Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Баходир Ахмедов бастаған делегацияны қабылдады.

Екі жақты жүздесуге Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігі халықаралық басқармасының басшысы Шахрух Акбаров, Өзбекстан мемлекеттік академиялық үлкен театрының директоры Махмуджон Муратов, өзбек ұлттық мемлекеттік академиялық театрының директоры Ёдгор Саъдиев, Өзбекстан мемлекеттік филармониясының директоры Заир Заиров, «Өзбекконцерт» мемлекеттік мекемесі директорының міндетін атқарушы Джамолиддин Узаков, ал Қазақстан тарапынан Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Ғани Мұратов, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемелкеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Ернар Жұматаев, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы ректоры Арман Жүдебаев, Мәдениет және спорт министрлігі Білім, ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Рауан Игенов қатысты.

Әуелі Ақтоты Райымқұлова Баходир Ахмедовті жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, бауырлас екі халық арасындағы байланыс сан салада тұрақты қалыптасқанына ерекше мән берді.

«Қазақ және өзбек халқы арасындағы қарым-қатынастың тамыры тереңнен бастау алады. Осы орайда мәдени-рухани байланыс лайым алдыңғы орында екенін атап өткім келеді. Бүгінде еліміздің өкілдері мамандандырылған көрмелерге, түрлі мәдени іс-шараларға тұрақты түрде қатысады. Екі мемлекет арасындағы мемлекеттік мұрағаттар мен мұражайлар арасында тығыз әріптестік орнатылған. Әдебиет пен өнер, кинематография қайраткерлері арасында серіктестік жанданған.

2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылын сәтті өткіздік. Аталған жылдың екіжақты тығыз байланыстың нығаюына ықпал еткенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен еді. Өзбекстан жылы аясында елімізде өзбек халқының бай мәдениеті мен өнері жайлы көбірек білуге мүмкіндік берген 200-ге жуық ауқымды бірлескен іс-шара ұйымдастырдық. Мәдениет, өнер, әдебиет, ғылым, туризм саласында іс-шаралар, театр және фольклорлық ұжымдар, эстрада артистерінің гастрольдері, өзбек киносының күндері өтті.

Ал 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылын өткізу саясат, экономика мен мәдениеттегі екіжақты өзара іс-қимылға тың серпін берді. Өзбекстандағы Қазақстан Жылы аясында көптеген мәдени шара ұйымдастырумен қатар өңіраралық ынтымақтастықты жандандыру мақсатында екі елдің облыстары арасындағы әріптестікке ерекше көңіл бөлінеді.

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының  ұжымы Ташкент қаласында «Абай» және «Мадам Баттерфляй» операсын қойды. 2019 жыл Самарқандта өткен Орта Азиядағы ең танымал, әрі беделді «Шарк Тароналари» халықаралық ән фестиваліне еліміздің атынан «Бабалар сазы» этно-ансамблі қатысып, тыңдармандардың жоғары бағасына ие болды. Жалпы 33 мемлекеттен 300-ден астам өнерпаз қатысқан байқауда «Бабалар сазы» ұжымы «Бабалар дәстүрін жалғастырушылар» атты арнайы номинацияда үздік атанды. Тағы сол жылы қыркүйекте Қоқан қаласында халықаралық қолөнершілер фестивалі өтті. 32 адамнан құралған Қазақстан делегациясы сапынан сүйек ою шебері Кәрім Бектас «Дәстүрді жаңғырту» номинациясында жеңімпаз атанды. Бұл екі елдің қатысуымен өткен іс-шаралардың бір парасы ғана. Алдағы уақытта да берік байланыстың тамыры тереңдеп, өркен жаюы үшін жұмыла жұмыс істеуге шақырамын»,-деп айтты Ақтоты Райымқұлова.

Осыдан кейін Баходир Ахмедов пен Нұрғиса Дәуешов Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени қарым-қатынасты кеңейтуге бағытталған 2021 жылға арналған іс-шаралар жоспарына қол қойды.

Қосу