Әспетова Гүлжан Сатымбекқызы 1946 жылы 28 мамырда Жамбыл облысы, Мерке ауылында дүниеге келген. 1963 жылы туған ауылындағы орта мектепті бітіріп, сол жылы Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Өнер институтының театр факультетіне оқуға түседі. Театр өнерінің көрнекті өкілі, режиссер Асқар Тоқпановтың шеберханасында білім алып, 1967 жылы оқуын үздік аяқтайды.
Оқу бітірген жылы дипломдық жұмысы ретінде М.Әуезовтің «Қаракөз» пьесасындағы Қаракөз рөлін жоғары деңгейде орындап, сол кездегі ел астанасы – Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына қызметке шақырылады. Осы өнер ордасында 1967 жылдан 1999 жылға дейін табан аудармай еңбек етіп, ұлттық және әлемдік классиканың көптеген шығармаларында басты және күрделі рөлдерді жоғары кәсіби деңгейде сомдайды.
1999 жылдан бастап, әйгілі режиссер, Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің арнайы шақыруымен елордаға қоныс аударып, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында шығармашылық жолын жалғастырды.
-
Театр сахнасындағы басты рөлдері:
-
М.Әуезов – «Қаракөз» (Қаракөз), «Қара Қыпшақ Қобыланды» (Құртқа)
-
Қ.Мұхамеджанов – «Бөлтірік бөрік астында» (Жәмила)
-
Қ.Шаңғытбаев, Қ.Байсейітов – «Беу, қыздар-ай!» (Күнсұлу)
-
Қ.Мұқашев – «Дала дастаны» (Мақпал)
-
О.Бөкей – «Құлыным менің» (Анар)
-
Н.Хикмет – «Фархад – Шырын» (Мехменебану)
-
Т.Ахтанов – «Ант» (Бәтимә ханым)
-
Л.Дюрко – «Электра, сүйіктім менің» (Электра)
-
У.Шекспир – «Асауға тұсау» (Катарина), «Юлий Цезарь» (Кальпурния)
-
Софокл – «Эдип патша» (Иокаста)
-
М.Булгаков – «Жендеттер» (Мадлена)
-
Д.Исабеков – «Кішкентай ауыл» (Ардақ), «Ескі үйдегі екі кездесу» (Зейнеп)
-
Ш.Айтматов – «Ғасырдан да ұзақ күн» (Найман ана), «Ана – Жер Ана» (Толғанай)
-
А.Тасымбеков, Қ.Ысқақов, Б.Атабаев – «Кебенек киген арулар» (Қазия)
-
Р.Мұқанова – «Мәңгілік бала бейне» (Ұзынғайша)
-
Ә.Сарай – «Балуан Шолақ» (Балуанның анасы)
-
Ф.Буляков – «Күйеуге шыққан кемпірлер» (Фатима)
-
В.Дельмар – «Баянсыз бақ» (Люси Купер)
-
Дж.Патрик – «Қымбатты Памелла» (Памелла)
-
Т.Джюдженоглу – «Көшкін» (Бәйбіше)
-
Ұ.Есдәулет – «Зере» (Зере)
Кинодағы рөлдері:
-
«Қазақфильм»: «Несібелі», «Тоғызыншы ұлдан қорық», «Жау»
-
«Мосфильм»: «Киттер кеткенде», «Ақ бақсы»
-
Телефильм: «Еңлік-Кебек»
Марапаттары мен жетістіктері:
-
1981 жыл – «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі»
-
1993 жыл – «Қазақстанның Халық артисі»
-
2014 жыл – С.Майқанованың 100 жылдығына арналған фестивальдің арнайы жүлдесі
-
2015 жыл – «Еңбек ардагері» медалі және «Мемлекеттік степендия» иегері
-
2016 жыл – Мерке қаласының «Құрметті азаматы»
-
2017 жыл – «Сахнагер-2017» ұлттық сыйлығының «Сахналық ғұмыр» аталымымен марапат
-
2018 жыл – «Астанаға 20 жыл» медалі
-
2018 жыл – «SAMGAU» халықаралық театр фестивалінде «Қымбатты Памелла» рөлі үшін «Үздік актриса» номинациясы
-
2019 жыл, мамыр – Қырғызстанда өткен Дәргүл Куюкованың 100 жылдығына арналған фестивальге арнайы шақырылып, Толғанай рөлі үшін Қырғыз Республикасы Мәдениет министрлігінің Дипломымен марапатталды және Қырғыз Театр Қайраткерлері Одағының Академигі атанды
-
Актриса Гүлжан Әспетова қырғыз театр және кино актрисасы, КСРО Халық артисі Дәргүл Куюкованың 100 жылдығына арналған XI Республикалық фестиваліне арнайы шақырту алып, Қырғызстандағы қырғыз-түрік «Манас» университетінде шеберлік сыныптарын өткізді. Фестиваль аясында Толғанай рөлі үшін Қырғызстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және туризм министрлігінің «Дипломымен» марапатталып, Қырғыз Республикасы Театр Қайраткерлері Одағының Академигі құрметті атағына ие болды.
Сахнадағы, киноэкрандағы табысты өнерімен қатар, Г.Әспетова шәкірттер тәрбиелеуде елеулі еңбек етті. Ол Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің театр және режиссура кафедрасының профессоры болды.