Билет сатып алу
Театр тарихы

 Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры

Таңғажайып театр!..

Иә, шынында да, ғажайып әлем емес пе, ұлы мәртебелі театр өнері! Тыныққыңыз, тазарғыңыз келсе, ойға шомып, қиялға батқыңыз келсе, өнерді аңсарыңыз бек ақиқат. Міне, ылғи да өз көрермендерін эстетикалық, рухани-мәдени ләззатқа кенелтіп келе жатқан осынау кіршіксіз де киелі дүниежүзілік театр өнерінің тылсым кереметтерінің нағыз жан дауасына айналғанына үш мың жылдың бедері болыпты. Сол таңғажайыппен көрісіп-тілдесу үшін ұлы өнердің нұрлы да сырлы сахнасы қазақ театрының ғажайып әлеміне саяхат жасап көрелік…

Әшірбек Сығай

 

Отыз жылдан астам мәдени ғұмыр кешкен қазақтың Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театры тек елорда жұртшылығына ғана емес, алыс-жақын шет елге кеңінен танымал. Театрдың шығармашылық жолы жайлы жазылған еңбектер саны да біршама. Қаллеки театрының алғашқы қаз тұрған күндерінен бастап, оның жарқын болашағы жөнінде жанашырлық пікір айтпаған зиялыларымыз кемде-кем. Ә.Сығай, Е.Жуасбек, Б.Нұрпейіс, С.Әбединова сынды театр зерттеушілері театрдың тарихы және оның режиссерлері мен артистері жөнінде арнайы зерттеу кітаптарын жазды.

Өңірдегі театр өнерінің бұдан кейінгі тарихы Сәкен Сейфуллиннің 1917 жылдың сәуірінде қоғамдық-саяси және мәдени мақсат көздеген «Жас қазақ» ұйымымен жалғасты. Жалынды жастар мен қайраткерлердің белсене араласуымен жұмыс қарқынды дамып, «Бақыт жолында» драмасы жазылды. Шығарма 1918 жылы 1 мамырда көрермен назарына ұсынылған. Нәтежиесінде 1919 жылы Ақмолада облыстық орыс-қазақ театры ашылды. Бұл өнер ордасының құрылуына Сәкеннің өзі де, жұртты дүр сілкіндірген алғашқы драмасы да айрықша ықпал еткен еді. Театр үшінші желтоқсанда шымылдығын түргенімен, тұрақты сахнасы болмады. 1923 жылы  Халық үйі деп аталған мәдени ошақтар шоғырланған ғима­ратқа көшірілді. Елдің қуанышы көпке ұзамай, араға жеті жыл салып бұл ғимарат отқа оранды. Осының салдарынан  театр да жұмысын тоқтатқан болатын.

Ел басына қилы заман орнап, алапат соғыс күтіп тұр еді. Ер-азамат түгел майданға аттанды. Қанды қырғынға аттану міндеті театр актерлерін де айналып өтпеді. 1942 жылы жау қолында қалған Ворошиловградтан театр көшіп келді, көп ұзамай тұрақ­тамастан Махачкалаға кетеді. 1943 жылы облыс басшы­лығының шешімімен орыс-қазақ театры қайта құрылды. Бұрынғы қыздар семинариясы болған ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, театр меншігіне өтеді. Соғыс аяқталған соң, өзін-өзі қаржылай ақтамады деген себеппен қазақ труппасы таратылған. 1955 жылы театрға жазушы Максим Горький есімі беріліп, қазіргі ғимаратқа біржола орнықты.

Араға жылдар салып, 1989 жылы Целиноградтан қазақ театрын ашу туралы «Қазақ тілі» қоғамына хат жазылды. 1990 жылы 10 мамырда Целиноград қаласында «Тіл және мәдениет» атты облыстық қазақ қоғамы құрылды. Аталмыш қоғамның ең маңызды мақсаттарының бірі ұлттық драма театрын ашу болды. Мақсатқа жету жолында түрлі кедергілерге қарамастан, 1990 жылғы 28 шілдеде облыстық атқару комитетінің қазақ музыкалық драма театрын құру туралы шешімі шықты.

1991 жылғы 15 қарашада театр шымылдығын Ғабит Мүсі­репов­тің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясымен ашты. Алғашқы қойылымды театрдың негізін қалаушы, дарынды режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Д.Попов атындағы алтын медальдің иегері Жақып Омарұлы сахналады. Руханиятқа сусап жүрген жұртшылық «Тың игерушілер» сарайына ағылып, 1609 орындық көрермен залы лық толды.

1993 жылы Мәдениет министрлігінің орынбасары Әшірбек Сығайдың ұсынысымен, Қалибек Қуанышбаевтың 100 жылдығы құрметіне орай театрға есімі берілді.

Елордадан алғаш рет қазақ театрын ашқан Ж.Омарұлының ересен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында аталған ұжым өмірге келді. Жер-жерлерден мамандар шақырып, үлкенді-кішілі актерлердің басын қосуда Жақып Омарұлының атқарған еңбек өлшеусіз болды.

Орыстанған жерде қазақ театрын ашуға бар күш-қуатын сарп еткен көркемдік жетекші алдымен театр труппасын жинақтауды қолға алды. Ең алдымен шақыртылғандар: Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артистері Ш.Жүнісов, Р.Омарханова, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Р.Баймағанбетов, Г.Рәшқалиева, Қ.Кемалов, Б.Кемалова, М.Байсарина, Т.Атымтаева, Б.Исабекова, С.Омаров, С.Қайыржанова, А.Әбекова, Н.Танабаев, Қ.Жұмашев, Б.Ыбраев, А.Сұлтан болды. Театрдың директоры болып Торғауыт Шахзадин бекітілді.

1992 жылы қараша айында театр ұжымы Алматыда өткен сөз зергері Ғ.Мүсіреповтің 90 жылдығына арналған Қазақстан театрларының фестиваліне шақырту алып, алғаш рет лауреат атанды.

Театр басшысы Жақып Омарұлы ең алдымен театр репертуарының қалыптасуына ерекше көңіл бөлді.  Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясының ізімен Ә.Тауасаровтың «Махаббат аралы» (1992), С.Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» (1992), Қ.Ысқақовтың «Шырғалаң» (1992), Қ.Мұхамеджановтың «Біз періште емеспіз», О.Бөкейдің «Құлыным менің» (1993), М.Шахановтың «Танакөз» (1993) спектакльдері жалғасын тапты. С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» (1994), Ш.Құсайыновтың «Алдар Көсе» (1994), Ш.Айтматовтың «Ана – Жер ана» (1991), О.Бодықовтың «Айналдым, Ақмаңдайлым» (1995), Ш.Бошбековтың «Темір қатын» (1995), С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» (1996) т.б. спектакльдер театрдың алғашқы жылдарындағы жетістіктері болды.

Театр 1996 жылы 31 мамыр күні Уфа қаласындағы түркітілдес театрлардың «Туғанлық» ІІ халықаралық фестиваліне Ш.Құсайыновтың «Алдар Көсе» музыкалық комедиясымен қатысып, үш номинация бойынша жүлдегер атанды: «Өнерді дамытудағы ерен еңбегі үшін» режиссер Ж.Омарұлы, «Үміт» жүлдесі жас ұжымға, «Екінші кезектегі үздік ер кісі» номинациясы Шығай хан рөлі үшін актер Ш.Жүніске берілді. Өкінішке орай, театрдың негізін қалаушы Ж.Омарұлы осы сапарда мәңгілік мекеніне аттанды. Сахна төрінде өз театрының тағдыры жайлы шешіле сөйлеп тұрған суреткердің мезгілі жетіп, жүрек талмасынан бұл фәнимен қоштасқаны әлі де жұрт жадында.

Өз халқына рухани азық болып отырған ұжымға кезінде Ж.Омарұлынан кейін Қазақстанның Халық артисі Қадыр Жетпісбаев мол еңбек сіңіріп, зор білімдарлықпен жетекшілік етті. Ол өзінің әріптес досы Ж.Омарұлы ұстанған шығармашылық бағытын барынша дамытуға қыруар күш жұмсады. Жас мамандар тартты, жақсы-жақсы қойылымдар түзді. 1997 жылы Қ.Рақымбайұлы Талдықорғаннан Б.Ұзақов, М.Қапалов, С.Көкенова, Алматыдан Е.Малаев, А.Сатыбалдина, Ш.Мұқышева, И.Зейнуллаевтар бастаған Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының сол жылғы түлектерін қабылдайды. Театрда небәрі 2 жыл жетекшілік етсе де, Қ.Жетпісбаев театрдың орта буын актерлерінің болашағына жол ашқан бірден-бір ұстаз-режиссер ретінде театр тарихында аты қалды. Көзінің тірісінде 1998 жылы «ҚР Халық артисі» құрметті атағымен марапатталған Қ.Рақымбайұлы ұжымның кәсіби жағынан кемелдене түсуіне едәуір қайрат көрсетті.

1999 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың арнайы шақыртуымен белгілі режиссер, Халық қаһарманы Ә.Мәмбетов театр тізгінін қолға алып, көркемдік жетекші болып тағайындалды. Ә.Мәдиұлының театрда еңбек еткен жылдары ұжымның шығармашылық өсуінің алтын кезеңі болды. 1999-2008 жылдары режиссер Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», М.Әуезовтің «Қарагөз», Ф.Эрвенің «Түлкі бикеш», В.Дельмардың «Баянсыз бақ», Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай», Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн», «Ана – Жер Ана», І.Жансүгіров, С.Назарбекұлы, А.Чеховтің «Ваня ағай», Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» спектальдерін сахналады.

Ә.Мәдиұлы ақтық демі біткенге дейін ұжымның кәсіби деңгейден титтей де төмендемеуіне бар күшін салды. Үлкен-үлкен салиқалы шығармалар сахна төріне шықты. Мәмбетов қолтаңбасы, Мәмбетов өнегесін көрген артистер әлі күнге дейін ұлы режиссердің мектебін көргендерін үлкен сағынышпен, зор құрметпен еске алады.

Ә.Мәмбетовпен бірге ұжымға қызметке келген Қазақстанның Халық артистері Г.Әспетова, Т.Мейрамов, еңбек сіңірген артистер Л.Бекназар-Ханинга, Ж.Мейрамова, Н.Тәшімова, А.Омар осы театрдың аға буыны және жол көрсетер шамшырағы іспетті.

Осындай үлкен режиссерлердің бастамасымен негізі қаланған театр тек өз жерімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерді де бағындыра бастады. 1999 жылы Каир қаласында өткен дүниежүзілік театрлар фестиваліне қатысса, 2000 жылы Германия Федеративтік Республикасының үлкен бес қаласына гастрольдік сапарға шықты. 2001 жылы Ресей Федерациясының Омбы қаласында Астана қаласы театрының онкүндігін өткізді. 2002 жылы Астана қаласының Мәскеуде өткен өнер күндерінің аясында Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклімен «Моссовет» театр сахнасында өнер көрсетті.

2008-2013 жылдары театр директоры әрі көркемдік жетекшісі қызметін атқарған театртанушы, өнертану ғылымдарының кандидаты Жуасбек Еркін Тілеуқұлұлы ерен еңбек етті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Б.Ұзақов, Н.Жұманиязов, Ә.Оразбеков сынды режиссерлермен шығармашылық бірлестікте болып, театрдың ішкі тәртібін орнатуда, репертуарын құруда, ұжымның шығармашылық жетістіктерге жетуіне зор үлес қосты. Театрдың академиялық атақ алуына тікелей қатынасып, күш салуының арқасында 2011 жылы 14 желтоқсанда Театр ұжымына «академиялық театр»  мәртебесі берілді.

2014-2020 жылдары театрдың көркемдік жетекшісі қызметін ҚР Халық артисі Талғат Теменов  атқарды. Театр осы жылдары Ресей Федерациясына бірнеше мәрте гастрольге шығып, фестивальдерде топ жарды. Театрға зиялы қауым өкілдері жиі ат басын бұрып, өнер ордасы одан әрі жандана түсті. А.Абушахманов, С.Потапов, Б.Абдураззаков сынды шет елдік режиссерлердің театрға қадам басып,  көркемдік деңгейін өсірер қойылымдар тудырғанына сол кездегі театр директоры Жаудыр Айболат Жанғалиұлының атқарған еңбегі орасан зор.

Қилы кезеңдерден өткен театр ұжымының көкірегін кернеген бір мұң сахнаның тарлығы еді. Омаровтан бастап театр тізгінін ұстаған азаматтардың арманы жаңа ғимараттың бой көтеруі болатын. Ұжым болып күткен күн туды. Арқа төрінде ақ түйенің қарны жарылды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен елорданың асқақ сәулетіне сән берер жаңа театр ғимараты бой көтерді. Осы айтулы оқиғаны өнерсүйер қауым мемлекетеміздің өнерге деген айрықша қамқорлығы деп қабылдады. Өнерге деген шексіз адалдық пен жанкештіліктің арқасы болса керек, театр ұжымы үшін соңғы үлгіде жасақталып, әлемдік архитектураның озық жетістіктері пайдаланылған еңселі ғимарат есігін айқара ашты.

2020 жылы театрдың көркемдік жетекшісі болып ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев тағайындалды. Театр жастарына суреткерлік еркіндік берілді. Театр қабырғасынан тұңғыш рет «QALLEKI театр-лабораториясы» құрылды. Лабораторияның мақсаты – шығармашыл жандар үшін байланыс ортасын құру және өнерге өзгеше көзқарас жасап, тың дүниелерді сахналау.

Театрдың бүгінгі жаңа басшысы А.Жаудыр мен оның көркемдік жетекшісі ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қ.Қыстықбаевтың алдында тұрған мақсаттар да салмақты.

Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының репертуары көнеден келе жатқан классикалық өнер туындыларын заманға сай жаңартып, жаңаша қойылымдармен толықтырып келеді. Мәселен, М.Әуезовтің «Абай», «Қорғансыздың күні», «Айман-Шолпан», Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн», «Қызыл орамалды шынарым», «Аққудың көз жасы», С.Тұрғынбекұлының «Мұқағали», «Шәмші», А.Дударевтің «Кеш», Дж.Патриктің «Қымбатты Памела», И.Штраустың «Жұбайлар жұмбағы», Э.Хушвақтовтың «Қызыл алма», Ш.Мұртазаның «Бір кем дүние», А.Вальехоның «Күн сәулесі түспеген», В.Ежовтың «Тыраулап ұшқан тырналар», М.Әуезов пен Қ. Ысқақтың «Қараш-Қараш», О.Жанайдаровтың «Жұт», А.Чеховтің «Шие», У.Шекспирдің «Отелло», Г.Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн», Ф.Болоньяның «Байланыс аясы», И.Кальманнің «Кабаре жұлдызы», Р.Кунидің «Туған күн», К.Кизи «7+1», Ұ.Есдәулет «Зере»,  Т.Әсемқұлов «Құнанбай», Р.Мұқанова «Бопай ханым», О.Бөкей «Ұйқым келмейді», М.Сервантес «Дон Кихот», Х.Алтай, Х.Оралтай «Алтайдан ауған ел» спектакльдері Елорданың мәдени өміріне нәр беруде.

Актерлік құрамында – 73 актер, оның ішінде 3 – «ҚР Халық артисі», 4 – «ҚР еңбек сіңірген артисі», 24 – «ҚР еңбек сіңірген қайраткері», 8 – ҚР «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, 10 – ҚР «Құрмет» ордені иегері 2 – ҚР Жастар одағы сыйлығының иегері, 4 – «Ерен еңбегі үшін», 7 – «Серпер», 6 –  «Жастар одағы», сыйлығының иегері медалінің иегерлері бар.

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры.

E-mail: kazteatr@mail.ru

Қосымша ақпарат үшін: + 7 /7172/ 27-02-35