Рус Қаз Eng

Астанада «Париждегі екі әйел» халықаралық спектаклінің премьерасы өтеді

28.01.2026

14-15 ақпан күндері Астанада Оңтүстік Корея, Ресей және Қазақстан елдерінің бірлескен жобасы – «Париждегі екі әйел» спектаклінің премьерасы өтеді.

Қойылымда екі кейіпкердің диалогы арқылы Кореяның тәуелсіздігі үшін күрескен жандардың тарихы баяндалады. Спектакль Оңтүстік Кореяның ұлттық мерекесіне – елдің азаттық алғанына 80 жыл толуына арналған. Алғашқы көрсетілімі 2025 жылы Сеул қаласында өтті.

Жобаның басты ерекшелігі – үш елдің театр әртістерінің бір сахнада өнер көрсетуі. Актерлерді іріктеу өткен жылдың қаңтар айында ұйымдастырылды. Кореяның PIAC театр компаниясының арт-директоры, режиссер На Джин-Хван Қазақстанға арнайы келіп, театр әртістерін кастинг арқылы таңдап алды.
Қазақстан атынан халықаралық жобаға Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Қапаев, «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты, актриса Ақмарал Танабаева қатысады. Сонымен қатар қойылымда Ресейдің Станиславский атындағы Электротеатрының және Кореяның PIAC театрының әртістері өнер көрсетеді.

Спектакль оқиғасы 1940-жылдардағы Парижде өрбиді. Люксембург бағында жолыққан екі әйел – Кореяның алғашқы кәсіби әйел суретшісі, тәуелсіздік жолындағы күрескер На Хэ Сок пен А.Чеховтың «Шие бағы» пьесасындағы қиялдан туған кейіпкер Раневская өткен өмір, жоғалған есімдер, азап пен үміт жайлы сыр шертеді. Нақты тарихи тұлға мен әдеби кейіпкердің тоғысуы арқылы қойылым тәуелсіздіктің мәнін жеке адам тағдыры тұрғысынан ашады.

Спекаткльдің арнайы көрсетілімі Корея Республикасының елшілігінің Корей мәдени орталығының қолдауымен өтеді.

Билеттер ticketon.kz сайтында сатылымда.

Өтетін орны: Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры (Астана қ, Қ.Қуанышбаев көшесі 8/1)

Біздің театрға қаншалықты жиі келесіз?