Астанада Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, сахна өнерінің саңлағы Шәміл Жүнісов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.
Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының 32 жылдығына орай театр негізін қалаушы актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Еңбек ардагері Жүнісов Шәміл Сыздықұлын еске алу мақсатында сахна шеберінің он жыл бойы тұрған Ж.Жирентаев көшесі, 14-үйге ескерткіш тақта орнатылды.
Шығармашылық ғұмырын ұлттық театр сахнасында өткерген өнер майталманы 200-ге тарта рөлдерде ойнады. Шәміл Жүнісов дүниеге әкелген рөлдер – бірін-бірі қайталамайтын, бір-біріне әсте ұқсамайтын кейіпкерлер бейнесінің легі.
Жиынды қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайркеткері Светлана Жақияқызы Жамлмағамбетова ашып, Ш.Жүнісовтың мұрасы жайында сөз сөйледі.
«Бүгінгі күнде Астанамызбен мақтанамыз. Қазақтың астанасы көркем, әлемдегі ең әдемі, ең мәдениетті қалалардың біріне айналды. Бірақ, осының басы-қасында кім болды, қандай адамдар еңбек сіңірді. Олардың есімдерін біз міндетті түрде білуіміз керек. Еңбектері мәңгілік есте қалуы керек. Елордамыздағы театр өнерінің дамуына, жалпы астананың Астана болуына үлкен еңбек сіңірген адамдардың бірден-бірі Шәміл Жүнісов. Осыдан 32 жыл бұрын қазақ театры ашылғанда, қазақилықты аңсаған Ақмола тұрғындарының қуанышында шек жоқ еді. Сол қазақ театрының осы елордамыздың дамуына қосқан үлесін біз ешқашан да ешқандай сөзбен айтып жеткізе алмаймыз. Өйткені сол уақытта қазақтардың саны осы біздің қалада 14% ғана құрайтын. Сондықтан қазақ мектептерін ашу, қазақ театрын ашу ол кезде үлкен ерлікпен пара-пар еді. Жақып Омаров бірінші болып Қазақстанда бірнеше театр ашып, өлшеусіз үлкес қосқан еді. Ақмолаға бір топ жастарды алып келді. Солардың ішіндегі екі үлкен майталман актер болды, олар – Шәміл Жүнісов пен Рымкеш Омарханова еді. Олар жастарды театр өнеріне бейімдеп, қазақ театры қандай болуы керек, қандай рөлдерді сомдау керек, қандай жанашырлық көрсету керек – осының бәрінің үлгісін көрсеткен адамдар.
Шәміл Жүнісов күнделікті өмірде жүргенде өте қарапайым еді, бірақ сахнаға шығып, рөлдерді сомдағанда көз айырмай қараушы едік. Жастар келіп, осы тақтаны көріп, осындай сахна шеберлері осы қалада тұрған екен, осындай адамдар қаламызды көтерген екен деп бұл кісілерден үлгі алуы керек деп ойлаймын. Театрдың жас актерлеріне тілейтінім, Жақып Омаров көтерген театр туын құлатпаңдар. Театр өнері жасасын».
Мәдениет басқармасы тарих мәдениет ескерткіштерін қорғау бөлімінің басшысы Тұяқбаева Ақерке Жақанқызы:
«Бүгін елордамыздың төрінде Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына 33 жыл толуына орай, қазақ халқының маңдайына біткен асыл перзенттерінің бірі Қазақ КСР еңбек сіңірген артисі, театр негізін қалаушылардың бірі, актер, сахна өнерінің саңлағы Жүнісов Шәміл Сыздықұлына арналған мемориалдық тақтаның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Шәміл ағаның арман-мақсат тілектері тек бір ғана ұлт ұстанатын мұраттар емес, күллі адамзат ұстанатын мұраттар еді.. Шәміл ағаның құрметіне мемориалдық тақтаның ашылуы біздің ұрпақтың ол кісіге деген шынайы ризашылығы мен зор құрметінің көрінісі деп білемін».
Жиын барысында елордамыздағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының негізін қалаушылары Рымкеш Омарханова, Болат Ыбыраев, Мұрат Мақсұтов сөз сөйлеп, әріптестері Шәміл Жүнісовты еске алды.
Мұрат Мақсұтов, театр суретшісі: «Дос та, әріптес те болып бірге өстік. Қимаймыз. Әлі күнге дейін сенбейміз де… Расын айтқанда, көшеде кездесіп қалатындай көрінеді де тұрады. Өте толқып тұрмын. Ешқашан есімізден кетпейтіні анық, ұмытпаймыз. Барлықтарыңызға кезінде үлгі-өнеге, әріптес болған ағаларың міне, сурет бейнесінде алдымызға келіп тұр».
Рымкеш Омарханова, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі:
«Целиноградты Ақмола жасаймын, қазақиландырамын деп бірінші келген Жақып Омаров болса, жанында егіз қозыдай осы Шәміл жүрді. Содан мені шақырды. Мінекей, бүгін Шәмілге ескерткіш тақтасы орнатылып жатыр екен. Қуаныштымын» деп ақ батасын берді.
Болат Ыбыраев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
«Осыдан 32 жыл бұрын осы жерде тұңғыш қазақ театры ашылып еді. Театрда еңбегін сіңірген ағамыз Шәкең бар еді ортамызда. Осындай аталы күні Шәкең марқұмды мәңгілік еске алатындай тұрған үйінде тақтайшасы ілулі тұр. Әр нәрсенің кірпішін қалайтын азамат-азаматшалар болады. Осы Қаллеки театрының негізін қалағандардың бірі – Шәкең. Ұрпақтар сабақтастығы жалғаса берсін. Қазір үлкен театрмыз. Біздің парыз – осы кісілерді әрқашан еске алу. Қазақ театры мәңгілік жасасын. Аманшылықта болайық»
Салтанатты жиында Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қаза музыкалық драма театрының директоры Айболат Жанғалиұлы осы шараны ұйымдастыруға қолдау білдірген сахна саңлағының жары Ғалия Давыдқызына, театр қызметкерлеріне, Астана қаласы Мәденит басқармасына, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне ризашылығын білдіре келіп, «Бүгін ерекше тарихи күн. Өткенді саралап, болашаққа бағдар жасайтын, бір-бірімізді бағалайтын күн деп білемін. Шәміл Жүнісов ағамызға арнап ескерткіш тақта орнатылды. Осы шараның басты қолдаушысы Ғалия Давыдқызына алғысымды білдіремін» деп пікір білдірді.