Рус Қаз Eng

Актерлік үлкен сабырды талап етеді

25.08.2025

Театр – сырт көзге сиқырлы көрінетін әлем. Бірақ сол сиқыр дың артында жанкешті еңбек, ұдайы ізденіс пен рухани күрес жатыр.
Кейіпкерлердің тағдырын арқалап, әр көрерменнің жүрегіне жол табу – актерге тән үлкен жауапкершілік. Өнер мен өмірдің шекарасында жүрген жас актер Заңғар Әбеновпен сұхбат барысында біз сахна сырын ғана емес, актерлік жолдың қиындығы мен қызығын, ішкі жан дүниенің терең иірімдерін ашуға тырыстық.

– Бала кезіңізде актер болуды арманда­ды­ңыз ба, әлде бұл мамандыққа кездейсоқ келдіңіз бе?

– Иә, актерлік жолға деген әуестігім бала кезден басталды деуге болады. 9-сы­нып­тан бастап актерлікке қызығу­шы­лығым артып, мектеп президенті болған­дықтан, өзім актерлік үйірме ашып, басқа да бала­ларды шақырып, бәріміз бірге пье­са­лар, спектакльдер қоятын­быз. Сол­ай басталды. Содан бастап актер бол­у­­ға дайындалып жүрдім. Т.Жүргенов атында­ғы өнер акаде­мия­сына түсемін деп ниет­тенгенмін. Бірақ бұйырғаны сол шығар – «Шабыт» өнер университетінің студенті атандым.

– Репертуарыңызда рөлдер аз емес. Өзіңізге ең жақыны қайсы?

– Әр рөлім қымбат. Алайда көбіне жағымсыз кейіпкерлерді сомдаймын, өзіме ондай рөлдер ұнайды. Спектакльдердің ішінен жаныма ерекше жақыны – «01» спектаклі. Себебі бір қойылымда бірнеше кейіпкерді ойнаймыз. Қазір өкінішке қарай, ол спектакль театр репертуарынан алынып тасталды. Сон­дай спектакльдер болса деп сағынамын. Деген­мен әр рөл, әр спектакль – мен үшін бір төбе. Себебі әрқайсысына жан беріп, тер төгеміз.

– Режиссер рөліңізді таныстырып, қолың­­ызға сценарийді ұстатқаннан кейін кейіпкердің мінезін қалай зерттейсіз?

– Ең алдымен, өзіме жүктелген кейіп­керді шығарманың ішінен іздеп, мінез-құл­қын, жүріс-тұрысын толық зерттеуге тыры­самын. Кей­де кейіпкердің басы да, соңы да анық жазы­лмайды. Ондайда өзім ойдан қосып, кей­іп­кердің тұлғасын құрастыра­мын. Жаман кейіпкер болса, жақсы жағын іздеймін, соған өзім мінез беремін. Әрі соған өзім сенуге тыры­самын. Алдымен ішкі жан дүниесіне үңіліп, содан кейін сырт­­қы келбетін, іс-әрекетін құ­рау­­ға кірісе­мін. Ең бастысы – сол кейіпкердің спек­такль­дегі орны мен миссиясы қандай екен­ін түсіну.

– Жас актер ретінде өзіңізге үлгі тұтатын аға буын өкілдері бар ма?

– Әрине, үлгі тұтатын адам көп. Соның ішінде атап айтсам – Тілектес Мейрамов, Ақыш Омар, Сырым Қашқабаев ағалары­мыз. Осы кісілерге еліктеп, жасыратыны жоқ, әр­бірі­нің өнерін үзбей қарап, көшіруге, қолдан келсе, ұрлауға тырысамыз. Олар – арамызда жүр­ген аңыздар.

– Актерлік мамандықтың ең қиыны және ең қызық тұсы қандай?

– Актерлік жол – соқпағы көп, үлкен сабырлықты талап ететін жол. Уақыт тап­шылығы да қиындық тудырады. Демалыс күн­дері де жұмыс істейтіндіктен, кейде жеке өмірге, отбасымызға уақыт таппай жатамыз.

Ал мамандығымыздың ең қызық, ұнам­ды тұсы – бір образда, бір позицияда қалып кетпейсің. Үнемі ізденіс үстінде жүресің. Бір күні құлдың рөлін сомдап, ертесіне хан бола­сың. Театр – сондай сан қилы бұрылыс­тарымен, жоқтан бар жасайтын сәттерімен қызық.

– Театр сізге не үйретті? Өміріңізге қан­дай өзгеріс әкелді?

– Театр маған көп сабақ үйретті. Мы­салы, тарихи шығармаларды сомдау арқылы тари­хы­мызды тереңірек біле бастадым. Әр кейіпкерді зерттеу барысында түрлі салаға етене ендім. Бұл менің өмірімнің әр кезең­інде өз септігін тигізеді. Қай салаға барсам да, киноға барсам да – мендегі үлкен бір «қор» болып қала береді. Театр – үнемі сергек жүруге, ізденіске жетел­ейтін орта.

– Алдағы уақытта қандай рөлдерді сом­дағы­ңыз келеді?

– Армандап жүрген нақты бір рөлім жоқ. Бірақ жоғарыда айтқандай, бір спек­такльде кем дегенде үш рөлді ойнайтын кейіпкер болса де­ген арманым бар. Өзіме сондай рөлдер ұнайды. Әртүрлі мінезді, плас­тикасы да өзгеше кейіп­керлер болған­ын қалаймын.

– Актерлердің әлеуметтік жағдайы тура­лы не айтасыз? Қандай қолдау жетіспейді?

– Бұл көбіне актердің өзіне байланысты деп ойлаймын. Қазір жан-жақты актерлер бар. Бір театрда жұмыс істеп қана қоймай, кино, дубляж, тіпті той саласын қатар алып жүретін­дер де кездеседі. Ізденсе, жол көп. Қазір мем­лекет тарапынан да түрлі қолдау көрсетіліп жа­тыр. Көп әріптесіміз пәтер алып жатыр. Шын зәру жандарға бұйырсын дейміз, шүкір, жаман деуге келмейді.

– Бұған дейін Ш.Қуанәлінің «Фотограф» атты қысқаметражды фильміне түстіңіз. Енді сіз­ді үлкен кинолардан қашан көреміз?

– Былтыр толықметражды «Айғай-шу» атты криминалды комедияға түстім. Соны­мен қатар «12 сағат» атты криминалды дра­ма­да жа­ғымсыз кейіпкер рөлін сомдадым. Қазір театрға аз да болса еңбегім сіңді деп ойлаймын, енді киноға біртіндеп бет бұрып жатырмын. Ұсын­ыстар түссе – дайынмын.

– Өнер жолын енді ғана бастаған жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Жас актерлер алдымен өз-өзіне сұрақ қойғаны жөн: «Мен театр актері болғым келе ме, әлде кино актері ме?» деп. Мысалы, егер кино актері болғыңыз келсе, оқудың қа­жеті жоқ шығар – әлеуметтік желіде бел­сенді бол­ып, танымал болуға болады. Ал театр актері бол­ам десеңіз, онда кәсібилік пен оқу міндетті. Сонымен қатар театр ак­тері боламын деген жандарға айтарым – болаттай берік болу керек. Түрлі режис­сермен жұмыс істеу барысында сынға да ұшырайсыз. Сондай сәттерде мықты болу қажет. Үнемі ізденісте, сергек болуға кеңес беремін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Рахат ТОҚСАНБАЙ,

ЕҰУ студенті

Біздің театрға қаншалықты жиі келесіз?