Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының
ТАРИХЫ

       Нұр-Сұлтан қалалық Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 1991 жылы 15 қарашада  Ғ.Мүсіреповтің «Ақан Сері-Ақтоқты» трагедиясымен өз шымылдығын ашты.  Алғашқы қойылымды театрдың негізін қалаушы дарынды режиссер Жақып Омаров сахналады. Театр өзінің алғашқы жүлдесін 1996 жылы Уфа қаласында Түркітілдес мемлекеттер арасында өткен Халықаралық «Туғанлық» театр фестивалінде алды.

      Бүгінде ұлттың рухани қажеттілігін өтеп отырған киелі шаңыраққа дарынды өнер қайраткерлері: Жақып Омаров, Қадыр Жетпісбаев, Кеңес Одағының Халық артисі, «Халық Қаһарманы» Әзірбайжан Мамбетовтер жетекшілік еткен.

      Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының репертуары көнеден келе жатқан классикалық өнер туындыларын заманға сай жаңартып, ұлттық және әлемдік драматургиямен толықтырып келеді. Елімізде және шет елдерде өткен бірнеше театр фестивалдерінде биік белестерді бағындырған ұжымның алға қойған бағыт-бағдары айқын. Ол – қазақтың театр өнерін өркендету, сөйтіп кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнердің биік шыңы арқылы шынайы көрсету.

 

2011 жылы 14 желтоқсанда Театр ұжымына «Мемлекеттік академиялық театр» мәртебесі берілді.

     Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының шығармашылық ұжымында: көркемдік жетекші – танымал театр және кино актері Қ.Қыстықбаев, режиссерлер, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері – Б.Ұзақов, Н.Жұманиязов, Ә. Оразбековтер  қызмет етеді. Театр директорының  қызметін – Е.Джуматаев атқарады.

   Актерлық құрамында – 56 актер, оның ішінде 4 – «ҚР Халық артисі», 4 – «ҚР еңбек сіңірген артисі», 22 – «ҚР еңбек сіңірген қайраткері», 3 – ҚР «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, 2 – ҚР Жастар Одағы сыйлығының иегері, 10 – «Ерен еңбегі үшін», 5 – ҚР «Серпер»   Жастар одағы сыйлығының иегері медалінің иегерлері бар.

      Тәуелсіздікпен құрдас Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ драма театрына биыл 30 жыл.

2020 жылы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен елорданың асқақ сәулетіне сән берер жаңа театр ғимараты бой көтерді.   Бұл - Мемлекетеміздің өнерге деген айрықша қамқорлығы деп білеміз.

 

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры.

E-mail: Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.

Қосымша ақпарат үшін: + 7 /7172/ 27-02-35