Мұражай

Қаллеки мұражайы
Театр мұражайы 2021 жылы 18 желтоқсанда, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген, театрымыздың 30 жылдығына орай ашылған. Мұражайды театрдың алғашқы директоры Торғауыт Шахзадин және КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов ашқан еді.
Бүгінде ұлттың рухани қажеттілігін өтеп отырған бұл киелі шаңыраққа дарынды өнер қайраткерлері – Жақып Омаров, Қадыр Жетпісбаев, Әзірбайжан Мәмбетовтер жетекшілік еткен. Жалпы, мұражай театрдың негізін қалаушылары Жақып Омаров, Қадыр Жетпісбаев, Әзірбайжан Мәмбетов, Әшірбек Сығай сынды тұлғаларға арналған.
Қазіргі таңда мұражайда 200-ге жуық жәдігер бар. Ең көне жәдігерлер қатарына театр шымылдығы алғаш ашылғанда қойылған Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» спектакліне арнайы тіктірілген Ақтоқтының көйлегі, камзолы және бөрігі жатады. Сонымен қатар Қалибек Қуанышбаевтың аса таяғы – музейдің ерекше жәдігерлерінің бірі.
Мұражайда театрымыздың ашылуы туралы құжаттар, әртістер мен негізін қалаушы тұлғалардың фотосуреттері, костюмдері, жеке заттары, дипломдары, марапаттары, медальдары, сондай-ақ ескі бағдарламалар мен билеттер көрермен назарына ұсынылған.