Биллидің рөлін сомдау үшін жындыханаға бардық
«Айқын» ақпарат
Астаналық театрсүйер қауым Жанат Оспановты жақсы таниды
Астаналық театрсүйер қауым Жанат Оспановты жақсы таниды. Себебі ол – сахнадағы шынайылығымен әр жүрекке жол таба білген актер. Оның рөлдері де бір-біріне ұқсамайды. Бірде есі ауысқан жындының образын сомдаса, енді бірде қатыгез орыс офицерін, даналық жолына түскен бозбаланы ойнайды. Дегенмен сахнада шашасына шаң жуытпаған актер өмірде тұйық. Көп жерге ашылып сұхбат бермейді, киноға да жиі түспейді. Біз Жанат Оспановпен тілдесіп көрдік.
– Өнер жолына қалай келдіңіз? Бала күніңізде кім болуды армандадыңыз?
– Мен Алматы облысы Талғар ауданы Алмалық ауылында дүниеге келдім. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезде актер боламын деп армандаған емеспін. Тіпті, қоғамдық жұмыстарға қатысуға ынтам да болмайтын. Тентектеу болғандықтан, жоғары сыныптарда сабақтан қашып кететін болдым. Сынып жетекшіміз кешке анамнан сүт алуға келгенде үнемі мен туралы шағымдарын айтатын. Осы қылығым үшін үйдегілер «10-11 сыныпты оқымайсың, техникалық мамандандырылған мектепке түсіп, қолыңа сертификат ал» деді. Сол кезде үлкен ағам архитектураның колледжін бітіріп, Т.Жүргенов атындағы академияға тапсырып жатты. Үйдегілер «ініңе оқу қарай сал» деп ескерткен болатын. Содан кешке ағам келіп, «Ж.Елебеков атындағы Алматы эстрада-цирк өнері колледжі бар екен. Сол жаққа барып көр» деді. Бірақ мен ән айта алмаймын. Отбасымыздағылардың ешқайсысының өнерге қатысы жоқ. Сондықтан колледждің цирк бөліміне тапсырып көремін деп шештім. 1-2 күннен кейін әкем мені колледжге апарды. Ол кісі құжаттар жайлы сұрауға кеткен кезде, мен дәліз бойындағы колледж мақтаныштарының портреттерін қарап шықтым. Дәліз соңындағы кабинетте талапкерлер актерлік бөлімге тапсырып жатыр екен. Мен сол есікке таяған кезде, ішінен Майса апай шығып: «Келесі сен бе? Жүр» деп кіргізіп алды. Мені қандай күш итермелегенін білмеймін, тәуекел етіп кабинетке кіріп кеттім. Ол кезде ұялшақ болатынмын. Емтиханды халық әртісі Бәйтен Омаров пен болашақ кураторымыз Майса апай қабылдап отыр екен. Сол кезде сахнаға бірінші рет шықтым. Өзімді таныстырып, комиссияның сұрақтарына жауап бердім. «Жүре берейінші. Мен негізі цирк бөліміне келіп едім» дедім. Бәйтен ағай «Жоқ. Бір өлең оқы» деді. Ойыма «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан….» деген Абайдың өлеңінің жолдары келді. Соның төрт шумағын оқып бердім. Сосын «Биле» деді. Мен «Билей алмаймын» дедім. «Дискотекада қалай билейсің, солай биле» деді. Осы жерден тезірек құтылып, шығып кетсем екен деп тез-тез айтқандарын істедім. Сосын қағазға мысал, этюд, проза не екенін түсіндіріп жазып берді. Осыларды дайындап келуіме екі күн берді. Өз бетімше ізденіп, айтқандарын жаттадым. Шығармашылық емтиханды осылай тапсырып шықтым. Шектік бал жинаппын. Бірақ сынақ нәтижесіне сенбей, екі рет барып бағамды қарадым. Осылайша, оқуға түсіп, Бәйтен Омаровтың тобында 3 жыл оқыдым. Бітіргеннен кейін қазіргі «Жас сахна» театрын аштық. Ол кезде «Ата Бәйтен», «Бәйтен театры» деп аталатын. Бітіргеннен кейін Т.Жүргенов академиясына тапсырамын деп жүргенмін. Бірақ ағай «Астанаға барыңдар. Ол жақта жаңа театр ашылды» деп бізді осы жаққа жіберді. Қ.Қуанышбаев театрына жұмысқа тұрамыз деп өз-өзімізге сенімді болып келдік. Бірақ театрдың көркемдік жетекшісі Бекболат Құрманғожаев аға «Сендер оқыңдар. Колледждің дипломымен жалақыларың да аз болады. Уақытты суытпай пайдаланыңдар» деді. Ол кезде Шабыт музыкалық академия болатын. Шығармашылық емтихан тапсырып, Лейло-Бекназар Ханинганың тобында төрт жыл оқыдық.
– Қай рөліңіз жаныңызға жақын? Не себепті?
– Шыны керек, мен рөлдерімнің ешқайсысын бөліп-жара алмаймын. «Маған бәрі бірдей» деп айту жаттанды жауап болып көрінетін де шығар. Әрине, арасында «әттеген-ай» деген, көңілімнен шықпаған рөлдерім болды. Ал жаныма жақын 5-6 рөлім болған шығар. Ол – «Жұт» спектакліндегі Ахмет, «Абайдағы» Әбіш, «7+1-дегі» Билли, «Сәкен Сұңқардағы» Игорь, «Қорғансыздың күніндегі» Жарық. Көп деп те айта алмаймын. Әр рөлім өзінше жақын.
– Театр сізді өзгертті ме? Осыдан он жыл бұрынғы Жанат пен қазіргі Жанатты салыстыра аласыз ба?
– Иә, өзгертті. Мен театрға 2009 жылы келдім. Содан бері көзқарасым, ойым өзгерді. Бірақ студент кездегі Жанат қазір басқа адам болып кетті деп айта алмаймын. Бәрібір де сенің алған білімің мен тәрбиең өзгеріссіз қалады. Студенттік кездегі жастық жалын қазіргі Жанатта жоқ. Театрдың тыныс-тіршілігін көргеннен кейін бәрібір басыласың. Әр оқиғаны ойың мен түйсігіңнен өткізіп бағалайсың. Оған оқу бітіргеннен кейін бір жыл әскери борышымды өтеп келгенім де әсер еткен шығар.
– Көп актерлер әскерге барудан қашады. Ал сіздің Отан алдындағы борышыңызды өтеуіңізге не түрткі болды?
– Қ.Қуанышбаев театры кастинг жариялап, 3-4 курс студенттерінің арасынан бізді таңдап алды. Оқу мен жұмысты қатар алып жүрдім. Бітіргеннен кейін мені театрға толық штатқа алатын болды. Бірақ штатқа кіру үшін Алматыдағы тұрғылықты жері бойынша тіркеуімнен шығып, күзде Астанадағы халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. Ал олар әскери тіркеуімді сұрады. Әскери бөлімшеге барған кезде қолыма шақыру қағазын ұстатты. Мен «оқуымды енді бітірдім, жұмысқа тұрайын деп жатырмын» десем де олар тыңдамады. Сонымен, театр басшылығы әскери бөлімшеге хат жазып, алып қалатын болды. Бірақ әскери бөлімше ол ұсыныспен келіспепті. Осылайша, заң алдында жауапкершілігімді орындайын деп әскерге баруға келістім. Медициналық комиссиядан да өттім. Талдықорғанға жіберді. Сол кезде біраз адам: «Өнерден суып қаласың. Әртістерге армияға барып қажет емес. Сен келген кезде қатарластарың алға озып кетеді» деп айтып жатты. Екіұдай сезіммен әскерге бардым. Талдықорғанда ант қабылдап, қалған сегіз айымды Таразда өткіздім. Әскердегі өмір мен қоғамдағы өмірді салыстыру қиын. Әскерде тәртіп, тазалық бар. Ешкім басыңнан сипап еркелетпейді. Бірақ мен әскерге барғаныма өкінбеймін. Әскерден келген соң театрым да құшақ жая қарсы алды. Қазір менен «әскерге қайта барасың ба?» деп сұраса, мен тағы барар едім. Себебі менің қалыптасуыма сол жыл үлкен үлес қосты. Әрбір ер адам қару-жарақты ұстап көруі керек деп ойлаймын.
– Режиссер сізге рөліңізді бекітіп бергеннен кейін, ары қарай қалай дайындаласыз?
– Өз рөліңді зерттеп, ізденіп, сол рөлмен ауыра бастайсың. Егер немқұрайлы қарасаң, рөлің де төмен деңгейде шығады. Кейбір рөлдер жазылған кезде қызық ойнауға ыңғайлы етіп жазылады. Ал кейбір рөлдер актердің ізденісін талап етеді. Өйткені драматургиялық жағынан ашылмаған рөлдер болады. Жалпы, кез келген рөлге дайындықпен келемін. Кейбір рөл оң жамбасыңнан келеді, оны актер өзі де сезеді. Ал тағы бір рөлдер уақыт өте келе ашылады. Рөлді толық зерттегеннен кейін, қосымша характер қосасың. Образдың сыртқы формасын танып қана қоймай, ішкі дүниесін зерттеу керек.
– «7+1» спектаклінде Биллидің рөлін сомдадыңыз. Өмірде Билли сияқты адамдар көп. Сіздің ойыңызша, Биллидің образы ашылды ма?
– «Сәкен Сұңқардағы» Игорь рөлін ойнау маған қиынға соқты. Өйткені ол образ маған жат еді. Бірақ соңында бәрібір жағымсыз кейіпкерді көрсетуім керек болды. «Сәкен Сұңқарда» ойнау үшін бұрынғы әскери фильмдерді көп зерттей бастадым. Әскери адамның образын сырттай емес, іштей ашуға тырыстым. Ал Биллиді ойнау одан да қиын болды. Себебі «7+1» танымал шығарма, киносы да бар. Режиссер «фильмін қараңдар» деді. Бірақ сенесіз бе мен әлі «7+1»-дің киносын көрген жоқпын. Өйткені мен кейіпкерімді кинодан көшіріп аламын ба деп қорықтым. Бастапқыда біз жынды адамның сырт бейнесін ойнай бастадық. Спектакль бәрімізге қиын болды. Мен де образыма бірнәрсенің жетпей тұрғанын ойлап, қатты уайымдадым. Тіпті, тыныш ұйықтай алмайтынмын. Осы рөлге дайындаламын деп арықтап та кеттім. Адам психикасына байланысты кітаптарды оқып, спектакльдерді, ғылыми фильмдерді қарадым. «7+1» қойылымына қатысатын актерлер рұқсат алып, жындыханаға бардық. Ол жақтың атмосферасы мен адамдары маған қатты әсер етті. Бұл рөлді қалай ойнауым керек екенін сол кезде түсіндім. Ол жақтағы жандарды ауырады деп айта алмайсың. Біздің актерлерді танып, амандасты да. Бірақ сөйлесіп отырып сол жандардың көзіне қарасаң, бәрін түсінесің. Биллидің образы пьесада кекештеніп сөйлейді деп жазылған. Мен кекештенудің себептерін қарай бастадым. Сөйтсем, оның өзі ғылым екен. Бір ай образға дайындаламын деп кекештеніп сөйлеп жүріп, өмірде де кекештеніп кеттім. Басқа қойылымдарда ойнап жатқанда немесе күнделікті дастарқан басында отырғанда сөйлей алмай, қайта-қайта тұтығып қалатын болдым. Бұл әдетімнен өзім қорқып, дер кезінде тоқтаттым. Биллидің рөлі 100 пайыз ашылды деп айта алмаймын. Мен білетін жетпей тұрған тұстары бар. Бірақ бір әттеген-ай дейтінім, ол спектакль қазір жиі қойылмай жүр.
– Менің ойымша, «7+1» спектакліндегі көтерілетін мәселе жындыханада емес. Сол жындыхананың қазіргі қоғамдағы адамдардың миында болғанында ғой. Келісесіз бе?
– Иә, мен де солай ойлаймын. Бұл спектакльдегі кейіпкерлердің әрқайсысы біздің қоғамымызда өмір сүріп жүр.
– Киноға көп түспейсіз. Неге?
– Астанада кино өте аз түсіріледі. Өйткені Астана түсірілімге қолайлы қала емес. Кино индустриясы негізінен Алматыда қатты дамыған. Біздің буын әу баста театрға келген кезде «Театрға адал болыңдар. Театрды сүйіп, жұмыс істеңдер» деген сөзді көп естідік. Содан да шығар сахнаға адалмыз. Алматыға барып, түсірілімнің қызған ортасында жүретін кезімізде біз театрда жүрдік. Спектакль болмаса да театрға дайындыққа келетінбіз. Осында қонатынбыз. Жан дүниемізді, ең бір жалынды шақтарымызды театрға арнадық. Мен бұған еш өкінбеймін. Қазіргі жастардың бойында мұндай адалдық жоқ. Мүмкін заман өзгерген шығар. Киноға түсу үшін 2-3 ай Алматыға бару керек. Сол жақта режиссерлердің көзіне түсіп, жүру керек. Ауылдағы ағайындар «Қашан сені кинодан көреміз?» деп жиі сұрайды. Олар біздің сфераны дұрыс түсінбейді. Актер деген тек телеарнада жүреді деп ойлайды. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Мүмкін ол уақыт әлі келмеген шығар. Ал қазір мен театрдамын.
– Театрдан бос уақытта немен айналысасыз?
– Кітап оқуға жиі көңіл бөлуге тырысамын. Бос уақытымда балық аулауға барамын. Көлдің жағасында отырып, ойланғанды ұнатамын. Металл детекторы арқылы ескі монеталар іздейтін әдетім де бар. Кезінде ата-бабаларымыз тұрып кеткен қоныстарға да барамыз. Табиғат аясында бір қолыма металл детектор, екінші қолыма күрек алып жүрген кезде демаламын. 1800, 1700 жылғы монеталарды альбомыма жинаймын. Бұл хоббиімнің пайда болғанына 6 жылдай болды.
– Өмірлік жарыңызды да театрда кездестіріпсіз. Сол жайлы айтып беріңізші?
– Алтынгүлді бұрыннан танитынмын. Лейло апайдың тобына бізден кейін түсті. Университет қабырғасында оқып жүрген кезінде байқамаппын. Кейін театрға жұмысқа кірген кезде де тек әріптес ретінде араласатынбыз. Бір күні ішімде Алтынгүлге деген сезім пайда болды. Содан бастап бір жылдай жақын сөйлесіп, араластық. Екеуміз де өнер адамы болғандықтан, үйдегі әңгіме де театр жайлы. Бір-біріміздің рөлдерімізді талқылап отырамыз. Қазір баламызды тәрбиелеу жайлы жиі сөйлесеміз. Әке болу да мамандық екен.
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– Нақты мынау менің ұстанымым деп айта алмаймын. Себебі заман өзгеріп жатыр, адам да өзгереді. Бірақ ата-анаңның берген тәрбиесі өмірлік ұстаным болып қалады. Кейбіреулер «өмірлік ұстанымым – шынайы болу» дейді де өтірік айтудан ұялмайды. Өйткені оның алған тәрбиесі сондай. Ата-анам мені адал болуға үйретті. Сондықтан мен өмірлік, өнердегі сұрақтарды адал шешуге тырысамын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Көктем ҚАРҚЫН