Бүгін ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен елорда күніне орай Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі ұйымдастырып жатқан «Елорда – өнер өлкесі» атты Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан театрларының шығармашылық кездесуіне арналған баспасөз жиыны өтті.

Спикерлер: ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының директоры Ернар Жұматаев, Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ермек Рахимов.

Шығармашылық кездесуге Қазақстан Республикасы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан ән-би ансамблі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Жастар театры, Astana Musical Мемлекеттік театры және Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры, Өзбекстан Республикасы Өзбек ұлттық академиялық драма театры мен Қырғыз Республикасы Б.Қыдыкеева атындағы  Қырғыз мемлекеттік жастар театры қатысады.

Шығармашылық кездесудің мақсаты – қазақ театр өнерін дамыту, көршілес мемлекеттердің театрларымен арадағы байланысты нығайту, Нұр-Сұлтан қаласын мәдени орталық ретінде ілгерілету, көрермендерді театр өнеріндегі таңдаулы қойылымдармен таныстыру.

«Театр өнерінің ел мәдениетінде алатын орны ерекше. Бүгінде Қазақстанда 65 театр тұрақты қызмет етсе, оның 53-і мемлекеттік. Тәуелсіздік алған сәттен бері елімізде 22 мемлекеттік театр ашылып, Орал, Қарағанды, Қостанай, Нұр-Сұлтан, Өскемен, Шымкент, Талдықорған, Түркістан қаласында 9 театрға заманауи жаңа ғимарат салынды. Былтыр Нұр-Сұлтан қаласында Музыкалық жас көрермендер театры ашылса, Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театры мен биыл Түркістан қаласында ашылған Түркістан музыкалық-драма театры арнайы салынған жаңа ғимаратта жұмысын жалғастырып жатыр»,-деді Н.Дәуешов.

Добавить комментарий