Билет сатып алу
Жанпейісов Ерғұлан

Жанпейсов Ерғұлан Қайратұлы 1993 жылдың 9 тамызында Қарағанды облысының Балқаш қаласында дүниеге келген.

2000-2009 жылдары- 8 қазақ орта мектебін тамамдаған. 2009-2013 жылдары «Балқаш қаласының маңызды білім беру колледжінде» «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша білім алды.

2013-2017 жылдары Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер Университетінде “драма театр және кино актері” мамандығы бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақыш Омар шеберханасында оқыды.

2018 жылдан бастап Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері.

 

Театр сахнасындағы рөлдері:

Ф.Бордон «Қардағы көгершіннің ізі…» – Баласы, режиссер – Т.Ахмет.

Р.Куни «Туған күн» – Дэвенпорт, режиссер – Б.Ұзақов.

Н.Гәнжәуи «Ләйлі-Мәжнүн» – Достар және періштелер, режиссер – Б.Абдураззаков.

Ф.Болонья «Байланыс аясы» – Рокко, режиссер – Ә.Оразбеков.

К.Кизи «7+1» – Санитар, режиссер – Ә.Оразбеков.

Т.Әсемқұлов «Құнанбай» – Дәулеткелді, Би. Режиссер – Б.Ұзақов.

Р.Мұқанова «Бопай ханым» – Жас Әбілқайыр, режиссер – Ж.Жұманбай

М.Әуезов «Айман-Шолпан» – Арыстан, режиссер – О.Жақыпбек, Ш.Мұстафина.

И.Штраус «Жұбайлар жұмбағы» – Франк, режиссер – Н.Жұманиязов

Х.Алтай, Х.Оралтай «Алтайдан ауған ел» – Кәбибай, Көш. Режиссер – Ф.Молдағали.

 

Кино әлемінде алғашқы жұмысы «Мен сені сүйемін, Ақерке» көркем фильміндегі негізі кейіпкер Мұрат бейнесімен басталды.

Халықтық комедия жанрында түсірілген «Мы из Сандықтау» комедиясында басты кейіпкер Боран атты ауыл жігітінің рөлін, Қазақстан Ұлттық арнасының тапсырысымен түсірілген «Отыңды өшірме» сериалында басты рөл – Азат, Қазақстан Ұлттық арнасының тапсырысымен түсірілген «Топыраққа тамған тер» сериалында басты кейіпкер Тілек бейнесін сомдады.

Сондай-ақ өнерден де тыс, қоғамдық өмірде өзінің белсенділігін білдіріп қайырымдылық шараларды ұйымдастырумен айналысады. 2016 жылдан бері «Сенім» қоғамдық қорымен бірлесе отырып, Нұр-Сұлтан, Атырау қалаларында интернаттарды, балалар үйін, аз қамтылған отбасыларды қолдау негізінде қайырымдылық кештерін, шараларын жүзеге асырып келеді.

2018 жылы Қазақстанның Халық артисі Тілектес Уахитұлы Мейрамовтың 70 жас мерейтойына орай сахналанған Ф.Бордонның «Қардағы көгершіннің ізі…» қойылымында Қазақстанның Халық артисі Тілектес Мейрамовпен бірге басты рөлдердің бірін сомдады. Спектакль Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларында арнайы көрсетілді.

2019 жылы Халықаралық театр күні мерекесіне орай Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет басқармасы атынан арнайы Алғыс хатпен марапатталды.

2021 жылы Қазақстан Республикасы “Ұлттық ұлан қызметінің үздігі” медалімен және ҚР Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің, Ұлттық ұлан орталық оркестрінің гала-концертін дайындауға қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен марапатталды.