлық» театр фестивалінде жеңіп алды.

Бүгінде ұлттың рухани қажеттілігін өтеп отырған киелі шаңыраққа дарынды өнер қайраткерлері: Жақып Омаров, Қадыр Жетпісбаев, Кеңес Одағының Халық артисі, «Халық Қаһарманы» Әзірбайжан Мамбетовтер жетекшілік еткен.

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының репертуары көнеден келе жатқан классикалық өнер туындыларын заманға сай жаңартып, ұлттық және әлемдік драматургиямен толықтырып келеді.

2011 жылы 14 желтоқсанда театр ұжымына «Мемлекеттік академиялық театр» мәртебесі берілді.

Актерлер құрамында – 86 актер бар. Оның ішінде 4 – «ҚР Халық артисі», 4 – «ҚР еңбек сіңірген артисі», 22 – «ҚР еңбек сіңірген қайраткері», 3 – ҚР «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, 2 – ҚР Жастар Одағы сыйлығының иегері, 10 – «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.

2020 жылы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен елорданың асқақ сәулетіне сән берер жаңа театр ғимараты бой көтерді.

Қосу