Купить билет
Өтеуіл Нұркен Әшімханұлы

Өтеуіл Нұркен Әшімханұлы 1976 жылы 14 маусымда  Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Шошанай ауылында туған.

1994 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Мемлекеттік театр және кино институты «Драма және кино актері» бөлімінің  ҚР халық артисі Кәукен Кенжетаев пен Есім Сегізбаевтың шеберханасынан білім алды. Институт қабырғасында оқып жүріп, «Малиновкадағы той» спектаклінде Шал, «Пай-пай жас жұбайлар-ай» –  Қасым, «Алдар Көсе» – Алдар, «Үкілі Ыбырай» – Нұржан сынды рөлдерді кескіндеді.

1998 жылы Қазақстанның өнер қайраткері, профессор Қ. Жетпісбаевтың шақыруымен елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы  мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына жолдамамен қызметке шақырылды.

Театр сахнасындағы рөлдері:

Ғ.Мүсірепов «Қыз Жібек» – Шеге

М.Әуезов «Қанды азу» – Бораш

М.Әуезов «Қара Қыпшақ – Қобыланды» – Қараман

М.Әуезов «Еңлік –Кебек» – Көбей; «Абай» – Абай

М.Әуезов «Айман – Шолпан» – Көтібар

Ш.Айтматов «Ана – Жер-Ана» – Бекташ

Ш.Айтматов «Ғасырдан да ұзақ күн» – Әбутәліп

Ж.Мольер «Скапеннің айласы» – Скапен

Б.Ұзақов «Үміт» – Замир

У. Шекспир «Ромео мен Джульетта» – Бенволио, Меркуцио

Дж.Патрик «Қымбатты Памела» – Сол Бозо

М.Фриш «Дон Жуанның думаны» – Дон Жуан

Е.Жуасбек «Терең тамырлар» – Бас ағаш

Ә.Нұрпейісов «Қан мен тер» – Еламан

И.Штраус «Жұбайлар жұмбағы» – Генрих

У.Шекспир «Гамлет» – Гамлет

А.Вальехо «Күн сәулесі түспеген» – Марио

Ж.Ануй «Жалын жұтқан Жанна Д’Арк» – Король

В.Ежов «Тыраулап ұшқан тырналар» – Федоровский

А. Чехов «Шие» – Балташ

М. Әуезов, Қ. Ысқақ «Қараш-Қараш» – Жарасбай

С.Тұрғынбекұлы «Шәмші» – Шәмші

У.Шекспир «Отелло»  Яго

Абай «Жан» моноспектакль – Абай

К.Кизи «7+1» – Макмерфи

Д.Исабеков «Бөрте» – Шыңғыс хан

Т.Әсемқұлов «Құнанбай» – Байсал

Р.Мұқанова «Бопай ханым» – Жұмбақ

Х.Алтай, Х.Оралтай «Алтайдан ауған ел» – Ыбырайқа

М.Сервантес «Дон Кихот» – Санчо Панса

Нұркен Өтеуілов шығармашылық байланыста жұмыс істеген театр режиссерлері: Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мамбетов; КСРО Халық артисі, «Еңбек Ері» Асанәлі Әшімов; Қазақстанның Халық артисі Талғат Теменов; ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері – Әлімбек Оразбеков, Нұрлан Жұманиязов, Болат Ұзақов, Ю.Ханинга-Бекназар; Якутияның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей ұлттық театрларының арасында өтетін «Золотая маска» сыйлығының иегері – Сергей Потапов, режиссер Дина Жұмабай, Фархат Молдағали, италиялық режиссер Давиде Ливерморе, Әлібек Өмірбекұлы.

 

2001 жылы Ж.Мольер «Скапеннің айласы» комедиясындағы Скапен образы үшін  «Ең үздік ер адам бейнесі» номинациясына ие болды. \Қызылжар театр фестивалі\

«Шабыт» халықаралық фестивалінің «Актерлік өнер» номинациясы бойынша алғашқы жеңімпазы;

Қазақ өнері мен мәдениетіндегі еңбегі еленіп, 2000 жылы ҚР Жастар Одағы сыйлығының, 2006 жылы ҚР «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының, 2012 жылы  Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің Гран При арнайы сыйлығының иегері атанды.

2011 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын иеленді.

2012 жылы IV Орталық Азия Мемлекеттерінің Халықаралық Театрлар фестивалінде У.Шекспирдің “Гамлет” трагедиясындағы Гамлет бейнесі үшін “Ең үздік ер адам бейнесі” номинациясын жеңіп алды.

2015 жылы Өтеуіловтер жанұясы бірнеше кезеңдерден тұратын

«Өнерлі отбасы» тележобасында жеңімпаз атанды.

2016 жылы Нұркен Өтеуілов Марио атты басты кейіпкерді сомдаған

А.Вальехоның «Күн сәулесі түспеген» психологиялық драмасы «СHELoBEK  ТЕАТРА» ІV Халықаралық кіші форм театр фестивалінде халықаралық театр сыншыларының назарына ұсынылып, жоғары бағаға ие болды.

2016 жылы Қазақстан драма театрларының XXIV республикалық

фестивалінде  А.Чеховтің «Шие» комедиясы «Үздік спектакль» номинациясын, Орталық Азия мемлекеттерінің VI халықаралық театр фестивалінің «Гран-При» жүлдесін жеңіп алды.  2017 жылы РФ Челябі қаласындағы «СHELoBEK  ТЕАТРА» V Халықаралық кіші форм театр фестивалінде және Татарстан Республикасында Түркі халықтарының XIII «Наурыз» Халықаралық театр фестивалінде сахналанып, халықаралық сарапшылардың жоғары бағасын алды. Нұркен Өтеуіл спектакльде басты рөлдердің бірі Балташ бейнесін кескіндеді.

2017 жылы Жанат Хаджиев атындағы І аймақтық театрлар

фестивалінде А.Вальехоның «Күн сәулесі түспеген» психологиялық драмасындағы Марио рөлі үшін «Жанат Хаджиев атындағы арнайы номинация» иегері атанды.

2018 Абай «JAN» моноспектаклін ұсынды. Режиссері – Ф.Молдағали.

2018 жылы Нұркен Өтеуіл басты рөлді сомдайтын С.Тұрғынбекұлының «Шәмші» спектаклі 27 наурыз – Халықаралық театр күні мерекесіне орай  ұйымдастырылған «Алтын шымылдық» сыйлығының «Жыл көзайымы» номинациясымен марапатталды.

2018 жылы «Astana Film Academy» ұйымдастырған «Мәдениет мақтанышы – 2018» сыйлығының «Үздік актер» номинациясымен марапатталды.

2019 жылы «Сахнагер» Ұлттық театр сыйлығының «Үздік актер» номинациясына ие болды.

2021 жылы Түркістан музыкалық драма театрының арнайы шақыруымен Д.Исбековтың «Бөрте» спектаклінде Шыңғыс хан рөлін сомдады. Режиссері – белгілі италиялық режиссер Давиде Ливерморе (Davide Livermore)

2022 жылы «Қаллеки тынысы» премьералар апталығы аясында М.Сервантестің «Дон Кихот» спектакліндегі Санчо бейнесі үшін Шәміл Жүніс атындағы «Үздік екінші пландағы артист» номинациясымен марапатталды.

Әлемдік кинотуындылардың кейіпкерлерін қазақ тіліне дыбыстау

арқылы дубляж саласының дамуына өз үлесін қосып келеді.