Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры Ғ.Мүсіреповтің «Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» музыкалық драмасымен 24-29 қыркүйек күндері аралығында Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында өткен «ART-ORDO – 2023» халықаралық театр фестиваліне қатысты.
Биыл IX-шы мәрте өтетін фестиваль – КСРО Халық артисі, қырғыз халқының көрнекті театр және кино актрисасы Бакен Кыдыкееваның 100 жылдығына арналды.
«АRT-ОРДО» – Орталық Азияның театр кеңістігіндегі жаңашылдық пен сахналық ізденістерді арқау ететін ең беделді халықаралық театр фестивалі.
«Art-Ordo 2023» фестивалінің қазылар алқасының құрамында қатысушы елдердің жетекші театр қайраткерлері (сыншылар, театртанушылар, драматургтер, режиссерлер, актерлер мен сценографтар) болады.
Халықаралық қазылар алқасын басқарған: Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Астана Жастар театрының көркемдік жетекшісі, профессор Нұрқанат Жақыпбай (Қазақстан), құрамында болған: Өзбекстан Республикасының Халық әртісі, Өзбекстан Республикасының Ұлттық академиялық драма театрының актрисасы Гаухар Закирова (Өзбекстан), Қырғыз Республикасының Халық әртісі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, актриса Гүлсара Әжібекова (Қырғызстан), Әзербайжан Республикасының Халық әртісі, Әзербайжан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, театр және кино актері, режиссер, профессор Новрузов Джахангир. Муталлиб оглы (Әзірбайжан), Қырғызстан Театр Қайраткерлері одағының президенті, өнертану кандидаты Жаныш Құлмамбетов (Қырғызстан), театр сыншысы, өнертану кандидаты, доцент Айсұлу Сағитова (Башқұртстан, Ресей), Чукурова қаласы университетінің театр факультетінің деканы Адана (Түркия Республикасы), Театр сыншысы және режиссері Исмаил дикилиташ (Түркия). Халықаралық қазылар алқасы мынандай номинациялар бойынша жүлдегерлерді анықтады: ең үздік қойылым – бас жүлде, ең үздік режиссер, ең үздік сценография, ең үздік еркек ролі, ең үздік әйел ролі, екінші пландағы еркек ролі, екінші пландағы әйел ролі, сыншылар көзайымы.
Қырғызстан көрермені Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының спектаклін зор ықыласпен қабылдады. Сахнада актерлардан басқа, оркестр де өнер көрсетті. Бұл драмалық шығарманың әсерін арттыра түсті. Халық аспаптар оркестрі барлық музыкалық партияларды жанды мәнерде орындап, спектальге өзгеше сипат берді. Сахнада ескі заман хикаясы заманауи әуенмен өрбіп отырды. Тіпті Майкл Джексонның да әндерінен үзінді берілді. Осылайша, автор классикалық құр баяндаудан бас тартып, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың махаббат хикаясын заманауи тәсілде жеткізе білгені үшін әділ қазылар алқасының шешімімен Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұжымы “БАЯН СҰЛУ – ҚОЗЫ КӨРПЕШ” спектаклімен ГРАН-ПРИ жүлдесімен марапатталды.
Авторы – Ғабит Мүсірепов, қоюшы режиссер – Гүлназ Балпейісова. Дирижер: Маралжан Мырзақұлова, Қоюшы суретші – Қанат Мақсұтов, Киім суретшісі – Алма Сырбаева, Хореограф – Ильмира Иманғазина, Композитор – Олег Синкин.