Купить билет
Ұлттық мәртебеден үмітті ұжым

Ұлттық өнердің ұйтқысына айналған өнер ордасы – елордадағы Қаллеки музыкалық драма театры қашанда тың бастама, тосын жобаларымен көрерменін тәнті етуден танған емес. Бұл жолы да сол дәстүр жалғасты. Қазақ өнерінің қара нары Қалибек Қуанышбаевтың 130 жылдық мерейтойын театр ұжымы Наурыз мейрамы аясында тағылымды етіп тойлады.

25 сәуір күні қазақ кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Қалибек Қуанышбаевтың туғанына 130 жыл толды. Сахна саңлағының атын иеленіп, соның көшесінде орналасқан Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры дәл осы күні әз-Наурыз бен Халықаралық театр күні мерекелерін атап өтті.

Өнер ұжымы бес ауылға бөлініп, киіз үйлер тікті. Ұлттық тағамдар мен ұлттық ойын­дардан сайыстар, қолөнер шеберлерінің жарысы ұйым­дастырылды. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегендей, дүниеден өткен театр қызметкерлерінің рухына құран бағышталды. Театр үздіктеріне, қаллекиліктердің бірде-бір қойылымын қалдырмайтын көрермендерге, осы театрды насихаттайтын БАҚ өкілдеріне өнер ордасы басшылығы атынан алғыс хат тапсырылды. Үздіктерді құрметті қонақтар қатарындағы мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, Парламент депутаттары марапаттады.

Мәдениет және спорт ми­нистрі­нің орынбасары Нұрғиса Дәуешов соңғы үш жылда Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың өнерді қолдауының арқасында Қаллеки театры жаңа, еңселі ғимаратқа ие болып, техникалық жағынан жабдықталғанын атап өтті.

– Шын мәнінде, қазақты қолдайтын болсақ, алдымен театрымызды оңдасақ, театрда қойылатын бүкіл қойылымдарды жатқа білсек, қазақтың мәдениеті өседі, қазақтың ой-өрісі өседі, жалпы қазақ алға жылжиды, – деді мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі қаламгер Дархан Мыңбай.

Жазушы-драматург, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова, Мәжіліс депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан жылы лебізін жеткізді. Академик, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы қазақ театрын құрған Алаш ардақтыларының еңбектерін театр музейіне сыйға тартты. Соның ішінде Қызылордада қазақ театрын ашқан Смағұл Сәдуақасұлының, ұлттық театрда сахналанған алғашқы «Алтын сақина» пьесасының авторы Қошке Кемеңгерұлының кітаптары бар. Ресми бөлімді түйіндеген Қ.Қуаныш­баев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының директоры Айболат Жаудыр Қаллеки театры ұлттық мәртебеге лайық екенін, осы атақтан үмітті екенін айтты.