Купить билет
Әспетова Гүлжан Жарылқасынқызы

1946 жылы  28 мамырда  Жамбыл  облысының, Мерке ауылында дүниеге келген.

1963 жылы Мерке ауылының орта метебін бітірген.

1963-1967 жылдары Алматыда Құрманғазы атындағы Өнер институтының театр факултетін А.Тоқпановтың сыныбында оқып бітірді.

1967 жылы дипломдық  жұмысында М.Әуезовтің «Қаракөз» туындысындағы Қаракөз рөлін сәтті орындап, Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына қызметке шақырылды. 1999 жылға дейін сол шаңырақта үзіліссіз еңбек етті.

Әйгілі режиссер, Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтың шақыруымен елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына келді.

 

Театр сахнасындағы рөлдері:

Қ.Мұхамеджанов «Бөлтірік бөрік астында» – Жәмила, Қ.Шаңғытбаев, Қ.Байсейітов «Беу, қыздар-ай!» – Күнсұлу, Қ.Мұқашев «Дала дастаны» – Мақпал, О.Бокеев «Құлыным менің» – Анар, т.б. рөлдерде шынайлығымен ерекшеленеді. Актрисаның ұлттық және әлемдік драматургия бойынша қойылған спектакльдерде сомдаған рөлдері:  М.Әуезов «Қаракөз» – Қаракөз, «Қара Қыпшақ Қобыланды» – Құртқа, Н.Хикмет «Фархад Шырын» – Мехменебану, Т.Ахтанов «Ант» – Бәтимә ханым, Л. Дюрко «Электра, сүйіктім менің» – Электра, У.Шекспир «Асауға тұсау» – Катарина, «Юлий Цезарь» – Кальпурния, Софокол «Эдип патша» – Иокаста, М.Булгаков «Жендеттер» – Мадлена, Д.Исабеков «Кішкентай ауыл» – Ардақ, «Ескі үйдегі екі кездесу» – Зейнеп, Ш.Айтматов «Ғасырдан да ұзақ күн» – Найман ана, А.Тасымбеков, Қ.Ысқақов, Б.Атабаев «Кебенек киген арулар» – Қазия, Р.Мұқанова «Мәңгілік бала бейне» – Ұзынғайша, Ш. Айтматов «Ана – Жер Ана» – Толғанай, «Ғасырдан да ұзақ күн» – Найман Ана, Ә. Сарай «Балуан Шолақ» – Балуаның анасы, Ф. Буляков «Күйеуге шыққан кемпірлер» – Фатима, В. Дельмар «Баянсыз бақ» – Люси Купер, Дж. Патрик «Қымбатты Памелла» – Памелла, Т. Джюдженоглу «Көшкін» – Бәйбіше, Ұ.Есдәулет «Зере» – Зере.

Фильмдегі рөлдері: «Қазақфильм» киностудиясының «Несібелі», «Тоғызыншы ұлдан қорық», «Жау», «Мосфильмнің» «Киттер кеткенде», «Ақ бақсы» көркем  туындыларында , «Еңлік-Кебек» телефильмдерінде басты рөлдерге түсті.

Марапаттары:

– 1981 жылдан «Қазақстанның еңбегі сіңірген  артисі»;

– 1993 жылы «Қазақстанның Халық артисі» құрметті атағына ие болды.

– 2014 жылы С.Майқанованың 100-жылдығына арналған Республикалық театрлар фестивалінде «С.Майқанова атындағы сыйлықты» иеленді.

-2015 жылы «Еңбек ардагері» атағын иеленді.

– 2015 жылы «Мемлекеттік степендия» иегері атанды.

– 2016 жылы Меркі қаласының «Құрметті азаматы» атанды.

– 2017 жылы Қазақстан Театрлар Ассоциациясы тағайындаған «Сахнагер-2017» тұңғыш ұлттық сыйлығының «Сахналық ғұмыр» атты арнайы аталымымен марапатталды.

– 2018 жылы «Астанаға 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

– 2018 жылы «SAMGAU» VI Халықаралық театр фестивалінде «Қымбатты Памелла» спектакліндегі Памелла рөлі үшін «Үздік актриса» номинациясына ие болды.

– 2019 жылдың мамыр айында  Қазақстанның Халық артисі,

актриса Гүлжан Әспетова қырғыз театр және кино актрисасы, КСРО Халық артисі Дәргүл Куюкованың 100 жылдығына арналған XI Республикалық фестиваліне арнайы шақырту алып, Қырғызстандағы қырғыз-түрік «Манас» университетінде шеберлік сыныптарын өткізді. Фестиваль аясында Толғанай рөлі үшін Қырғызстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және туризм министрлігінің «Дипломымен» марапатталып, Қырғыз Республикасы Театр Қайраткерлері Одағының Академигі құрметті атағына ие болды.

Сахнадағы, киноэкрандағы табысты өнерімен қатар, Г.Әспетова шәкірттер тәрбиелеуде елеулі еңбек етті. Ол Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің театр және режиссура кафедрасының профессоры болды.