Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрында «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясының жаңартылған нұсқасы сахнаға жол тартты. Аталмыш спектакльді осыдан тура он бір жыл бұрын, осы қараша айында қаллекиліктер алғаш сахналаған еді. Бірақ сол уақытта сахнаның мүмкіндігі шектеулі болды. Ал бұл жолы жаңа, кең сахнада қойылым жаңаша жаңғырды.

Спектакльді қойған да жастар, бас кейіпкерлер – Айман мен Шолпан бейнелерін де жастар сомдады. Жалпы осы қойылым арқылы театрдағы жастардың қарым-қабілеті сыналған сияқты. Осыған дейін актер, музыкант болып танылып жүрген Олжас Жақыпбек режиссер ретінде көрінді. Негізгі еңбек – комедия¬ны бірігіп сахналаған Шырын Мұстафина екеуінікі.

Шымылдық ашылып, спектакль басталған бетте есімізге жыр қағаны Жұматай Жақып¬баевтың «…Лироэпос заманынан келгенін жасырады шынтағына сүйеніп» деген өлең жолдары түсті. Иә, қаллекиліктер «Айман-Шолпан» оқиғасын қазір өзіміз өмір сүріп отырған заманға лайықтап сахналады. Әлбетте, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің пьесасы желісімен.  

Жалпы лироэпостық жырдың қазақ сахнасына көшірілгеніне 90 жылға жуықтады. Әуезов дастанның желісін алып, жаңа кейіпкерлерді қосып, ұлт мұрасын тірілтті. Ал Қуанышбаев театры жаһандану заманына сай қойылымды ұсынды. Онда олигархты да, қазіргі «жаңа қазақтарды» да, қылыштың орнына тапаншаны да көре аласыздар.

Әдеттегідей қос актерлік құрам бекітілді. Біз көрген бірінші құрамда Айман бейнесін – Ақжан Құрмашева, Шолпанды Ұлжан Оразаева сомдады. Екі сұлуға таласатын жігіттердің бірі Әлібекті – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Жасұлан Ерболат, Арыстанды Қобыланды Болат кескіндеді. Ортада дәнекер болып жүретін Жарасты Ұлан Қабыл ойнады.

Ал Көтібар, Маман, Теңге рөлдері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы бар театр¬дың тәжірибелі, белгілі, белді әртістеріне берілді. Алғашқысын Нұркен Өтеуіл, екіншісін Жанқалдыбек Төленбаев, ал үшіншісін Айнұр Бермұхамбетова сахнаға алып шықты.

Спектакль жанры әу бастан-ақ музыкалық комедия болып анықталған. Бірақ қаллекиліктердің нұсқасында жеке өзімізге бір спектакль ішінде бірнеше жанр араласқандай көрінді. Мюзикл мен рок-опера элементтері де қылаң береді. Арасында рэп те оқылады. Жанрлар ғана емес, мәдениеттер араласып кеткен сияқты. Өз басым Бродвейдің бір мюзиклін тамашалап отырғандай болдым. Алайда спектакльге «келіннің сәлем салу» дәстүрі мен күй тартыс енгізілгені оқиға мұхиттың арғы жағында емес, қазақ жерінде өтіп жатқанын аңғартады. Біздіңше, бұл сәтті режиссерлік шешім болды. Қойылымның жүрекке жылы тиетін көріністері де осы.

Спектакльде халық әндері музыкасымен қатар Иса Байзақовтың «Желдірмесі» сияқты шығармалардың әуен¬дері пайдаланылды. Қазіргі жастар тыңдайтын музыка да қосылды. Жаңадан қосылған әндердің сөздерін Қанат Жүнісов пен Мирас Әбіл жазды.

Қосу