Бүгін елордадағы «Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында» мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған «Мәдениет. Театр тынысы» шеберлік сағаты басталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Шеберлік сағаты «Актерлік шеберлік», «Режиссура», «Грим», «Хор», «Хореография» бөлімі бойынша өтеді. «Актерлік шеберлік» бөлімін театр және кино майталманы, Қазақстанның Халық артисі, профессор Тілектес Мейрамов жүргізеді. Ал «Режиссура» бөліміне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Нұрлан Жұманиязов қатысса, «Грим» бөлімін гример, «Мәдениет саласының үздігі» Ләйлә Сқақова өткізеді. «Хор» бойынша хормейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев жауапты болса, «Хореография» бөлімін балетмейстер, «Мәдениет саласының үздігі» Салтанат Сұңғат жүргізеді.
«Мәдениет. Театр тынысы» сағатының ашылу салтанатында ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов өнер және мәдениет иелерін алда келе жатқан мерекемен құттықтап, мәдениет саласының үздіктерін төсбелгімен, құрмет грамотасымен марапаттады.
“Бұл шараны өткізудегі негізгі мақсатымыз – мәдениет және өнер қызметкерлері күні аясында әріптестерімізді құттықтау және өнердің әлемдік деңгейде шарықтауына жол ашу. Бүгінгідей іс-шарадағы біздің мамандарымыздың өткізіп жатқан шаралары сол мақсатқа арналған. Сіздерді мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!,” – деді вице-министр.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алғыс хатымен марапатталған Гүлжанат Омарова министрлікке арнайы алғысын білдірді.
“Өнер адамының мерейін асқақтатып жатқан мемлекетімізге және Мәдениет және спорт министрлігіне алғысым шексіз. Бүгінгі шараға түрлі аймақтан театр өкілдері мен жоғары оқу орындарының студенттерінің қатысуы шығармашылығымыздың өсіп-өркендеуіне септігін тигізеді деген ойдамын,” – деді ол.
Театр мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында арнайы ұйымдастырылатын іс-шараға Астана, Алматы, Шымкент, Орал, Петропавл, Қостанай қалаларының театр артистері мен қызметкерлері келді.