ҚАЛИБЕК ҚУАНЫШБАЕВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫ XXXIV МАУСЫМЫН «АБАЙ» ҚОЙЫЛЫМЫМЕН ЖАБАДЫ

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының 34-маусымы өз мәресіне жетті. Театр маусымы 9 шілде күні сағат 19.00-де дәстүр бойынша М.Әуезовтің «Абай» қойылымымен жабылады.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Әлімбек Оразбеков сахналаған «Абай» трагедиясында қос Абайдың бейнесі көрсетіледі. Аға Абай бейнесін – Қазақстанның Халық артисі Тілектес Мейрамов, Абай рөлін – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл сомдайды. Қойылымға жалпы 65 актер қатысады. Қоюшы суретші – Қанат Мақсұтов. Хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев.
Ғасырлар бойы қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрып пен мылқау күш, дүлей заманды айыптап өткен Абай ойы, Абай философиясы өркендеп, ғаламдық деңгейге жетуінің барысындағы оқиғалар сахнада ұлы М.Әуезов драматургиясымен өткен ғасырға жол тартқанымен, бүгінгі көрермен үшін де көкейкестілігін жоғалтқан жоқ.
Осы маусымда театр көрермен назарына 7 қойылымның премьерасын ұсынды. Атап айтқанда, П.Бомаршенің «Фигароның үйленуі» музыкалық комедиясы (режиссері Н.Жұманиязов), Т.Әбдіктің «Парасат майданы» психологиялық драмасы (режиссері Г.Миргалиева), «Ертегі түннің әуені» классикалық ертегілер жиынтығы (режиссері О.Дәлелхан), Ж.Әлікеннің «Жүрек сыры. Махаббатым сен…» драмасы (режиссері Б.Сұлтанғазы), Б.Брехттің «Шеңбер» драмасы (режиссері Ұ.Қабыл), Ә.Кекілбаевтың «Күй» драмасы (режиссері Н.Жұманиязов), «Құмқала» ертегісі (жетекшісі Ж.Чайкина).
Г.Бюхнердің «Войцек» драмасы Ж.Аймауытовтың 135 жылдығына арналған «Ертіс-Баян» I республикалық театрлар фестивалінде «Жүсіпбек Аймауытов атындағы арнайы жүлдеге» ие болды.
М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясы Ақтау қаласында өткен ІІІ Халықаралық «Әбіш Әлемі» театр фестивалінде арнайы көрсетіліп, көрерменнің зор ықыласына бөленді. Режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Г.Миргалиева.
Р.Мұқанованың «Бопай ханым» тарихи трагедиясындағы Бопай ханым рөлі үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актриса Лейло Бекназар «ТЕАТР АLL» III Халықаралық театр фестивалінде «Үздік әйел бейнесі» номинациясына ие болды. Режиссері – Ж.Жұманбай.
П.Бомаршенің «Фигароның үйленуі» музыкалық комедиясы Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің шешімімен «Жыл музыкалық қойылымы» номинациясына ие болды.
Актриса, «Мәдениет саласының үздігі» Гауһар Жүсіпова «Еңлікгүл» кәсіби театр сыйлығының «Ең үздік жыл актрисасы» номинациясымен марапатталды.
Халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған «Қаллеки тынысы» спектакльдер шеруінде сарапшылар шешімі бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл «Театр тарланы» номинациясымен, жас актер Әнуар Бектас «Үздік актер» номинациясымен, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Жанат Чайкина
«Үздік актриса» номинациясымен, жас актер Марғұлан Наменов «Үміт» номинациясымен, актер Бәзіл Сұлтанғазы «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» номинациясымен, актриса Аяужан Малғаждарова
«Екінші пландағы үздік әйел адам рөлі» номинациясымен, актриса, «Құрмет» орденінің иегері Майра Омар «Сарапшылардың арнайы жүлдесімен» марапатталды.
Көрермендердің таңдауы бойынша «Үздік актер» номинациясына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл, «Үздкі актриса» номинациясына «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты Ақмарал Танабаева, «Үздік спектакль» номинациясына «Қарагөз» спектаклі ие болды.
Актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Қапаев пен актриса, «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты Ақмарал Танабаева арнайы кастингтен өтіп, Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласында өткен «Париждегі екі әйел» атты халықаралық спектакльде өнер көрсетті. Қоюшы режиссер – Ра Джин-Хван. Жоба Қазақстан, Оңтүстік Корея, Ресей елдері арасындағы медени байланысты нығайтуға бағытталған.
Маусымның маңызды жаңалықтарының бірі – «Оқылым» жобасы.
Бұл жоба жаңа пьесалар мен тың шығармаларды сахнаға шығаруда маңызды рөл атқарып, көрерменнің зор қызығушылығына ие болды. Жоба аясында 7 жаңа туындының оқылымы өтті.
Театрдың Симфониялық оркестрі мен Халық аспаптар ансамблі де көрермен назарына концерттік бағдарламаларын ұсынып, репертуардағы музыкалық қойылымдарды сүйемелдеу арқылы көркемдік деңгейінің артуына үлес қосты.
Сонымен қатар, театр ұжымы гастрольдік сапармен Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Алматы қалаларына барды.
Осы маусымда театр репертуары бойынша 165 спектакль сахналанып, жалпы 42 112 көрермен тамашалады.
Келесі маусымда да театр ұжымы көрермендерге жаңа премьералар мен шығармашылық жобаларды ұсынуды жалғастырады.
Өтетін күні/уақыты: 9 шілде, 19.00
Өтетін орны: Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры (Астана қаласы, Қ.Қуанышбаев көшесі, 8/1)
Аккредитация үшін: kazteatr@mail.ru
+ 7 705 9902595 (WhatsАpp)