Купить билет
Карина Зибагүл Жақсылыққызы

Карина Зибагүл Жақсылыққызы 1960 жылы 13 маусымда Қостанай облысы, Жанкелді ауданында дүниеге келген.

1967-1977 жылдары  Жанкелді аудандық мектебін тәмамдады.

1977-1979 жылдары Арқалық музыкалық  драма театрында актриса болып қызмет атқарды.

1979-1983 жылдары Алматыдағы театр және көркемсурет институтында оқып, кино және драма актері мамандығы бойынша бітіріп шықты.

1983-1988 жылдары Торғай облысының С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыка-драма театрында қызмет атқарды. 1985 жылы Тбилисиде өткен Ұлы Жеңістің 40 жылдығына арналған жас театрлар фестиваліне қатысқан Ә.Таразидің «Қыз махаббаты» спектаклінде Сәния рөлін бейнеледі.Осы театр сахнасында М.Кәрім «Тастама отты, Прометей!» – Агазия, Ә.Тауасаров «Махаббат аралы» – Айша, Ғ.Мүсірепов «Қыз Жібек» – Жібек, Т.Ахтанов «Күшік күйеу» – Алмушка және Ботка рөлдерін кескіндеді.

1985 жылы Мәскеу қаласында кәсіби біліктігін арттыру мақсатында профессор М.М.Гладков және Новохожиннен тәжірибе жинақтады.

1985 жылы Торғай облыстық мәдениет бөлімінің Құрмет Грамотасымен марапатталды.

1988-1995 жылдары С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыка драма театрын Жезқазған қаласына ауыстырғанда Жезқазған облыстық Қазақ музыка драма театрында қызмет атқарды. Осы театр сахнасында 1991 жылы Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектаклінде Жібек рөлін кескіндеді. 1992 жылы Республикалық Ғ.Мүсіреповтің мерейтойлық фестивалінде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклі ГРАН-ПРИ алып,  Баян рөлі үшін дипломмен марапатталды. 1993 жылы бұл спектакль Мысырдағы Халықаралық театрлар фестивалінде жоғары бағаланды.

1990 жылы Жезқазған облыстық облыстық мәдениет бөлімінің Құрмет Грамотасымен марапатталды.

1995 жылдан бастап елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында қызмет атқарып келе жатыр.

1996 жылы Уфада өткен Түркі тектес елдердің Халықаралық фестивалінде мәскеулік сыншылардың жоғары бағасын алған «Алдар Көсе» спектаклінде Дәметкен атты кейіпкерді кескіндеді.

«Сәлем, Астана!» Халықаралық фестивалінде режиссер Оразалы Ақжарқын-Сәрсенбек қойған «Қуыршақ» қойылымында өнер көрсетті.

«Алжир» спектаклінде ойнады.

Театр сахнасындағы рөлдері:

Ш.Айтматов «Ана–Жер–Ана» – Айша;

Ш.Құсайынов «Алдар көсе» – Дәметкен;

Қ.Жетпіспаев «Тойдан кейін» – Қатшатай;

Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» – Баян;

С.Балғабаев «Ғажайыптың қазынасы немесе қазақша күрес» – Ләйлә;

Ж.Файзи «Башмағым» – Жихан;

Ф.Буляков «Күйеуге шыққан кемпірлер» – Салима;

Ғ.Ғаппарова, М.Ғаппаров «Қуыршақ немесе қызғаншақ қыздардың кеші» – Сая;

У.Шекспир «Ромео мен Джульетта» – Леди Монтекки;

Т.Ахтанов «Күшік күйеу» – Алмушка, Ботка;

Б.Ұзақов «Үміт» – Әлия;

В.Дельмар «Баянсыз бақ» – Нэлли;

М.Әуезов «Қарақыпшақ Қобыланды» – Күнекей;

М.Әуезов «Қарагөз» – Текті құдағи;

Ә.Нұрпейісов «Қан мен тер» – Бәйбіше;

А.Цагарели «Гамарджоба» – Текле;

Т.Джюдженоглу «Көшкін» – Әйел;

Е.Жуасбек «Антивирус» – Фатима;

Ж.М.Шевре «Ізгілік формуласы» – Тереза;

Б.Минору «Әзәзіл» – Дәрігер;

Ә.Тарази «Үкілі жұлдыз» – Би;

Т.Теменов «Аққудың көз жасы» – Салиха апа;

Н.Гәнжауи «Ләйлі-Мәжнүн» – Ләйлінің анасы және Кемпір;

Т.Әсемқұлов «Құнанбай» – Генералдың әйелі;

А.Менчелл «Күзгі іңір» («Сен маған керексің») – Мильдрид;

 

Кино саласында сомдаған рөлдері:

1981 жылы С. Райбаев «Три дня праздника» – кинорежиссер көмекшісі,

1986 жылы Б.Мансұров «Сайтан көпір» – Қамқа, Малика;

1987 жылы О.Сүлейменов «Балкон» – Жанна,

1990-1991 жылы Киностудия «Катарсис» «Сұрапыл Сұржекей» – ауылнайдың әйелі,

2005 жылы Ә.Кекілбаев «Кек» – Хадиша,

2013 жылы Ф. Шарипов «Инопланетяне не причем» – Әйел рөлі,

2014 жылы 100 бөлімді ауқымды «Қара шаңырақ» телехикаясында Меруерттің анасы – Рыскүл Ахметовна,

2015 жылы Е.Рүстембековтың «Алтын ұя» телехикаясы – Анасы,

2016 жылы А. Дайырбеков, Е. Рустембековтің 100 сериялы «Айман-Шолпан» сериялы – Несібелі, т.б.

Зибагүл Жақсылыққызы телевизияда дубляж саласында 50 сериялы «Цветущие мечты» атты түрік фильмін қазақша сөйлетуге қатысты. Қазір ол Диснейленд шығарған анимациялық фильмдерінің дубляждарына қатысуда.

Қазақ ұлттық өнер университетінде «Вокал өнері» кафедрасында актер шеберлігі мен сөйлеу мәдениеті пәндерінен 8 жыл сабақ берді. Өз ісінің қыр-сырын меңгерген актриса дәріс берген шәкірттердің қатарында еліміздің атын әлемге танытып жүрген С.Байғожин, А.Жылтыргөзов бар. Өзге шәкірттері де республикалық, халықаралық байқауларда топ жаруда.

2007 жылдан бастап, «Нұр Отан» ХДП мүшелігіне өтіп, театрда партияның бастауыш ұйымын құрып, оның төрайымы болды. Партияның жұмысын насихаттаудағы белсенді қызметі үшін бірнеше рет «Алғыс хаттары» мен «Грамоталарымен» марапатталды.

2008 жылы Астана қалалық мәдениет департаментінің Құрмет Грамотасын иеленді.

2008 жылы елорданың 10 жылдығына орай «Астана» мерейтойлық медалімен марапатталды.

2010 жылы Республикалық кәсіподақ комитетінің Алғыс хатын иеленді.

2011 жылы Сарыарқа ауданы бойынша қалалық мәслихат депутаттығына кандидат болып ұсынылды.

2014 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

2015 жылы Елбасының «Алғыс хатымен» марапатталды.

2017 жылы Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің атынан «Алғыс хатпен» марапатталды.

2017 жылы театр саласында еңбек еткеніне 40 жыл толды.

2018 жылы мәдениет саласының дамуына қосқан үлесі үшін «Қазақ мәдениетінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

2019 жылы «Қоғамдық марапаттар жөніндегі Республикалық Кеңес» атынан «Қазақ мәдениетінің қайраткері» төсбелгісімен марапатталды.

2019 жылы «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісімен марапатталды.

2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және спорт басқармасының басшысы атынан «Алғыс хатпен» марапатталды.

2019 жылы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың атынан Алғыс хатпен марапатталды.

2020 жылы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.