Билет сатып алу
«ОЛЖАС ЖӘНЕ ДОСТАРЫ» атты авторлық ән кеші

2024 жылдың 1 наурыз күні сағат 19.00-де Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында актер, композитор, Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Жақыпбек Олжас Дәлелханұлының «Олжас және достары»  авторлық ән кеші өтеді.

Олжас Дәлелхан 2012 жылы бас қаладағы Қаллеки театрына актер болып қабылданып, осы өнер ордасының сахнасында қойылған спектакльдерде үлкенді-кішілі рөлдерді ойнап, жұртшылықтың ықыласына бөленіп келеді. Көрермендер актерді театр сахнасындағы Жантық, Яго, Мәжнүн, Төлеген сынды көптеген рөлдерімен және «Туған елдің түтіні», «Көк тарландары», «Мұздағы жалын», «1286» телехикаяларында сомдаған басты рөлдері арқылы жақсы біледі.

Олжас Дәлелхан актерліктен бөлек, бірнеше фильмдерге саундтрек жазып, композиторлық қырымен де танылып жүрген жас артист.

Театр репертуарындағы «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясының композиторы әрі қоюшы режиссері. Сонымен қатар, «Құнанбай», «Алтайдан ауған ел» спектакльдерінің композиторы.

Олжас Дәлелханның шығармашылық ізденістері мен талантын байқаған өзге театрлар арнайы шақырып, спектакльдерінен үлкен  рөлдерді және композиторлық жұмыстарды сеніп тапсыруда.

Ізденімпаз артист бүгінгі күнде шетел фильмдерін қазақ тілінде сөйлетуде де еңбектер атқаруда:  «Жұлдызды соғыстар» – Кассиан, Андор, «Мұзды өлке» анимациялық фильмінде Кристоф, Люк Бессонның «Валериан және мың ғалам шаһары» – Валериан рөлдерін дыбыстаған. «Коко құпиясы», «Ральф интернетке қарсы», «Арыстан патша» т.б. анимациялық фильмдерінде басты кейіпкерлерді дыбыстады.

Қазіргі таңда Salem Social Media ұсынған Алишер Утевтің «1286» сериалының басты кейіпкері Аманның рөлін сомдап, көрермен тарапынан жоғары бағаға ие болды.

Кеште Олжас Дәлелханұлымен бірге театрдағы әріптестері және Ерден Жақсыбек өнер көрсетеді.