Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры шілде айының 2 және 4 күндері «ХАТ» философиялық драмасының ПРЕМЬЕРАСЫН ұсынады. Басталуы: 17.00, 19.30.

Шілде айының 2 және 4 жұлдызында Қаллеки театрының ұжымы көрермендер назарына Эрик-Эмманюэль Шмиттің «Оскар және Алқызыл бикеш» шығармасының желісімен сахналанған «ХАТ» философиялық драмасының премьерасын ұсынады. Туындыны қазақ тіліне аударған - Қуат Ежембек. Қоюшы режиссері – Рача Махатаев. Қоюшы суретші – Ильшат Вильданов. Хореограф – Асан Боранчин.

«Оскар және Алқызыл бикеш» шығармасы кең таралған туындылардың бірі. Француз жазушысы Эрик-Эмманюэль Шмиттің аталған туындысында қоғамдағы өзекті мәселелер қозғалады. Адамдардың бойынан мейірім, қайырым, сүйіспеншілік қасиеттері жоғалған қазіргі уақытта, бұл шығарманың маңызы, мәні зор болмақ.

Спектакльдің жанры – философиялық драма. Мұны тамашалаған патша көңіл көрермен рухани азық алып, тағылым танып, ой түйері анық.

Біз, өмірге қатысты көптеген қателіктер жібереміз. Өмірдің сондай қысқа, алдамшы, бір-ақ сәттік екенін ұмытып кетеміз... елемейміз... ескермейміз... Өзімізді өлмейтіндей көреміз. Бұл өте қауіпті дерт сияқты. Ал, Құдайды тану арқылы адамдардың өмірге деген көзқарасы өзгеретіні белгілі. Аталмыш қойылымның негізгі айтар ойы да осыған келіп саяды. Спектакльдегі басты кейіпкер Оскар, әуел баста Жаратқан иесіне мүлде сенбейді. Ол қатерлі ісікке шалдыққан. Бүкіл жаратылыс оған қарсы болып көрінеді. Бірақ, кейін мұның барлығы қателік екенін, ұғынады... түсінеді... Оның ойын өзгерткен кейіпкер – Алқызыл Бикеш, яғни, Роза әжей! Ол Оскардың көңілін аулау үшін небір ғажайыптар, түрлі аңыздар ойлап табады. Екі кейіпкердің арасындағы диолог кейде мұңға, кейде ойға батырып, кейде күлкі тудырады. Спектакльге Оскар, Роза әжей, Оскардың ата-анасы, Доктор Дюссельдорф, Пегги Блю, Н`да сынды кейіпкерлер қатынасады.

Спектакльдің екі актерлік құрамы бар. Бірінші құрамда жас актриса Инабат Әбенова, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Жанат Чайкина, Ерғұлан Жанпейісов, Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Таңсұлу Баталова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Қапаев, Динара Егубаева, Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Сая Тоқманғалиева, екінші құрамда ҚР «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты Алтынгүл Серкебаева, «Құрмет» орденінің иегері Майра Омар, Ерсін Айтмұқаш, Арай Омарова, Самат Байыров, Амира Омарова, Жанар Қасымова.

Алдын ала тіркелу үшін:
Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.
+7705 990 2595 Ақерке И

Қосу