Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және елорда күні қарсаңында 21 маусым күнінен бастап Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдері арасында «Елорда - өнер өлкесі» шығармашылық кездесуі өтеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде белгілі болды. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешовтың айтуынша, бұл кездесу еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Астана күніне орай Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен 21-29 маусым аралығында Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан театрларының тәжірибе алмасу мақсатындағы «Елорда – өнер өлкесі» атты шығармашылық кездесулері өтеді.

«Бұл шаралар Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі жалпы республикалық әрбір шара ұлттық мәдениетті ілгерілетуге және дәстүрлерді жаңғыртуға, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталып отыр», - деді вице-министр.

36 мыңнан астам қызметкердің жалақысы өскен

Сондай-ақ, ол министрліктің барлық қызметі мемлекет басшысының Жолдауларына, «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры», Nur Otan партиясының сайлауалды тұғырнамасын, стратегиялық бағдарламаларды жүзеге асыруға негізделгенін атап өтті.

«Театр өнерінің еліміздің мәдени саласында алатын орны ерекше. Бүгінгі күні Қазақстанда 65 театр қызмет атқарады, оның 53-і халықтың театр өнері өнімдеріне қолжетімділігін қамтамасыз етіп жүрген мемлекеттік театрлар» , - деді Нұрғиса Дәуешов.

Вице-министр өз сөзінде мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50%-ға дейін, өңірлерде 35%-ға дейін өскенін еске салды. Жалпы, шамамен 36,4 мың адамның жалақысы көтерілгенін атап өтті.

Сондай-ақ, оның мәліметінше, тәуелсіздік жылдары елімізде 22 мемлекеттік театр ашылып, Орал, Қарағанды, Қостанай, Нұр-Сұлтан, Өскемен, Шымкент, Талдықорған, Түркістан қалаларында 9 театрға заманауи жаңа ғимарат салынған.

«2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Музыкалық жас көрермендер театры ашылса, Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театры республикалық деңгейге өтіп, ұжым жаңа ғимаратқа көшті» , - деп толықтырды ол.

Вице-министрдің айтуынша, түркі әлемінің астанасы ретінде ресми түрде мойындалған Түркістан қаласында биыл 2021 жылы Түркістан музыкалық-драма театры ашылып, арнайы салынған жаңа ғимарат жұмысын бастаған. Сонымен қатар, мәдениет ұйымдарының кәсіби деңгейін көтеру және ерекше мәртебе беру мақсатында тәуелсіздік жылдары 9 театрға Үкімет қаулысымен «Академиялық» мәртебесі берілген.

«Тарихта алғаш рет 2020 жылы 5 мәдениет ұйымына Президент Жарлығымен «Ұлттық» мәртебесі берілді, олардың ішінде М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры бар», - деді Нұрғиса Дәуешов.

Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен республикалық, халықаралық, дүниежүзілік деңгейдегі театр фестивальдері өткізіліп келеді. Республикалық және өңірлік театр ұжымдары Қазақстанның өңірлеріне, сондай-ақ алыс-жақын шет елдерге гастрольдік сапарлармен барып, көпұлтты қазақстандық театр өнерін таныстырып, насихаттауға ат салысуда.

«Қазір «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында еліміздің жетекші театрлары әлемдік деңгейдегі Ұлыбритания, Жапония, Корея, Түркия, Ресей, Франция, Италия, Өзбекстан елдерінің сахналарында өнер көрсететінін мақтанышпен айтамыз», - деді ол.

Пандемия кезіндегі театр

Оның айтуынша, пандемия кезінде де театр ұжымдары халықтың еңсесін көтеріп, рухани қолдау бағытында аянбай еңбек еткен. Соның ішінде, театрдың тігін цехтары мен жекелеген қызметкерлері медициналық маскалар мен бас киімдер тігіп, медицина орталықтарына, қарттар үйі, балалар үйі сияқты қамқорлыққа мұқтаж ұйымдарға тегін таратып, тұрмыстары нашар тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету акцияларын ұйымдастырған. 

«Жалпы, республика көлемінде карантин басталғаннан бері on-line режимде 40 мың шара өтіп оны 60 млн. адам тамашалады. Министрлік өткізген онлайн шаралар @Bizbirgemizculture, @Bizbirgemizsport, # ЗвездаНаКарантине, #oneronline платформаларында орналасты», - деді Нұрғиса Дәуешов.

Өңірлердегі театр саласының дамуы

Ол жиында Республикалық ұйымдармен қатар, өңірлердегі мәдениет ошақтары да жаңа форматтағы жұмыстың шығармашылық қызметтеріне жаңа серпін бергендігін атап, үлкен қызығушылықпен Қазақстан мәдениетін ілгерілетуге дайындығын, өтпелі қиын-қыстау уақытында ел азаматтарымен бірге екендігін көрсете білгенін айтып өтті.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Халыққа жолдауында өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетіне, сондай-ақ балаларға арналған үйірмелерді қайта жандандыруға баса назар аудару туралы тапсырмасын орындау мақсатында мәдениет, спорт саласындағы заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, мүдделі мемлекеттік және жергіікті атқарушы органдар мен қоғам белсенділерімен бірлесіп тиісті нормативтік құқықтық актілер қабылданған. Нәтижесінде мемлекекттік шығармашылық және спорттық тапсырыстар іске асырылып, балалар мен жасөспірімдер шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуға мүмкін алған.

«Ұлағатты ұрпақ» білім беру онлайн платформасы

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының шығармашылық пен қолөнер негіздерін үйрету туралы тапсырмасын орындау мақсатында 2020 жылдың қазан айынан бастап «Ұлағатты ұрпақ» білім беру онлайн платформасы іске қосылған.

Оның мәлімдеуінше, бұл жоба аясында mmura.kz сайтында оқушылар театр өнері, музыка өнері, кинематография, бейнелеу өнері және Киелі Қазақстан сияқты 5 бағыт бойынша қазақ және орыс тілдерінде білім беру бейнесабақтарына еркін қатысуға мүмкіндік алған. Бүгінгі күні тіркелген жасөспірім қолданушылардың саны 11 мыңнан асып, бейнесабақтарды қарағандардың саны 5 млн адамнан асқан.

«Осы шаралардың бәрінде еліміздің театр ұжымдарының қосқан үлестері зор екенін атап айтқым келеді. 10 күнге созылатын бүгінгі шараға арқау болған, Елбасының арнайы тапсырмасымен Елордада бой көтерген Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрының әсем де бірегей ғимаратының таныстырылымы өтпек», - деді ол.

21-30 маусым Орталық Азия елдерінің театрларының шығармашылық кездесуі 

Нұрғиса Дәуешов өз сөзінде барлық театр қызметкерлеріне Министрлік тарапынан зор алғыс білдірді. «Елорда – өнер өлкесі» шығармашылық кездесулер аясында Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтарына Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан театрларының үздік қойылымдары мерекелік тарту ретінде ұсынылатынын жеткізді.

Театрлар мен өтетін күні:

21 маусым «Жастар театры»

22 маусым Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан Ән-би ансамблі

23 маусым «Astana musical» театры

24 маусым Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 

25 маусым Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры

26 маусым Өзбек ұлттық академиялық драма театры

27 маусым Музыкалық жас көрермен театры 

27 маусым Максим Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры

28 маусым Бакен Қыдыкеева атындағы Қырғыз мемлекеттік жастар театры

29 маусым Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрлары үздік қойылымдарын ұсынады.

«Бұл театрлық шара бауырлас елдердің мәдени байланыстарын нығайта түсуге ықпал етері сөзсіз. Шара аясында Қазақстан Республикасы «Ұлттық Ұлан» ән-би ансамблі театрында сахналанған «Жеңіс жалауы» спектаклінің және Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының «Бопай ханым» спектаклінің премьерасы өтетінін хабарлаймыз», - деп қорытындылады Нұрғиса Дәуешов.

Жиынға қатысқан Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ермек Рахимов қала тұрғындарының мәдени шараларға деген қызығушылығы жоғары деңгейде екенін жеткізді. Оның айтуынша, қала басшылығы елорда театрларының дамуына ерекше назар аударады. Соның ішінде «Елорда - өнер өлкесі» шығармашылық кездесулері театр саласын одан әрі дамытуға ықпал етеді деген сенімде.

Елордалық мәдениет басқармасы басшысының айтуынша, көрермендер мен театр сыншыларының назарына Өзбек ұлттық академиялық драма театры мен Б. Кыдыкеева атындағы Қырғыз мемлекеттік жастар театры, Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театры, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, М. Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры үздік қойылымдарын ұсынады. Горький атындағы мемлекеттік академиялық драма театры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан ән-би ансамблі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Жастар театры, «Astana Musical» мемлекеттік театры және Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры бар.

«Елорда - өнер өлкесі» шығармашылық кездесуінің сарапшылар алқасының құрамына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану кандидаты Жуасбек Еркінин, Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің президенті, театр сыншысы, өнертану кандидаты Анар Еркебай, театртанушы, өнертану кандидаты Бақыт Нұрпейіс, театртанушы Айзат Қадырәлиева, сыншы Гүлнар Әбікеева, театртанушы Мирас Әбіл енген.

«Театрлар Ashyq қосымшасын қолдана отырып, қала тұрғындарын қуантады. Себебі, билеттердің барлығы бірден сатылуда. Осындай рухани кездесулердің болғаны елдің мәдениетін одан әрі дамытуға жол ашады, - деді Ермек Рахимов.

strategy2050.kz

Добавить комментарий