Бегімнұр Қалила, актриса: Театр маған кітап оқуды үйретті

Шын әртіс үшін театр – жан тыныштық табатын жеке әлем. Театр – оның мамандығы емес, жүрегіндегі дерт, жанындағы тыныс. Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актрисасы Бегімнұр Қалила – дәл сондай жан.
– Актриса болу бала күнгі арманыңыз ба, әлде бұл жолға кейіннен келдіңіз бе?
–Бүгінге дейін көптеген кейіпкерді сомдадыңыз. Солардың ішінде сіздің жаныңызға ең жақын, ерекше әсер қалдырған рөл қайсысы?
–Мен үшін сомдаған әр рөлімнің орны ерекше. Себебі әр рөлге қолдан келгенше күн-түн демей еңбек етемін, тер төгіп дайындаламын. Сондықтан әр рөлім – мен үшін бір төбе. Дегенмен ерекше есте қалған, әлі күнге дейін ізденіп жүретін кейіпкерлерім де бар. Мысалы, Астана мюзикл театрында жұмыс істегенімде «Ромео мен Джульетта» қойылымында Ромеоның анасы – Леди Монтеккидің рөлін ойнадым. Мюзикл болғандықтан, рөл вокалдық мүмкіндіктерге қарай бөлінді. Бұл рөл менің есімде ерекше сақталып қалды.
Гүлназ Балпейісова режиссерлік еткен «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» қойылымындағы Таңсық рөлі де мен үшін шығармашылық жағынан көп ізденіс пен еңбек талап еткен күрделі образ болды. Режиссер Әлібек Өмірбекұлы қойған «Дон Кихот» пен «Қыз Жібек» қойылымдарында көп сабақ алдым. Дәурен Серғазин ағамыздың режиссерлігімен өткен «Қыз жиырмаға толғанда» қойылымындағы Жібектің рөлі де мен үшін ерекше.
– Жаңа рөлге дайындалу барысында сіз үшін ең маңыздысы не? Кейіпкердің болмысын қалай зерттейсіз?
–Шығармадағы кейіпкер туралы берілген ақпаратты алдымен мұқият зерттеу маңызды. Содан соң сол бейнеге ұқсайтын адамды өмірден іздеймін. Оның қылығын, жүріс-тұрысын бойыма көшіруге тырысамын. Әрине, тек сырттай емес, өз ішкі түйсігіммен де кейіпкерге жан бітіруге тырысамын. Кейде кейіпкер туралы тек сырт келбеті сипатталса, соның негізінде ішкі жан дүниесін елестетемін. Керісінше, ішкі болмысы берілсе, сыртқы бейнесін өзімше құрастырамын. Осылайша, образ толық қалыптасады.
–Жас актриса ретінде өзіңіз үлгі тұтатын актер немесе режиссер бар ма? Неліктен дәл сол тұлға?
–Алысқа бармай-ақ өз театрымыздан бастайын. Маған сахнада әр рөлі ерекше әрі түрліше ашылатын Нұркен Өтеуіл қатты әсер етеді. Оның өнерін үнемі бақылап, үлгі аламын. Нұркен ағаның тума таланты мен Алла берген дарыны маған шабыт беріп қана қоймай, өз бойымда сондай нәрсе бар ма деп үңілуге итермелейді. Ол кісінің кейіпкерді қалай зерттейтіні, қалай жұмыс істейтіні – мен үшін өте қызық. Сонымен қатар Сырым Қашқабаев, Қуандық Қыстықбаев, Жасұлан Ерболат ағаларымыз бар. Актрисалардан – Сая Тоқманғалиева, Жанар Қасымова, Айнұр Жетпісбаева мен Инабат Әбенова… олар көп сол үшін тағы басқалары дейін. Бұл әртістердің әр рөлі – мен үшін үлкен сабақ. Қ.Қуанышбаев театры – мықтылар мекені. Әрқайсысының дарыны бір төбе. Осындай тұлғалармен бір сахнада жүру – мен үшін үлкен мәртебе.
Режиссерлерден сұрайтыным – сенім
– Актерлік мамандықтың сіз үшін ең күрделі әрі ең тәтті тұсы қандай?
–Актерлік мамандықтың мен үшін ең тәтті тұсы – премьера да, нәтиже де емес. Ең қызығы – спектакльге дайындық барысындағы процесс. Қиындығы мен қуанышы қатар жүретін сол уақыт, түйген ойларым, үйренген сабақтарым мен үшін өте құнды әрі қызықты. Әрине, әрбір әртіс үшін көрерменнің ыстық ықыласынан артық бақыт жоқ. Бірақ спектакль аяқталып, премьера соңына жеткенде ішімде бір қимастық пайда болады. «Осымен болды ма, бітті ме?» деген бір бос қуыс пайда болып, іштей құлазимын. Ал соған дейінгі дайындық кезеңі – ұйқысыз түндер, үздіксіз репетициялар, шаршау жанға ерекше ләззат сыйлайды.
– Театр сіздің өміріңізге қандай өзгеріс әкелді? Ол сізге нені үйретті деп ойлайсыз?
–Театр ең алдымен, менің өмірімде «саяхат» деген ұғымды ашты. Алғаш рет шетелге 2015 жылы Кореяға барып, өнер көрсетуге шықтым, бұл ерекше сезім болды. Одан кейін де Еуропа елдерін аралап, театрдың арқасында түрлі елдің мәдениетімен таныстым. Содан бастап әлемді тануға деген құлшыныс пайда болды. Саяхат арқылы ой-өрісім кеңейіп, адамдарға, өмірге деген көзқарасым түбегейлі өзгерді. Қазір де сол ұстанымды жалғастырып, қолымнан келгенше жаңа жерлерге баруға тырысамын.
Тағы бір үлкен өзгеріс – театр маған кітап оқуды үйретті. Мектеп кезінде кітап оқу маған жат болатын. Қазір уақытым болса, міндетті түрде кітап оқуға тырысамын.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз? Театрдан тыс қызығушылықтарыңыз бар ма?
–Бос уақытымда парк аралап, жаяу немесе велосипедпен серуендегенді ұнатамын. Егер уақытым көп болса, жоғарыда айтқанымдай, саяхаттап кетемін. Бір қызық әдетім бар: театрдан бос кезімде өзімді мүлде басқа салаларда байқап көргенді жақсы көремін. «Қолымнан тағы не келеді екен?» деп өз-өзімді сынап көремін. Мысалы, бизнес пен сату саласына да бас сұғып көргенмін. Қолымнан келетінін байқап, қатты қуандым. Ашығын айтқанда, мен әлі де өзімді жан-жақты зерттеп, жаңа қырларымды ашып жүрмін.
– Алдағы уақытта қандай рөлдерді сомдағыңыз келеді? Арманыңыздағы рөл бар ма?
–Өнер адамы болған соң тым қиялшылмын. Шын мәнінде ойнағым келетін рөлдер көп, театрға деген махаббаттан туатын рөлдер: Еңлік, Анар, Ұлпан, Анна Каренина, Жанна д’Арк, тағысын тағылар…
Негізі мен үшін режиссердің маған деген сенімі маңызды. «Міне, мына рөлді сен шығара аласың, сенің қолыңнан келеді» деп сенсе, сол сенімді ақтау үшін барыңды салып, жанталасасың. Ал сенімсіздікпен «бола ма, болмай ма?» деп ұсынылған рөлдер, дәл солай «бола ма, болмай ма» болып сол жерде қалады. Сенімсіздік байқаған соң дайындалуға жігерің де, ынтаңда болмайды. Сол үшін режиссерлерден сұрайтыным – сенім. Себебі ол актер үшін өте маңызды.
Аймақтардағы театрлардың жағдайы мәз емес
– Бүгінде театр әртістерінің әлеуметтік жағдайы жайлы не айтар едіңіз? Бұл салада жүрген жандарға қандай қолдау жетіспейді деп ойлайсыз?
–Жалпы, біздің Қ.Қуанышбаев атындағы театрды алатын болсақ, барлығы жақсы деп толық айта аламын. Су жаңа ғимаратымыз бар, спектакльдерге қажет реквизиттер жеткілікті. Материалдық жағынан да жағдайымыз жақсаруда – жалақы көтерілді, алдағы уақытта пәтер де беріледі деп жоспарланып отыр.
Бірақ Қазақстан бойынша жағдай біркелкі емес. Облыстық және қалалық әкімдікке қарайтын театрлардың жайы, өкінішке қарай, мәз емес. Расымен де, ол жақтарда әртістерге қолдау жетіспейді. Жалақы төмен, баспана берілмейді. Мен мұны өз басымнан өткергенмін. Шығыс Қазақстан облысында, Өскемен қаласында жұмыс істеп жүргенімде бәрін көзіммен көрдім. «Үй береміз» деген құрғақ уәделері орындалмаған соң, бір жылдан кейін кетуге мәжбүр болдым. Мен кеткен соң берген көрінеді, бірақ ол – пәтер емес,бір бөлмелі жатақхана ғана болған.
Жалпы, театр режиссермен өседі. Режиссерді сырттан жиі шақырған дұрыс. Сонда театрдың бағыты түрленіп, репертуар кеңейеді, актерлердің де қызығушылығы артады. Ал өңірлерде ондай мүмкіндік жоқ.
– Кинода әлі көрінбей келесіз. Бұл өз таңдауыңыз ба, әлде мүмкіндік болмады ма? Сізді үлкен экраннан қашан көреміз?
–Кез келген өнер адамының арманы – киноға түсу деп ойлаймын. Әрине, менің де үлкен бір қалауым кинода өз орнымды табу. Бірақ бұл жолда мен сапасыз жобаларға емес, сапалы, деңгейі жоғары киноларға түскім келеді.
Киноға түскен соң, көрерменнің көкейінде ұзақ сақталатын, мәні мен мағынасы бар фильм болғанын қалаймын. Әзірге маған нақты ұсыныс түскен жоқ. Бірақ егер ондай мүмкіндік туса, міндетті түрде саралап, сараптап, қалт жібермеуге тырысамын. Көгілдір экраннан қашан көрінерім маған да белгісіз. Бірақ үмітімді үзбеймін. Бұйырған күні, жақсы бір фильм арқылы көрерменмен жүздесемін деген сенімдемін.
– Өнер жолына енді ғана қадам басып жатқан жастарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
–Ең бастысы оқу кезінде театрға деген шынайы махаббат пен ерекше құмарлық болуы керек. Көпшілік бұл жолға селқос қарап, «бірден жұлдыз болам» деген жеңіл мақсатпен келеді. Бірақ ондайлардың өнер жолы қысқа болуы мүмкін. Театрмен ауырып, «мен осы сахнада өнер көрсетемін, мына актерлермен бірге ойнаймын» деген ішкі дерт болмаса, театрды таңдаудың қажеті шамалы. Құмарлықпен болмаған дүние, шабытсыз туған рөл мен образ сырт көзге бірден шикі көрініп тұрады. Тағы бір маңызды дүние – кітап оқу. Кітап – өнер адамының бірінші қаруы. Көп оқу, көп зерттеу, зерделеу, үнемі ізденіс үстінде жүру – шығармашылық адамның өсуінің басты жолы.
–Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Рахат Тоқсанбай, ЕҰУ студенті