Билет сатып алу
ҚАЗАҚСТАН ДРАМА ТЕАТРЛАРЫНЫҢ XXX РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

ТЕАТР ФЕСТИВАЛІНІҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Өскеменде көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXX республикалық фестивалi аяқталды.
Фестиваль 2024 жылдың 1-5 қазан күндері аралығында Өскемен қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен және Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының ұйымдастыруымен өтті. Мәдени шара Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылық мұрасын насихаттау және оның eciмін ел есiнде мәңгi қалдыру мақсатында ұйымдастырылды.
Фестивальге 10 театр қатысты. Қойылымдарды белгілі театр сыншыларынан құралған қазылар алқасы бағалады. Оның ішінде, қазылар алқасының төрағасы, театр сыншысы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәния Қабдиева, театртанушы, өнертану кандидаты, профессор Меруерт Жақсылықова, театртанушы, балалар драматургі – Қуат Ежембек, театр және кино актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты – Алтынай Нөгербек, театр және кино актері, республикалық театр фестивальдерінің лауреаты Сергей Попов болды.
Іс-шараға театр және кино майталманы, «Отан» орденінің иегері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның Халық артисі Тілектес Мейрамов, мәдениет және өнер қайраткерлері, облыстық театр труппалары, Өскемен қаласының тұрғындары мен қонақтары және т.б. қатысты.
Фестивальде «Үздік спектакль», «Үздік режиссерлік шешім», «Үздік сценографиялық шешім», «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі», «Екінші пландағы үздік әйел адам рөлі», «Шығыс Қазақстан облысы әкімінің арнайы сыйлығы» және «Бердібек Соқпақбаев атындағы арнайы сыйлық» номинациялары бойынша жеңімпаздар мен лауреаттар анықталды.
Қазылар алқасының шешімімен «Үздік спектакль» номинациясы бойынша Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының «Болмаған балалық шақ» спектаклі (авторы: А.Елгезек, режиссері: Ә.Бидахмет), «Үздік режиссерлік шешім» номинациясы бойынша Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының «Қобыланды» спектаклі үшін режиссер Дина Жұмабай, «Үздік сценографиялық шешім» номинациясы бойынша Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрының «Қар қызы» спектаклі (авторы: О.Бөкей, режиссері: Д.Жұмабай, қоюшы суретші: Д.Алдабергенов) марапатталды.
«Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» номинациясына Республикалық академиялық неміс драма театрының «Wolgakinder» спектакліндегі (Авторы: Г.Яхина, Режиссері: А.Ганс-Куль) Васька рөлі үшін Зангар Ахметказы, «Екінші пландағы үздік әйел адам рөлі» номинациясына Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының «Мұғалім» спектакліндегі (Авторы: Қ.Мұрат, Режиссері: Д.Базарқұлов) Нариманның әжесі рөлі үшін Алихан Ыдырышева ие болды.
Сонымен қатар, «Шығыс Қазақстан облысы әкімінің арнайы сыйлығы» номинациясы бойынша Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрының «Қар қызы» спектаклі (Авторы: О.Бөкей, Режиссері – Д.Жұмабай), «Бердібек Соқпақбаев атындағы арнайы сыйлық» номинациясымен «Менің атым – Қожа» спектаклі үшін Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры марапатталды.