Рус Қаз Eng
Нашар көретіндерге арналған нұсқа

Даутова Әлия Сайынқызы

Режиссер көмекшісі, Мәдениет саласының үздігі

Даутова Алия Саинқызы –  1965 жылы, 4 маусымда Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қарашеңгел ауылдық кеңесі, қазіргі Жалаңтөс ауылында дүниеге келген.

1972-1982 жылдары №103 қазақ орта мектебін аяқтап, бір жыл ауылда еңбек еткен.

1983-1985 жылдары Алматы облысы, Қаскелең мәдени-ағарту училищесінің «хор-дирижер» бөлімінде білім алған.

Еңбек жолын 1985 жылы Қызылорда облысы, Қазалы аудандық Мәдениет үйінде бастап, 1994 жылға дейін автоклуб меңгерушісі және аға әдіскер (методист) қызметтерін атқарды.

1994 жылдың қазан айында Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрына актер-әнші ретінде қабылданды.

2007 жылдан бастап Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында режиссер көмекшісі қызметін атқарып келеді. Осы уақыт ішінде театр сахнасында қойылған отандық және шетелдік 50-ден астам спектакльдің жүзеге асуына тікелей үлес қосты. Гастрольдік сапармен Германияның Мюнхен, Кельн, Франкфурт, Майн қалаларында, Польшада, Мәскеуде өнер көрсетті.

Отыз бес жылдық кәсіби тәжірибесі аясында театр сахнасында белгілі режиссерлермен жемісті шығармашылық байланыс орнатты. Олардың қатарында Халық қаһарманы – Әзірбайжан Мамбетов, Халық артисі – Талғат Теменов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Нұрқанат Жақыпбай, Әлімбек Оразбеков, Болат Ұзақов, Нұрлан Жұманиязов, Болат Құрманғожаев, Гүлсина Миргалиева, сондай-ақ шетелдік танымал режиссерлер – Өзбекстан өнер қайраткері В.Умаров («Қызыл алма», 2009 ж.), Башқұртстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Абушахманов («Жұт», 2016 ж.) бар. Әр қойылым алдында режиссер мен актер арасындағы байланысты үйлестіріп, шығармашылық тандемнің табысты болуына зор көңіл бөлетін, кәсібіне адал өнер иесі.Театрға қызметке келгеннен бүгінгі күнге дейін гастрольдік сапарлар, республикалық, халықаралық, қалалық театр фестивальдерінде де халыққа рухани қызмет атқаруда аянбай келеді. Шығармашылық ұжым ортасында биязы мінезі мен шығармашылық алғырлығы, әр актердің болмысын ашудағы өзіндік икемділігімен Әлия Сайынқызы жоғары деңгейде кәсіби еңбек етіп келеді.

Марапаттары: 2015 жылы наурыз айында Астана қаласы әкімі Ә.Жақсыбековтен Алғыс хат;

2015 жылы қыркүйек айында Қазақстан Республикасы Мәдениет және Спорт министрлігінен Алғыс хат;

2019 жылы  Қоғамдық марапаттар жөніндегі Республикалық кеңес төрағасы М.Тоқашбаевтан «Қазақ мәдениетінің қайраткері» құрметті атағымен марапатталды;

2020 жылы Астана қаласының мәдениет басқармасы басшысы Н.Сыдыковтан Алғыс хат иегері болды.

2021 жылы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

2025 жылы 21 мамыр Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекетіміздің мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Мәдениет саласының үздігі, режиссер көмекшісі – Әлия Дәутова «Құрмет» грамотасымен марапатталды.

2026 жылы 27 наурыз Халықаралық театр күні Театр өнеріне сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Театр Қайраткерлер Одағының «Дара»  медалімен марапатталды.

     Даутова Алия Саинқызы – Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрындағы еңбек жолын бастаған күннен-ақ өзін                       жан-жақты қабілетімен, кәсіби жауапкершілігімен және тынымсыз еңбегімен таныта білді. Театр ұжымының қалыптасу кезеңінен бастап оның шығармашылық дамуы мен өркендеуіне сүбелі үлес қосып, ортақ іске адалдықпен қызмет етіп келеді. Өз ісіне талапшылдықпен қарап, кәсіби біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында театрдың беделі мен шығармашылық әлеуетінің артуына елеулі еңбек сіңіріп жүр.

 

Біздің театрға қаншалықты жиі келесіз?