Купить билет
Алматыға Қалибек Қуанышбаев театры гастрольдік сапармен келді
Барлық қойылым қара шаңырақ Әуезов атындағы ұлттық театрдың сахнасында қойылады.

Алматы қаласында Астанадан келген Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының гастрольдік сапары басталды.

Өнер сапарының алғашқы күні елордалық  театрдың өкілдері БАҚ өкілдерін шақырып, арнайы баспасөз мәслихатын өткізді.

2-8 мамыр аралығын қамтитын бір апталық сапар аясында театр Алматы жұртшылығына өз репертуарындағы үздік қойылымдарды ұсынбақ. Оның ішінде, Т.Әсемқұловтың «Құнанбай» драмасы (режиссері – Б.Ұзақов), М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясы (Режиссері – О.Жақыпбек, Ш.Мұстафина), О.Бөкейдің «Ұйқым келмейді» драмасы (режиссері – Б.Сұлтанғазы), Халифа Алтай, Хасен Оралтайдың «Алтайдан ауған ел» қойылымы (режиссері – Ф.Молдағали), А.Менчеллдің «Сен маған керексің» трагикомедиясы (режиссері – Ұ.Қарыпбаев), Н.Гәнжәуидің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасы (Б.Абдураззаков), Ғ.Мүсіреповтің «Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» музыкалық драмасы (режиссері – Г.Балпейісова),  С.Тұрғынбекұлының «Шәмші» элегиясы (режиссері – Б.Ұзақов), Р.Мұқанованың «Бопай ханым» (режиссері – Ж.Жұманбай) тарихи трагедиясы бар.

Гастрольдің ашылу алдында өткен баспасөз конференциясына театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Қуандық Қыстықбай,  режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов, актер, Қазақстан  Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Жанат Оспанов, театртанушы, театрдағы «Әдеби және ғылыми-қор» бөлімінің басшысы,  «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Мирас Әбіл қатысып, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Өнер ордасының көркемдік жетекшісі Қуандық Қыстықбай  Қаллеки театрының жай-күйі мен репертуарлық өзгерістері туралы кеңінен айтып өтті.

Белгілі режисстер Болат Ұзақов бүгінгі драматургия мен режиссура туралы ойын ортаға салды. Журналистің сауалына қарай жауап берген белгілі режиссер бүгінгі күнде «эксперимент жасаймын» деген желеумен классикалық жауһар дүниелерді түрлі өзгерістерге ұшырата беруге қарсымын деген пікірін айтып қалды. Оның пікірінше, кешегі асылды ертеңгі ұрпаққа қаз-қалпында саф алтындай сақтап жеткізу бірініші кезекте тұруы керек.

Жалпы, баспасөз мәслихаты театр тақырыбы төңірегіндегі мәселелерге қатысты жан-жақты пікір алмасу мен талқылауға ұласқандай әсерде өтті.

Айта кетейік, Алматыға арнайы келген Қаллеки ұжымы гастрольдік сапар шымылдығын кеше Таласбек Әсемқұловтың «Құнанбай» драмасымен ашты.

Елордалық театрдың барлық қойылымдары қара шаңырақ Әуезов атындағы ұлттық театрдың сахнасында қойылады.

Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы