Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының 35 жылдық мерейтойына арналған «Театрлық жазбалар» айдарының үшінші кейіпкері — режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Ғиылманұлы Жұманиязов.
Қаллеки театрының шығармашылық тарихында оның қолтаңбасы ерекше. Классика мен заманауи драматургияны бүгінгі уақытпен үндестіре сахналаған режиссер ретінде ол театрдың көркемдік бағытына айрықша серпін берді.

Сахна — тағдыр мектебі
Нұрлан Жұманиязов үшін сахна — жай кәсіп емес, өмірдің өзін қайта жасаған кеңістік. «Сахна жоқтан бар жасады» дейді режиссер. Бұл бір ауыз сөзде тұтас тағдырдың философиясы жатыр.
Оның айтуынша, сахна адам болмысын танытады, ішкі әлемін ашады, кейде сүріндіреді, кейде қайта тұрғызады. «Болмысымды танытты, түсінігімді танытты, есейтті, сүріндірді, қайтадан тұрғызды» Бұл — сахнаның адамды тек маман ретінде емес, тұлға ретінде қалыптастыратын құдіреті. «Егер тұлғалық дәрежеге жеткен болсам, бәрі сол сахна»

Режиссер бақыты
Режиссер үшін ең үлкен бақыт — уақытпен үндестік. «Бүгінгі күн мен сахнадағы дүниең ұштасып жатса — режиссер бақыты сол». Ол үшін классикалық шығарма да, тарихи туынды да бүгінгі күнмен тіл табысуы керек. Өнердің құндылығы — уақыт кеңістігін жалғау. «Сен бүгінгі күнді уақыт кеңістігімен ұштастыра алсаң, бұл — ең бақытты сәт»

Қаллеки — еркіндік алаңы
Нұрлан Жұманиязов үшін Қаллеки театрының орны ерекше. «Барым, қалайтыным, талабым, еркіндігім — бәрін Қаллеки сахнасы берді». Бұл жерде театр тек жұмыс орны емес, тағдырлас ұжым, өмір мектебі ретінде көрінеді. «Ол — ұжым, ол — ағайын-туыс» деп сипаттайды режиссер. Театр ішіндегі қайшылық, кикілжің, арпалыс, сүйіспеншілік — бәрі шығармашылық өмірдің ажырамас бөлшегі. «Жек көру де, шексіз сүю де — бәрі осы Қаллекиден алынған үлкен бақыт»

Өмірді өзгерткен шешім
Өмірде әр адамды қайта тудырған бір сәт болады. Нұрлан Жұманиязов үшін ол сәт — Әзірбайжан Мәмбетовке арқа сүйеген кез. Өмірдің ауыр кезеңінде, ішкі күйзеліс пен әлсіздік сәтінде ұлы режиссердің бір ауыз сөзі оны жаңа жолға бастаған. «Міне сахна, міне ұжым — кіріс». Осы сенім оның тағдырын түбегейлі өзгертті. «Қалғанының бәрі артта қалды» Бұл сөзде ұстаз бен шәкірт арасындағы шығармашылық сабақтастықтың терең мәні жатыр.

Алғашқы театр күні
Оның театрға алғаш келген күні де ұмытылмас. Серке Қожамқұлов, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Сәбира Майқанова, Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков сынды алыптармен бір сахнада қатар тұру — жас актер үшін теңдессіз мектеп болды. «Бұл — өмірімдегі ең үлкен бақыт»дейді ол. Сол алғашқы қадам кейін режиссерлік үлкен жолға ұласты. Ал Қаллеки театрындағы режиссер ретіндегі алғашқы қойылымы — Жан-Батист Мольердің «Скапеннің айласы». Бұл спектакль кейін театр тарихындағы жарқын шығармашылық табыстардың біріне айналды.

Қаллеки сахнасындағы қолтаңба
Нұрлан Жұманиязовтың Қаллеки сахнасында қойған спектакльдері театрдың көркемдік деңгейін айқындаған маңызды туындылардың қатарында. «Скапеннің айласы», «Ақ кеме», «Ромео мен Джульетта», «Ақан сері – Ақтоқты», «Күн сәулесі түспеген», «Көлеңкесіз жолаушы» — режиссердің сахналық ойлау жүйесін, стильдік батылдығын танытқан қойылымдар.
Нұрлан Жұманиязов үшін сахна – тағдыр, ал Қаллеки театры – сол тағдырдың толыққанды шығармашылық кеңістігіне айналған киелі мекен.
Ол адамның жанын қалыптастырады, өнерге ғана емес, өмірге де қайта әкеледі.Қаллеки театрының 35 жылдық тарихында Нұрлан Жұманиязовтың қолтаңбасы режиссерлік ізденіспен, шығармашылық еркіндікпен және сахнаға деген адалдықпен айқын бедерленіп қалды.

