Рус Қаз Eng

Бейсембаев Ерлан Ғабитұлы

Бас дирижер

Бейсембаев Ерлан Ғабитұлы 1978 жылы 2 ақпанда Павлодар облысы, Железин ауданы, Үрлітөбе ауылында дүниеге келген.

1993 жылы Павлодар қаласындағы №18 орта мектепті тәмамдаған.

1993–1997 жж. П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледжінде «тромбон» мамандығы бойынша білім алған.

1997 жылы Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік  консерваториясына тромбон және опера-симфониялык дирижерлеу мамандығына оқуға түсіп, 1999 жылдан бастап оқуын Қазақ ұлттық музыка академиясында жалғастырып, 2003 жылы «опера-симфониялық дирижерлеу» мамандығы бойынша бітірді.

2003–2005 жж. Қазақ ұлттық музыка академиясының «Оркестрлік дирижерлеу» мамандығы бойынша аспирантурасында оқыған.

2007–2009 жж. Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығын тәмамдаған.

2017 жылдан бастап ол Ресей театр өнері университетінің (ГИТИС, Мәскеу қ.) «музыкалық театр режиссері» мамандығы бойынша білім алды.

Еңбек жолы:

2001 жылдан бастап әртүрлі өңірлік филармониялар мен оркестрлерде еңбек етті.

2002–2003, 2008–2009 жж. Астана қаласы Мемлекеттік филармониясының симфониялық оркестрінің дирижері.

2003–2007 жж. Қостанай қаласы Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармониясы камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері.

2004 жылдан бері Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының бас дирижері қызметін атқарып келеді.

Сонымен қатар, 2013 жылдан бастап Қазақ ұлттық өнер университетінде ұстаздық қызметпен айналысады. 2018 жылы «Вокалдық өнер және дирижерлеу» кафедрасының доценті атағын алған.

Театр оркестрінің құрылғанына 20 жылдан асты. Құрамында 50 музыкант бар. Оркестр — халықаралық байқаулардың бірнеше дүркін лауреаты. Репертуары қазақ халық әндерінен бастап классикалық симфониялық шығармаларға,  романстар мен джаз композицияларына дейінгі туындыларды қамтиды. Сонымен қатар оркестр опералардан үзінділерді, мюзиклдер мен заманауи саундтректерді де шебер орындайды.

Е.Бейсембаев – симфониялық, камералық, вокалдық және сахналық музыканың түрлі жанрларында кәсіби еңбек етіп жүрген білікті маман. Репертуарында И.Гайдн, П.Чайковский, И.Штраус, В.Моцарт, Дж.Верди, Ж.Массне, И.Брамс, А.Дворжак, Л.Бетховен сияқты әлемдік классик композиторлардың шығармалары мен қазақстандық авторлардың туындылары бар.

Бас дирижер ретінде А.Адан «Жизель», П.Чайковский «Щелкунчик», Дж.Верди «Риголетто», В.Моцарт «Фигароның үйленуі», И.Штраус «Жұбайлар жұмбағы» («Жарқанат»), Г.Канчелли «Гамарджоба», В.Ежов «Тыраулап ұшқан тырналар», Е.Жуасбек «Үйлену», И.Кальман «Кабаре жұлдызы» («Сильва»), Э.Шмитт «Хат», Е.Брусиловский «Қыз Жібек» сынды қойылымдардың музыкалық жетекшілігін атқарады.

Марапаттары:

Құрманғазы атындағы консерваториядағы жас дирижерлар байқауының лауреаты (1999 ж).

«Әлем санияз» I Халықаралық дирижерлар байқауының лауреаты (2000 ж).

Қазақ Ұлттық өнер университеті ректорының «20 жыл» мерейтойлық медалі иегері.

ҚР Мәдениет және ақапарат министрлігінің, қалалық және облыстық мәдениет басқармаларының Алғыс хаттары мен дипломдарының иегері.

«Жоғары біліктілік санаты» (2017 ж).

Оркестр ұжымы 2021 жылы Швецияның Стокгольм қаласында өткен «Aurora» халықаралық фестиваль-конкурсында екі номинация бойынша Гран-при және І орынға ие болды.

«Еңбек даңқы» төсбелгісі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.

Как часто вы посещаете наш театр?