Чайкина Жанат Аңсабайқызы 1954 жылы 14 маусым күні Павлодар облысының Ертіс аудан орталығында дүниеге келген.
1961-1971 жылдар аралығында Павлодар қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы мектеп гимназиясында оқыды.
Мектепте Жанат көркемөнерпаздар үйірмелерінде ән айту, би билеу, өлең оқу, драмалық көріністерге қатысу, концерт, кештерді жүргізу сияқты барлық мәдени шараларға қатысты.
Сол кездегі трактор зауытының А. Шилер басқарған әйгілі халық хорының солисі, енді құрылған облыстық телевидениесінің дикторы болды. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, мектеп пионер ұйымын, кейіннен комсомол ұйымын басқарды. Осы қабілеттері үшін мектебі оны Алматыда өткен Республикалық жас өнерпаздар байқауына, Қазан, Ульяновск, Куйбышев, Мәскеу, Клинцы қалаларына, Бүкілодақтық «Артек» лагеріне жіберіп құрметтеді.
1971 жылы Ж.А. Чайкина Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияның «Актерлық» факультетіне Қазақстанның Халық артисі Ш. Жандарбекованың курсына қабылданды.
Жанаттың ең алғашқы рөлі әрі дипломдық жұмысы – В. Ежовтың «Бұлбұлдар түні» спектакліндегі Инга образы еді. Осы бір терең психологиялық, ішкі тартысқа толы Инганың рөлі болашақ актрисаның үлкен сахнагер болып қалыптасуына жол ашты.
1975 жылы Ж.А. Чайкина курстастарымен Талдықорған қаласында облыстық қазақ драма театрының шаңырағын көтеріп, үлкен табыстарға ие болды. Оған дәлел, 3 жылдан кейін театрдың астанамыз Алматыдағы есеп беру гастролінде Т. Ахтановтың «Күшік күйеуіндегі» – Ботка, «Әке мен баласындағы» – Әлия, А. Вампиловтың «Тұңғыш ұл» спектакліндегі – Нина, Ш.Айтматовтың «Арманым-Әселімдегі» – Әсел бейнелерін театр сыншылары жоғары бағалап, I-дәрежелі дипломмен марапаттады.
Әр қойылым сайын сахналық шеберлігін шыңдай білген Жанат қазақ және шетел классикалық шығармаларында да табиғи дарыны мен шығармашылық диапозонының кеңдігін байқатты.
М. Әуезовтің – Қарагөзі, Мағышы («Абай»), Қарашашы («Хан Кене»), Еңлігі, Жүзтайлығы («Түнгі Сарын»); Ғ.Мүсіреповтің (Ақан сері – Ақтоқты, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу») – Ақтоқтысы мен Баяны; Б.Майлиннің (Шұғаның белгісі)– Шұғасы; А.Чеховтың – Сонясы («Дядя Ваня»); У.Шекспирдің Катаринасы («Асауға тұсау»); К.Гольдонидің – Биатричесі («Слуга двух господ») – актрисаның өнер жолындағы шарықтау шыңдары десек қателеспейміз.
Осы қатарда «Қазақфильм» студиясының «Өтелмеген парыз» («Искупи вину») фильміндегі Алимаш пен «Қызғыш құс» («Бегущая мишень») фильміндегі Роза рольдерін де атауға болады.
1985 жылы Жанат Аңсабайқызы Алматыда өткен Республикалық «Жігер» жастар фестивалінде Р.Сейсембаевтың «Қазбектің оралуы» спектакліндегі Жанар ролі үшін арнайы дипломмен марапатталды.
Ол халық артистері – Н.Жантурин, Ә. Молдабековпен партнер болып, Совет Одағының Халық артисі, режиссер Ә.Мамбетовпен У.Шекспирдің «Асауға тұсау» спектаклінде басты рөл Катаринаның образын сомдау бақытына ие болды.
1991 жылы Ж.А.Чайкина Үкіметіміздің қаулысымен «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі» жоғары атағын алды.
1995 жылы ол Алматыда өткен І.Жансүгіровтың 100 жылдығына арналған Республикалық сайыста «Күйші» спектакліндегі Қарашаш рөлі үшін арнайы дипломды иеленді.
Жанат көркемдік кеңестің хатшысы, кәсіподақ ұйымының төрайымы ретінде әріптестерінің мұң-мұқтаждарын шешуге көп еңбек сіңірді. Сондықтан болар, театр ұжымы мен қала басшылары Жанат Аңсабайқызына үлкен сенім білдіріп, екі мәрте Талдықорған қалалық Кеңесінің депутаты етіп сайлады.
1996 жылы Ж.А. Чайкина Павлодар облыстық Ж. Аймауытов атындағы музыкалық драма театрына шақырылып, М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» спектакліндегі Шолпан рөлінде жерлестерімен алғаш рет қауышты.
1998 жылы ол Таразда өткен Республикалық VI театр фестивалінде «Күзеуде» спектакліндегі Торғын рөлі үшін, 2000 жылы Павлодарда өткен Республикалық VIII театр фестивалінде У.Шекспирдің «Сонеттері» үшін «Ең үздік әйел рөлі» және «Шығармашылық іздену» номинацияларын жеңіп алды.
Осы жылы Жанат Аңсабайқызы Павлодар облыстық А.П.Чехов атындағы орыс драма театрында Ф.Шиллердің «Мария Стюарт» спектаклінде Мария Стюарттың образын сәтті орындап, қала көрермендерін қуанышқа бөледі.
Ж.Аймауытов атындағы музыкалық театр болғандықтан, оның әншілік өнері де – романстар мен классикалық музыка кештерінде жаңа қырынан танылды.
Ж.А. Чайкинаның шығармашылық деңгейі биіктеп, сахнаға У.Шекспирдің «Король Лирдегі» – Корделия мен Шут, «Сонеттеріндегі» – Ақын, Еврипидтің «Медеясындағы» – Медея,А.П.Чеховтың «Чайкасындағы» – Заречная, Ш.Айтматовтың – «Ана – Жер Анасында» – Жер Ана образдары келді. Оның сомдаған бейнелерінде адамның Дара тұлғалығы, Азаматтық рухтың биіктігі, Махаббаттың құдіреттілігі ерекше жарқырай көрінді.
2004 жылы ол Қостанайда өткен XII Республикалық театр фестивалінде Еврипидтің «Медеясы» үшін «Ең үздік әйел ролі» номинациясын жеңіп алды.
Павлодарда Жанат Аңсабайқызы облыстық «Іскер әйелдер қауымдастығының» мүшесі ретінде көптеген қайырымдылық шараларға қатысты.
2008 жылы Жанат Чайкина – елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына шақырылып, бірден жаңа репертуардан орын алды.
Ш.Мұртаза мен О.Ақжарқын Сәрсенбектің «Алжир азасындағы» – Ғалия;
Грузин классикасының шебері А.Цагарелидің «Гамарджобасында!» – Ханума; Е.Жуасбек «Үйлену» – Дерекгүл Ерекшеевна; Қ.Жүнісов «Махаббат мелодрамасы» – Нұржамал; Ж.М.Шевре «Ізгілік формуласы» – Жанн; Ғ.Мүсірепов «Қыз Жібек» – Қамқа; М.Байжиев «Тіл табысқандар» – Болдыхан; А.Айларов «Сүрінген сүрбойдақ» – Дзерасса; «Ер Төстік» халық ертегісі – Ертекші; М.Әуезов «Қорғансыздың күні» – Әжесі; Т.Әсемқұлов «Құнанбай» – Генералдың әйелі; Х.Алтай, Х.Оралтай «Алтайдан ауған ел» – Балқия, Көш; Э.Шмитт «Хат» – Роза әжей;
2012 жылы Жанат Чайкина Қостанайда өткен Республикалық театр фестивалінде Ж. Шевренің «Ізгілік формуласындағы» Жанн ролі үшін «Ең үздік әйел ролі» номинациясын жеңіп алды.
Жанат Аңсабайқызы театрлар үшін бірнеше пьесаны орыс және қазақ тілдеріне аударған.
Әр жылдары Мәдениет министрлігінің, облыстық, қалалық мәслихаттардың мақтау грамоталарымен, арнайы дипломдармен марапатталды.
2012 жылы «Павлодар облысына – 75 жыл» мерейтойлық медалі табысталды.
2015 жылы «Құрмет» орденінің иегері атанды.
2016 жылы «ҚР еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
2021 жылы Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат тқызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.