Желтоқсанның соңғы күндерінде Қалеки театры көрермендеріне премьера тарту етті. Қойылым әлем әдебиетінің жауһары Лев Толстойдың «Анна Каренина» романы негізінде сахналанып, заманауи хореодрама тілінде жаңа тыныс алды. Қоюшы режиссер Рача Махатаев классикалық мәтінді пластика, қозғалыс және үнсіз паузалар арқылы сөйлете білді. Туынды қазақ тілінде Қымбат Елубаеваның аудармасымен ұсынылды.
«Анна Каренина. Роман парақтары» спектаклінің премьерасы көрерменді оқиға желісінен бұрын — ар мен сезім, таңдау мен жауапкершілік арасындағы ішкі тартысқа жетеледі.
Спектакльдің басты ерекшелігі — хореодрама жанры. Мұнда кейіпкерлердің ішкі драмасы би, қимыл-қозғалыс және музыкалық шешімдер арқылы ашылады. Сөз бен қозғалыс бір-бірін толықтырып, Аннаның жан дүниесіндегі алапат сезімдерді, оның қоғаммен, тағдырмен және өз-өзімен күресін көрсетті. Көрермен кейіпкерлердің эмоциясын естіп қана қоймай, сезініп, бірге бастан өткергендей әсер алды.
Қойылымдағы көркемдік тұтастыққа қоюшы суретші Қанат Мақсұтовтың сценографиясы, хореограф Анастасия Чистюхинаның пластикалық шешімдері және киім суретшісі Шынар Елембаеваның образдық дәлдігі ерекше серпін берді. Сахна кеңістігі кейіпкерлердің ішкі күйімен үндесіп, әр көрініс психологиялық салмаққа толы болды.
«Анна Каренина. Роман парақтары» — бұл тек бір әйелдің тағдыры емес, бұл — адам болмысы жайлы қойылған үлкен сұрақ. Қойылым көрерменді дайын жауаппен емес, оймен, толғаныспен және ұзаққа созылатын әсермен шығарып салды. Премьера қазақ театрының заманауи ізденісін, батыл формасын және терең философиялық бағытын тағы бір мәрте айқындады.

