Мейрамов Тілектес Уахитұлы 1948 жылы 20 мамыр күні Қарағанды облысы қазіргі Бұқар жырау ауданы Көкпекті ауылында дүниеге келді.
1971 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы театр және кино институтының «Театр және кино актері» мамандығын бітірді.
1971-1989 жылдар аралығында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері ретінде 100-ден аса рөлдерді сахналады. Осы жылдары Профком төрағасы, бірінші партияның хатшысы қызметтерін атқарды. Сахнадағы алғашқы қадамынан-ақ, Қозы Көрпеш рөлімен жарқ еткен Тілектес Мейрамов театр мамандары, сыншылар мен көрермендер назарына бірден ілікті.
Актерлік ауқымы кең, табиғи дарын иесі Тілектес Мейрамов орындаған рөлдерінің ішкі жан дүниелерінің қатпарларын, күрделі болмыстарын ашу жолында өте терең ізденістерге барады. Шығармашылық жолының бастауында-ақ Қозы Көрпеш, Ақан Сері, Бірсімбай, Жарас, Еркін, Тоқпаев, Вальтер, Жантай сияқты әр жанрдағы күрделі бейнелерді шебер орындаған актер сахнаға ойлы, сезімді, арманы мен қайғысы, мұраты мен қасіреті қабат қызуқанды кейіпкерлерді молынан шығарып, театр репертуарынан тек өзіне тиесілі, Тілектес Мейрамовқа ғана тән өзіндік орнын ала білді.
Теңдессіз актер Әнуар Молдабеков ойнаған Войницкий, Жантық, Керім сияқты рөлдердің басқаға емес, Т.Мейрамовқа жүктелуінің өзі көп жайларды аңғартса керек. Айтар ойға мығым, ешбір амплуа, тип, характер деп бөліп-жармай, барынша шыншыл, шынайы, қиялына қондырғандарын, көкейіне көндіккендерін нағыз көркем бейнелер деңгейіне көтеріп, сом да соқталы, кесек те келісті етіп нұсқалау – актерлік ой еркіндігінің бұлтартпас көрінісі. Бұл ретте Шыңғыс хан, Жәңгір хан, Еділ патша, Бедел, Сорин, Бектер, Антоний т.б. рөлдерді ерекше атау керек.
Т.Мейрамовтың сомдаған рөлдерінің ішінде А.Сүлейменовтің «Ситуациялар» триптихіндегі бас кейіпкерлер бүгінгі заман, әлеуметіміздің, рухани ой-биігіміз бен жүдеулігіміздің символындай келісті көркемдік қалыбын тапқан Жұмат, Мәлік, Прокурор өміріміздегі індеттердің түп- тамырына үңілтеді, актердің қарымды шеберлігі, көп қатпарлы идеялары, сөзсаптау ұстанымдары өз көрермендерін ащы сауалдарға ортақтас, пікірлес, жақтас етеді.
Тілектес Мейрамов моноспектакль жанрына қадам жасаған тұңғыш қазақ актері. Әр жылдары Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясын, Р.Сейсенбаевтың «Майдан әндері», Н.В. Гогольдің «Жындының жазбалары» әңгімелерін, У.Шекспир, А.Грибоедов, Ғ. Мүсірепов шығармалары бойынша дайындалған «Ақылдан азап» спектакльдерін жалғыз орындап шықты.
Әйгілі театр қайраткерлері А.Тоқпанов, Ш.Жандарбекова, Ә.Мәмбетов, Е.Обаев сынды шеберлердің мектебінен өткен, қызмет еткен театрларына, дос-жарандарына, көрермендеріне, ең бастысы – өзі сүйген Төл Өнеріне деген адалдығымен, қуатты талантымен, биік орындаушылық шеберлігімен сыйлы Тілектес Мейрамовтың шығармашылығы «ұлттық сахнамыздың бүгінгі биігі осындай» деп айтуға әбден тұрарлық шын шеберлік екенін қадап айту артық емес.
1989 – 1990 жылдары ҚР Мәдениет министрлігінің Театр бөлімінің жетекшісі қызметін атқарды.
2001 – 2007 жылдары Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық Жастар мен жасөспірімдер театрының директоры-көркемдік жетекшісі. Осы ұжымға жетекшілік еткен жылдары театр ұжымы халықаралық фестивальдердің екі дүркін «Гран При» иегері атанып, Қазан қаласында өткен Халықаралық «Түрксой» фестивалінде ерекше ықыласқа бөленді.
2007-2011 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы Жастар театрының көркемдік жетекшісі қызметін атқарды.
2011 жылы Қырғыз Мемлекеттік Б.Бейшеналиев атындағы Өнер Институтының «Режиссура» мамандығын тәмамдады.
2011 жылдан бастап елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері;
Елордалық театр сахнасындағы рөлдері: Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» – Қарабай; Е. Жуасбек «Антивирус» – Асан; Т.Джюдженоглу «Көшкін» – Ақсақал; Ғ.Мүсірепов «Ақан сері – Ақтоқты» – Науан; М.Әуезов «Абай» – Аға Абай; Р.Отарбаев «Көлеңкесіз жолаушы» – Әкесі; Д.Рамазан «Абылай ханның арманы» – Төле би; Ж.Ануй «Жалын жұтқан Жанна д Арк» – Кошон; В.Ежов «Тыраулап ұшқан тырналар» – Лукьянов; Р.Сейсенбаев «Майдан әндері» моноспектаклі – Садыр; У.Шекспир «Отелло» – Брабанцио; Ф.Бордон «Қардағы көгершіннің ізі…» – Ол; А.Вампилов «Ақ жауын» – Сәкен Тауасаров; Х.Алтай, Х.Оралтай «Алтайдан ауған ел» – Халифа Алтай;
Театр және кино саласындағы еңбегімен бірге әдеби-шығармашылық жұмыстармен де айналысады. А.Гельманның «Наедине со всеми», Н.Абдуллоевтың «Двое», И.Вовнянконың «Смерть стриптизера» пьесаларын қазақшаға аударса, І.Есенберлиннің «Ғашықтар», Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ түн» романдарын, Р. Отарбаевтың «Дүниеғайып» повесін, О’ Генридің «Үндістердің көсемі» әңгімесін сахнаға, ал М.Әуезовтың «Абай жолы» романын телеарнаға лайықтап инсценировкалар жасады.
Марапаттары:
1993 жылы И.Ғайып «Шыңғысхан» спектакліндегі Шыңғысхан бейнесі үшін «Үздік ер адам рөлі» номинациясын жеңіп алды;
1996 жылы «Қазақстанның Халық артисі» құрметті атағына ие болды.
2004 жылы Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектакліндегі Қарабай бейнесімен «Үздік ер адам бейнесі» номинациясы берілді;
2012 жылы Орал қаласында өткен Ә.Мамбетовтің 80 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XX Республикалық фестиваліне Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясымен қатысып, «Қадыр Мырзалиев атындағы» арнайы сыйлықты және Науан бейнесін сомдаған актер, Қазақстанның Халық артисі Тілектес Мейрамов «Ең үздік ер бейнесі» номинациясын алды.
2015 жылы «Еңбек ардагері» атағын иеленді.
2015 жылы XIII Халықаралық «Золотой Витязь» театр форумына қатысқан (Мәскеу) «Тыраулап ұшқан тырналар» лирикалық драмасындағы Полковник Лукьянов рөлі үшін «Золотой Витязьдің алтын дипломанты» атанды.
2018 жылы Республика көлемінде 70 жас мерейтойы аталып өтті.
2020 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекетіміздің мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Парасат» орденінің иегері атанды.
Халық артисі Т.Мейрамовтың шығармашылығы сахналық жоғары мәдениетімен, эстетикалық талғампаздығымен, актерлік ізденімпаздығымен ерекшеленеді. Бірнеше Халықаралық және Республикалық театрлар фестивальдерінде, О.Бөкей атындағы көркемсөз оқушылар байқауларында қазылық етіп бүгінде ұстаздық жолын жалғастырып келеді.
Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің «Театр және Кино, ТД» факультетінің «Актерлік өнер және Режиссура» кафедрасының профессоры.