Лейло Ақназарқызы Бекназар – танымал театр және кино артисі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» Ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры.
1977-81 жылдары Алматы көркем театр институтында драмалық «театр және кино артисі» мамандығы бойынша тәлім алды. КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Х.Бөкееваның шеберханасында шыңдалған Лейло Ақназарқызы 1981 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының құрамына алынды.
М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының сахнасында сомдаған рөлдері: Т.Ахтанов «Жоғалған дос» – Ғалия, С.Сматаев «Жұлдызым менің жоғары»-Шолпан, Б.Мұқай «Тоят түні»-Баян, М.Әуезов «Айман-Шолпан» – Шолпан, И.Ғайып «Мен ішпеген у бар ма?» – Әйгерім, «Шыңғыс хан» Құлан, У.Шекспир «Асауға тұсау» – Катарина, Б.Атабаев, А.Тасымбеков «Кебенек киген арулар» – Жания, Володин «Кесіртке» – Әнші, Е.Аманшаев «Сұлтан болсам егер мен» – Зарина, Е.Шварц «Күлше қыз» – Күлше қыз,Ш.Хусайнов «Үкілі Ыбырай» – Алтын, «Парсы аңыздары» – Зарина, М.Байжиев «Қалыңдық пен күйеу» – қалыңдық т.б. секілді сан түрлі рөлдер актриса шеберлігінің шындалуымен көрермендер көзайымына айналды. Талмас ізденімпаздығымен таланттар шоғырынан орын алған өнерпаз қарашаңырақта он сегіз жыл қызмет етті.
1996 жылы Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты атанды.
Ел астанасы Ақмолаға ауысып, әр саланың бетке ұстар мамандары күш біріктірген уақытта Лейло Бекназар-Ханинга 1999 жылы Нұр-Сұлтан қаласының әкімінің шақыруымен әрі ҚР Мәдениет Министірлігінің жолдамасымен Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына және М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрына қызметке келді.
Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына және М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрларында: А.Чеховтың «Ваня ағай» – Елена Андреевна; Ә.Нүрпейісов «Қан мен тер» – Ақбала; М.Әуезов «Қара Қыпшақ Қобыланды» – Қарлыға, «Айман -Шолпан» – Теңге; М.Шаханов «Шыңғысханның соңғы күндері» – Ақерке; Д.Исабековтың «Алтын тордағы тоты» – Актриса; Ж.Мольер «Тартюф» – Дарина;
Е. Жуаcбек «Үйлену»-Дерекгүл, «Сен үшін» – Әйел; Ж.М.Шевре «Ізгілік формуласы» – Маривонн, Р.Мұқанова «Сарра» – Сарра; Р.Мұқанова «Бопай ханым» – Бопай ханым;
Өнерді өмірлік серік еткен актрисаға 2001 жылы театр және кино өнеріне қосқан орасан үлесі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.
2002 жылы Қазақ Ұлттық музыкалық академиясында «Театр және режиссура» кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалып, кафедраның негізін қалады. – Профессор (ЖАҚ) қырықтан астам шәкірттері – Халықаралық байқаулардың лауреаттары, Қазақстан «Серпер» Жастар Одағы сыйлығының, Қазақстан Республикасы «Дарын» Жастар сыйлығының иегерлері.
2011 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.
2016 жылы еліміздің мәдени дамуына қосқан үлесі үшін «Парасат» орденімен марапатталды.
Д.Исабековтың «Алтын тордағы тоты» драмасындағы Актриса, А.Чеховтың «Ваня ағай» драмасындағы Елена Андреевна және М.Шахановтың «Шыңғысханның соңғы күндері» пьесасындағы Ақерке, Е.Жуасбектің «Сен үшін» комедиясындағы Әйел бейнесі, 2012 жылы Қостанай қаласында І.Омаровтың 100-жылдығына арналған Республикалық Театрлар фестиваліне Ж.М.Шевренің «Ізгілік формуласы» атты комедиямен қатысып «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясына ие болды.
«Халықаралық, республикалық фестивальдерінің жеті мәрте «Ең үздік актриса» жүлделерінің иегері. Мұндай жетістікке актриса қазақ және орыс тілдеріндегі спектакльдерде қатар ойнай беретін мүмкіндігінің, тума талантының арқасында жетті.
2018 жылы «Сахнагер» Ұлттық Театр жүлдесінің «Театр өнерінің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін» марапат иегері.
2019 жылы Алматыда 5-6 қыркүйекте драматург Р.Мұқанованың «Фариза» спектаклі М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында көрерменге ұсынылды. Режиссері – Ф.Молдағали. Л.Бекназар-Ханинга спектакльде Тағдыр рөлін сомдады. Аталмыш спектакль 31 қазанда Мәскеу қаласындағы «Современник» театрының сахнасында, 15-16 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында жоғары деңгейде өнер көрсетіп, құрметке ие болды.
Лейло Ақназарқызы басты рөлді сомдаған «Бопай ханым» /Реж: Ж.Жұманбай/ спектаклі 2021 жыл қорытындысы бойынша онлайн дауыс беру арқылы Мәдениет, өнер және спорт саласындағы үздіктерді анықтаған Тикетон жүлдесінің «Жыл спектаклі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
2021 жылы Лейло Ақназарқызының сахна және кинодағы 40 жылдық шығармашылығын қамтитын «Жұлдызым менің жоғары» кітабының тұсаукесері өтті.
2021 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясының иегері атанды.
2022 жылы «Қаллеки тынысы» премьералар апталығы аясында Р.Мұқанованың «Бопай ханым» /Реж: Ж.Жұманбай/ спектакліндегі Бопай ханым рөлі үшін Әшірбек Сығай атындағы «Сахна саңлағы» номинациясымен марапатталды.
«Қазақфильм», «Мосфильм», «Қырғызфильм» киностудияларында киноға түсті: «Күзет бастығы»-Күләш (реж: А.Тәжібаев),«Провинциальный роман»-Зарема (реж: М.Убукеев), «Стужа» – Гуля (көркемдік жетекші А.Кончаловский, реж:М.Омаров), «Ақ білек» – Тоқал (реж:К.Дүйсенбаев), «Бибол» – балалар үйінің директоры (реж:Т.Теменов), «Ана жүрегі» – Райгүл Ахметқызы (реж:С.Омаров), «Рауан» – Ханшайым (реж: С.Омаров), «Келінжан» – Күлімхан ене (реж:Е.Нұрғалиев), «Любовь.Надежда. Астана» – Мать (реж:И.Голубоков).
Лейло Ақназарқызы Бекназар – қазақ театр және кино өнерінің дамуына үздіксіз үлес қосып жүрген актриса, педагог, профессор ретінде елімізге кеңінен танымал тұлғаның бірі де бірегейі.