«Қан мен тер»: сахнаға қайта оралған ұлт жады
Қазақ әдебиетінің алтын қорынан ойып тұрып орын алған Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы – алып-ұшқан уақыттың толқынына төтеп берген, ұлттың тарихи жадын, адам болмысының қайшылығын және қоғамның күрделі кезеңін бейнелеген кесек туынды. Жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, роман көтерген мәселелер өз құндылығын жоғалтқан емес. Осы құндылық пен тарихи шындықты жаңаша сахналық тілмен сөйлету – қазақ театр өнерінің парызы әрі пешенесіне жазылған міндет еді. Міне, сол міндетті Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры өз мойнына алып, театрдың 35-маусымын қорытындылаған айтулы премьера ретінде көрерменге ұсынды.
Кезінде аңыз режиссер Әзербайжан Мәмбетовтің қолтаңбасымен сахналанып, қазақ театр өнерінде ерекше із қалдырған «Қан мен тер» бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязовтың режиссерлік шешімімен жаңа тыныс алды. Ал инсценировка авторы, Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов романның күрделі құрылымын сақтай отырып, оның негізгі идеялық өзегін сахна тіліне сәтті бейімдей білген.
Үш кітаптан тұратын эпикалық шығарманы екі сағаттық спектакльге сыйғызу – оңай жұмыс емес. Дегенмен қойылымда романның басты философиялық арқауы жоғалмаған. Еламан, Ақбала, Тәңірберген секілді кейіпкерлер арқылы жеке адамның тағдыры ғана емес, тұтас халықтың тарихы, заманның қатал шындығы мен адамдық ұстанымның сынға түсуі әсерлі көрініс тапқан. Әлеуметтік теңсіздік, әділдікке ұмтылыс, билік пен жауапкершілік, махаббат пен сатқындық, қыз баласының тағдыры секілді мәңгілік тақырыптар бүгінгі көрерменге де жақын естіледі.
Қойылымның көркемдік шешімі ерекше назар аудартады. Сценограф әрі костюмдер бойынша суретші Қанат Мақсұтов сахналық кеңістікті артық детальдармен ауырлатпай, символдық шешімдер арқылы шығарманың атмосферасын дәл бере алған. Әрбір декорация оқиғаның эмоционалдық салмағын күшейтіп, кейіпкерлердің ішкі күйімен үндесіп жатады. Жарық қоюшы Азамат Бекбембетовтің жұмысы да спектакльдің драматургиялық ырғағын толықтырып, сахнадағы әр көріністің көңіл күйін айқындай түскен.
Композитор Қайрат Амангелдіұлының музыкалық көркемдеуі мен Асан Борончиновтың хореографиялық шешімдері қойылымның эмоционалдық қуатын арттыра түскен. Музыка мен пластикалық қозғалыстар кейіпкерлердің ішкі арпалысын сөзсіз-ақ жеткізіп, спектакльдің көркемдік тұтастығын қамтамасыз етеді.
Премьера қарсаңындағы баспасөз брифингінде актер Болат Ыбыраевтың: «Бұл – бір адамның емес, тұтас халықтың тағдыры. Кейде бір спектакльді көру бір кітап оқумен тең», – деген пікірі қойылымның мәнін дәл сипаттап бергендей. Расында да, сахнадағы әр көрініс көрерменді өткен ғасырдың басындағы тарихи оқиғаларға жетелеп қана қоймай, бүгінгі қоғам туралы да ойлануға мәжбүрлейді.
Премьераға жиналған көрерменнің ыстық ықыласы да қойылымның сәтті шыққанын аңғартты. Әдебиет пен өнер өкілдерінің жоғары бағасы, театрсүйер қауымның әсерлі пікірлері спектакльдің көркемдік деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Әсіресе сахналық безендіру, актерлер ансамблінің үйлесімді ойыны және режиссердің тың шешімдері көпшіліктің назарынан тыс қалмады.
«Қан мен тер» – өткенді еске салатын тарихи хроника ғана емес. Ол – өткеніңді танытып, бүгініңе шүкір еткізетін, жүрекке жол табатын рухани құбылыс. Сондықтан бұл қойылым тарихты қайталау үшін емес, бүгінгі қоғамды тереңірек түсіну үшін қажет. Әділдік пен ар-ождан, адамдық пен жауапкершілік мәселелері әр дәуірде де өз маңызын сақтай береді.
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының бұл премьерасы – ұлттық әдебиеттің ұлы туындысына деген құрметтің ғана емес, қазақ театр өнерінің жаңа ізденістерге дайын екенін көрсеткен маңызды мәдени оқиға болды. «Қан мен тер» сахнаға қайта оралып қана қоймай, көрерменнің жүрегінен тағы да ойып тұрып орын алды. Ал бұл – кез келген классикалық шығарманың ең үлкен жеңісі.
ЕНУ-нің 2 курс студенті Мадияр Айдарбекұлы

