Билет сатып алу
Өнерге өктемдік жүрмейді

Театр – көзге көрініп-кө­рін­бейтін қарбаласқа толы мекен ғой. Қашан барсаң да, өнер тудыру жолында жантала­сып жатқан жанкешті тірліктің ортасынан бір-ақ шығасыз. Сахна саласы мамандарының қай-қайсысы да бойындағы мүмкіндігін тұта­сымен өнер­ге бағыштағысы ке­леді. Режис­сер, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Болат Ұза­қов­­тың жұмыс бөлмесінің есі­гін қаққанымызда дәл сон­­дай қауырт қарбаластың үсті­­нен түстік. Үстелінің бетін тұта­­сымен жаба бейберекет ша­­шыл­ған қағазға қарап, тағы бір ауқымды жобаға кіріскенін сөз­сіз түсіндік. Сонда да іште­гі сауа­лымызды іркіп қал­май: «Жа­қында тағы бір қойылым­ның премьерасына куә боламыз ба?» деп сұрап үлгердік.

– Театр деген – тұңғиық әлем ғой. Тереңіне бір бойласаң, қайтып малтып шығуың қиын. Кейде ағысымен, кейде ағысқа қарсы тоқтаусыз жүзе бересің. Өнердің қызығы, бәлкім, сонысында жатқан шығар. Биыл сахнада жүргенімізге 45 жыл толады екен. Аз ба, көп пе, білмеймін, бірақ өміріміздің тұтас мәніне айналған бұл таңғажайып әлемді шынымен тағдырым десем болады. Өнерде жүріп кәсібімді таптым, өмірлік жарымды жолықтырдым, ұлағатты ұстаздардың тәлімін көрдім, теңдессіз тәжірибе жинадым, бір сөзбен айтқанда, тұтас тағдырыма мән таптым. Сахна сырын, театрдың ішкі иірімдерін жақсы білмейтін жандар өнер жолын, әртістердің өмірін оңай деп ойлайды. Бірақ шығармашылықтың машақатын соны тудырып, сахнада тер төгіп жүрген адам ғана шын сезініп, білетін шығар. Міне, осының барлығын жинақтап, есте қалған естеліктерді бір ізге түсіріп, жарқын сәттерді жадымызда тағы бір жаңғыртып кітап етіп шығарсам деген мақсатпен жазудың қызығында жүрмін. Уақыт өткен сайын көзден кеткен көп дүние көңілден де өшіп, ұмытыла береді екен. Бұл еңбек өзгелердің өзің туралы пікірін топтастыратын, мақтаудан ғана тұратын кітап болмаса екен дедім. Керісінше, аға буын мен орта буын һәм келешек ұрпақ арасындағы сабақтастықты жалғар, өнердің өрісін кеңейтер, оқырманның қажетіне жарар бір пайдалы дү­ние­ге айналса деген мақсатпен осы жұ­мысты қолға алған едім. Әлі аяқтай қойған жоқпын. Бірақ өзім үшін құнды көп дүниенің санада қайта жаңғыруына сеп болғаны үшін де осы тәуекеліме риза болып отырған жайым бар. Соңғы сөзді оқырман айтады ғой, әлбетте. Қай еңбегімізге де халық төреші.

– Театрдағы жұмыста­рыңыз­ға жақсы қанық болғанымызбен, өзіңіз туралы кеңірек, тереңірек мәлімет жинағымыз келіп, ға­лам­тордағы ақпарат көздерін сүзіп шыққанда байқағанымыз, туған жер, өскен орта туралы деректер жоққа тән екен. Бала Болат һәм оның балаң армандары туралы білгіміз келеді. Ата-анаңыз да өнерге жақын адамдар ма еді?

– Бұл туралы менен ешкім сұрамаған шығар, сондықтан да көсіліп көп айтпаған болармын. Әйтпесе, туған жер, ата-анам туралы, ол кісілердің қадір-қасиеті хақында сағаттап айтуға бармын. Алматы облысы Шелек ауданы Масақ ауылында дүниеге келдім. Ата-анам өте ерте, 12-13 жасымда екеуі бір жылда өмірден өтіп кетті. Тұл жетім қалған шиеттей он бір бала бір-бірімізді демеп жүріп ержеттік. Сонда ең үлкен әпкеміз небәрі 24-ақ жаста екен. Қалғанымыз әлі шүпірлеген баламыз, ешбірімізді аяқтандырып үлгермеді. Әрине, ол кезде жаспыз, көп нәрсеге мән де бермеппіз. Кейін есейе келе, ақыл тоқтатқан шақта ойланып қарасам, әкеміз бен анамыз бойымызға бар асыл қа­сиетін дарытқан екен. Ата-анамыз­дың көзін көрген кісілер: «Білесің бе, сенің әкең Қасымжанның керемет дауысы болатын. Айтысқа, суырыпсалма өлеңге жүйрік еді. Айтысқанда алдына жан салмайтын, талай той-томалақта өнерін тамашалап, тәнті болғанымыз күні кешегідей көз алдымызда», деп жиі айтып отырады. Анамыздың да қара сөздің қаймағын қалқып ішкен қасиеті – көп әңгімесіне арқау. Оның үстіне әкем – өмір бақи жылқы бағып, аттың құла­ғында ойнаған кісі. Бізді де жас­тайымыздан сол кең даланың еркін тынысы мен тұлпардың тұяқ дүбіріне баулып өсірді. Осының бәрі бойымызға дарыса керек, үйдегі балалардың барлығы еркін ойлы, өнерге, шығармашылыққа бейім болып ержетті. Бірақ арасынан ағамыз екеуміз ғана театр өнерімен кәсіби түрде айналыстық. Ағам қуыршақ театрында ұзақ жылдар қызмет етсе, мен драма театрында табан аудармай 45 жыл тер төгіп келемін.

– Тағдырыңыз театрмен қалай тоғысты? Аядай ауылдың баласын сахнаның сыры мен сиқырына құштар еткен қандай күш?

– Мен негізі өнерге кездейсоқ келген адаммын. Театр – тағдыр­дың маған берген тамаша тартуы, теңдессіз сыйы. Жоғарыда айт­қанымдай, сөз өнері бойыма әкем мен шешемнен қонған болуы керек, бала күнімнен тарихшы немесе әдебиетші болсам деп армандадым. Алматыға келіп, сол кездегі КазГУ-дің тарих факультетіне түсу күні-түні тілеген тілегім болды. Ал сыныптас досым, керісінше, өзін сурет саласында сынап көргісі келді. Сөйтіп, мені де өнер жаққа қызықтыра бастады. Таңдауым түбегейлі өзгеріп кетпегенімен, әуелде елең ете қал­ғаным рас. «Егер мына оқуға түсе алмай жатсам, бағымды сы­нап көрермін», деп іштей ойлап та қойдым. Айтқандай, сол жылы КазГУ-ге түсуге балым жет­педі. Келесі жылы көктем мезгі­лі болуы керек, тағы да сол өнер институтының жанына өтіп бара жатып, ішіне кірдім. Кез­дес­кендерден жөн сұрап едім, жақында актерлік мамандыққа қабылдау басталады екен. «Қыз Жібек» фильмінің әсері ғой, ол кез­де әртіс десе, білетініміз Асанәлі Әшімов, Меруерт Өтекешова сынды бірді-екілі есім ғана. Маған жөн сілтеген адам актерлікке биыл Асқар Тоқпановтың өзі қа­былдайтынын, міндетті түрде оқуға тапсыруым керек екенін, жолым болғалы тұрғанын айтты. Аң-таң болған мен бұл есімді алғаш естіп тұрғанымды жасырмадым. Әлгі жігіт жұлып алғандай: «Тоқпановты білмейсің бе? Онда қалай актер болайын деп жүрсің?» деп жақтырмай бажырая бір қарады да: «Ол кісі өзің аузыңнан тастамайтын Асанәлі Әшімовтерді оқытып, әйгілі әртіс еткен адам ғой. Сен енді басқаларға жолығып әуре болма, бірден Асқар ағаның емтиханына бар да, сол кісінің шеберханасына түсуге тырыс», деді.

Тағдыр бұйыртып Тоқпановпен де кездестім ақыры. Қасымдағы талапкерлерден тапсырмалардың реттілігін сұрап, этюдтің не екенін біліп алған соң, соның барлығын өз түсінігімде орындап шықтым. Монологке келгенде бала кезден жастана оқыған «Абай жолынан» үзінді таңдадым. Байқаймын, Асқар аға ұнатқан сияқты. «Бойың да, ойың да тәп-тәуір көрінеді. Тек оқуға қабылдасам, орта жол­дан тастап кетпей, жалқау болмай оқисың ба?» деді. Мен де қалыспай: «Оқимын, аға!» деп ант-су ішіп жатырмын. Әрине, сырым өзіме мәлім ғой, «Осындай кісінің үмітін ақтай алмай қалар ма екем?» деп ішім де қылпыл­дап қояды. Бірақ әне-міне әртіс болғалы тұр емеспін бе, түр бер­ме­дім. Не керек, сенімді, нық сөйле­сем керек, осылайша оқуға түсіп кеттім.

Асқар ағаның халық ауыз әдебиетінен бастап жыраулар дәстүріне жалғап, оны бүгінгі әдебиетпен сабақтастыра сөйлеген әр сөзін жадыма тоқыдым. Басқа бір әлемге енгендей күй кештім. Тіпті әртіс емес, әдебиеттану мамандығына түскендей сезімде жүрдім. Кейде: «Мұның бәрінің актерлікке не қатысы бар?» деп те іштей ойлап қоятынмын. Алайда қателескен екенмін, Асқар ағаның дәріс үстінде айтқан әр сөзі мен келтірген мысалы кейінгі кәсіп жолымда керемет құнды азық болды. Сол тәлімді әлі күнге дейін бағыт етіп келемін. Сол үшін де Асқар ағаға қарыздармын.

– «Осылайша, ойламаған жер­ден актерлік жолым басталып кетті» дейсіз ғой…

– Иә, дәл солай. Бірақ киелі сах­наға табан тигізгенге дейін жақ­сы ұстаздар мен талантты курс­тастар­дан да көп нәрсе үйрендім. Үшінші курста оқып жүргенде бізге Ыдырыс Ноғайбаев пен Фарида Шәріпова сабақ берді. Ол кісілердің дәріс оқуы, сахналық шеберлігі мен ішкі мәдениеті ғана емес, адамгершілік қасиеті де керемет еді. Әсіресе Ыдырыс ағаның қай жағынан да ірілігі үлкен мектеп болды. Кейін Талды­қорған театрына қызметке орналасып, сахнаға шығып, бас­ты рөлдерге бекітілгенде де, жақ­сы адамдардың, сахналық серік­тес­терімнің қолдауын айрықша сезін­дім. Бұл менің бойыма үлкен сенім­мен қатар зор шабыт та сыйлады.

– Талдықорған театрында­ғы актерлік еңбек жолыңыз М.Әуе­­зовтің «Еңлік – Кебе­гін­де­гі» – Кебек, «Хан Кенесін­дегі» – Наурызбай, «Түнгі сары­нындағы» – Жүніс, У.Шекс­пир­дің «Асауға тұсауындағы» – Транио, М.Кәрімнің «Ай тұтыл­ған түніндегі» – Ақжігіт, Д.Иса­бековтің «Әпкесіндегі»  Тимур сынды рөлдермен бояу байытты. Десе де, кілең басты рөлде көрініп жүрген актердің режиссураға бағыт бұруына не түрткі болды?

– Актерлікке ешқандай өкпем жоқ. Талдықорғанға алғаш барған кезде бірден режиссер Бәйтен Омаровтың қолына түстік қой. Ол кісі де керемет ұстаз-тұғын. Орынсыз айқай, себепсіз ашуға жоқ еді. Барлығын байыппен, асықпай отырып түсіндіретін. Бәйтен ағаға жолығуымыз біздің курс үшін үлкен олжа болды. Оқу бітіріп бара салған сәтте «Таңғы жаңғырық» спектаклінде ойнадық. Сол кездегі Бәйтен ағаның терең­дігін, спектакльді салмақты сараптай алатын сарабдалдығына айрықша тәнті болдым. Одан кейін де бірнеше спектакльде бірге жұмыс істедік, басты рөлдерінде де ойнадым. Сондай жаныма ерекше жақын рөлдің бірі – Мұстай Кәрімнің «Ай тұтылған түніндегі» Ақжігіт бейнесі. Осы спектакль­де зайыбым Сәуле Зү­бар­жатты кейіптеді. Одан басқа да үлкен-кіші спектакльдерінде ойнадым.

Кейін Сәуле­бек Асыл­ханұлы мен Хүсейін Әмір-Те­мір аға­­­­ның ре­жис­сер­­лік мек­­тебінен өт­тік. Осы­­ның барлығы шы­ғар­машылықта ізін қалдыр­май қоймайды екен. Ағалардың қа­сында жүріп, сол кісі­лер­дің жақсы қасиет­тері жаны­мыз­ға жұқ­қан шығар, Қа­зақстан­ның халық әртісі Ма­ман Байсеркенов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Сәулебек Асыл­ханның шеберханасынан 1997 жылы режис­сер­лік курс­ты бітіріп шықтым. Дип­ломдық жұмысқа Ақселеу Сейдімбектің «Күзеуде» деп аталатын повесін инсценировка жасап, Талдықорған театры актерлерінің қатысуымен «Қош бол, ардағым» деп сахна­ға шығардық. Қойылым жақ­сы қабылданды. Осылайша, режиссу­раға имене аяқ бастым.

– Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрына келуіңіз шығарма­шылығыңыздағы жаңа белес болғаны анық… Келісесіз бе?

– Алланың маған бұйыртқан үлкен бір сәттілігі, бағы десем болады, режиссураны тәмамдаған жылы Ақмоладан Қадыр Жетпіс­баев ағамыздың шақыруы келді. Әу баста не істерімді білмей абдырап қалдым. Аз-кем ойланып, Арқаға қоныс аударуға бел будым. Осылайша, шығармашылық жо­лым­ның жаңа парағы ашылып, өзіңіз айтқандай, өнердің жаңа кезеңі басталды. 1997 жыл – ел өміріндегі маңызды кезең, яғни жаңа елорданың бой көтерген уақыты. Сол жылдың желтоқсан айында барлық мемлекеттік рә­міз­іміз Ақмола қаласына көші­рілді. Мен де келе салысымен елор­дадағы дүбірлі өмірге қосы­лып кеттім. Ақмола астана болып жатқан бұл тарихи сәтте шынымен театрға тың серпіліс керек екенін, ұлттық тақырыптағы маз­мұнды дүниелердің сахнаға шығуы, жалпы қазақы рухты өнер арқылы оятатын кезең туғанын іштей ұғынып, түйсінгендей болдым. Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры­ның сахнасында қойған алғаш­қы спектаклім М.Әуезовтің «Көк­серек» повесіне негізделіп шыққан «Қанды ауыз» қойылымы болды. Осы қойылыммен республикалық фестивальға қатысып, қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаға ие болдық. Ең басты жүлдеміз – Каир қаласында әлемнің 75 елінің театрлары өнер көрсететін фес­тивальға жолдама. Осы фестивальда жүріп Ита­лия, Жапония, Германия сынды елдердің театр­лары қойған қойы­лымдарды тамашаладық. Сондағы түйге­нім, ал­дыңғы қатарлы әлем халық­та­ры­нан үлгі алып, шетел­дік­тер­­­дің озық тәжірибесін үйре­­ніп, олар­­дың шығармаларын ауда­рып жатқанымызбен, қазақ халқы­ның өнерін, бар болмысын сөзсіз түсіндіретін ұлттық ерекшеліктен ешқашан айырылып қалмауымыз керек екен. Осыған орай бір мысал айтайын, бірде қоғамдық көлікте келе жатсам, театрға келу тұрмақ, қазақша айтқан сөзіңді түсінбейтін, түсін­се де түсінгісі келмейтін адам­дар­дың ұлтқа деген қарым-қаты­насын көріп, іштей өзімді-өзім қайрадым. Осы сәттен бастап халықтың рухын оятатын қазақы қойылымдарды сахнаға шығаруды алдыма мақсат етіп қойдым. Бағыма орай, жаңа театрға келген бетте Қадыр ағаның қолдауын сезініп, қанаттанып іске кірістім. Әртістер де жатырқамай, бауырына тартты. Соның нәтиже­сінде тізе біріктіріп жақсы, сапалы қойы­лымдар қоюға күш сал­дық. Шы­ғармашылық орта бол­ғаннан кейін, әрине, театр ішінде түрлі жағдай, қайшылық пен пікір қақтығысы болып тұрады ғой. Соған қарамастан ұжым өзінің ұйымшылдығын, бірлігін сақтай алды. Нәтижесінде, міне, өзіңіз көріп куә болып отырған кең сарайдай зәулім ғимаратқа ие болып, Ұлттық театр деген мәртебе алдық. Мұның барлығы да – сөзсіз, тұтас ұжымның ұйымшылдығы мен табанды еңбегінің арқасы.

– Сіздің режиссураңыздың тағы бір бағыты – тарихи тақы­рыптарды сахна төрін­де сөй­летуіңіз дер едік. Жазу­шы, драматург Думан Рамазан екеуіңіз­дің араңыздағы шығар­машылық тандем қалай басталды? Мұны режиссер дра­матургін, драматург режиссерін тапқан одақ десек бола ма?

– Оған енді көзіқарақты, талғамы жоғары көрермен таразы ғой. Десе де, Думан екеуміз әлі сахнаға шықпаған, ешкім сүрлеу салмаған тың тақырыптарға шамамыз бен шығармашылық қиял қарымымыздың жеткенінше барынша тереңнен, ешкімге ұқ­самайтын, өзімізге ғана тән қол­таңбамен баруға тырыстық. Ал­­ғашқы тәжірибе «Кенесары – Кү­німжан» тарихи драмасынан бас­талды. Одан кейін Қазақ хан­­дығының 550 жылды­ғы қар­саңында «Абы­лай ханның арма­ны» спектаклін қой­дық. Өткен жылы сахна кө­ріп, Мем­лекет бас­шысының өзі арнайы келіп тама­ша­лаған «Жошы хан» қойы­лымы да шы­ғар­машы­­­лы­ғы­мыз­дағы тағы бір тама­ша тә­жі­рибе болды. Жал­пы, режиссер мен драма­тургтің көзбен ұғысып, тілсіз түсінісе алуының өзі үлкен жетістік қой. Думан досым екеу­міздің арамызда сол үндестік бар. Бір-бірімізді айт­пай ұғыса аламыз әрі Думанның шы­ғар­машылық адамы ретіндегі өзім аса жо­ғары бағалайтын бір қасиеті – «Мен автормын!» деп өзімбілемдікке салмай, режиссер пікірімен де үнемі санасып, ақылдасып отыратындығы. Қажет жерінде сахна заңдылығын ескеріп, фор­ма­лық жағынан жасалған өзгеріс­ті түсіністікпен қабылдап, қойылым сахнаға шық­қанша шығармашылық үдеріске үнемі ат­салысып, жанашырлық таныта­тын­дығы. Думанның әу бастағы жолы жазушылық бол­ғаннан кейін кейде драма заңды­лығын ескермей қалған тұс­тарында менің драматургтік, режиссерлік қабілетім көмекке келіп, соңында ортақ шешімге келе алуымыздың өзі тарихи туындылардың басты табысы болса керек.

– Театрда сахна заңдылығы деген қағида бар. Бірақ, өкініш­ке қарай, драматургияға қалам тербеп жүргендердің көпшілігі сол ерекшелікті ескермей, фор­­­ма мен конфликтіден бұ­рын, көп­сөзділікке, әрекет­сіз баян­дауға ұрынып жататын­дығын да жиі байқаймыз. Дра­матург ретінде бұл турасын­дағы ойыңыз қалай?

– Сөзіңіздің жаны бар. Рас, қазір таза драматургияға арнап өнер тудыратын драматургтер аз. Пьеса жазатындардың көпшілігі – журналистер, ақындар, әдебиетшілер. Олар драматургияға жақсы ойларын әкелгенімен, нағыз драма өнері заңдылығы тұрғысынан келсек, әлі де бір қайнауы ішінде жатады. Көптеген автор пьесала­рын қабылдамаған кезде назын айтып, ренжіп те қалады. Алайда ол драматургия формасына мүлдем келмейтінін білмейді. Келісемін, әдебиет те, драматургия да – сөз өнері. Десе де, драманың кәсіби өз ерекшелігі бар. Онда көпсөзділік емес, сөз бен ой әрекетінің үндесуі һәм қызықты формалық табыстар маңызды. Одан кейін, әлбетте, тақырып өткірлігі, өзектілігі де ұмыт қал­мауға тиіс. Репликалардың астарында әртістің ойнауына жол салатын, мүмкіндік беретін кең ты­ныс болғаны да – үлкен олжа. Осын­дай ерекшеліктер ескері­ліп жа­зылған пьеса көрерме­нін бей­жай қалдырмайды һәм жалық­тырмайды. Қазір шығар­малары театрларда табысты қойы­лып жүрген жас драматург­тер өсіп келеді. Олар­дың пьеса­дағы айтар ойларынан көп нәрсе түюге болады. Әдеби класси­калық шығармалардан сауатты инсценировка жасай алатын режис­серлердің жұмысын да сахнадан тамашалау маған өте қызық. Жаңашыл, жақсы жұмыс көрсем, жүрегім жарылардай қуанып, сондай талантты жастардың үнемі жанашыры болып жүремін. Жалпы, драматургтің де, режиссердің де көп болғаны жақсы, сонда театр өркендейді, сахна мәдениеті жаңа белеске көтеріледі.

– Сөзіміздің басында ұрпақ са­бақтастығы деген жақсы сөз­ді айтып қалдыңыз. Өсіп келе жат­қан жас актерлер мен режис­серлердің ізденісіне, сахналық көзқарасына көңіліңіз тола ма?

– Өмірде де, өнерде де барлығы салыстырмалы ғой. Сәтті, сапалы жұмыстарды да, көркемдік деңгейі сын көтермейтін, ұлттық танымнан ада дүбәра дүниені де көріп қаламыз, өкінішке қа­рай. Оның барлығы – тікелей сурет­кердің дүниетанымына байланысты факторлар. Қазір ұлты қазақ болғанымен, жаны да, сөзі де, көзқарасы да қазақы таныммен мүлдем қабыспайтын жастар өсіп келеді. Ал ондай драматург, режиссерлердің жұмысын сахнадан тамашалау – әрине, қазақы танымдағы адамдар үшін ауыр соққы. Жақсы, шетелде оқысын, өзге елдің табысты ізденістерін шығармашылық тәжірибесінде пайдалансын, бірақ өзінің түбін, тамыры мен тінін ұмытпауы керек. Сонда ұлтқа қажет, көрер­мен көңілін қозғайтын шығармалар өмірге келеді. Қазір жастарда «өзім білем» дейтін бір дерт, әсіре­­тәкаппарлық пайда болған. Өзі­­не дейінгі істелген жұмыстың, ту­ған өнердің барлығын жоққа шы­ғарады, сонысын көрерменнің де талғамына таңғысы келеді. Бұл, әл­бетте, дұрыс емес. Себебі өнер­ге өктемдік жүрмейді. Әри­не, біз әрқашан да көрермен сұраны­сымен санасуға тиіспіз. Соның ішінде жастардың театрға деген қы­зығушылығы артуы үшін орта буын­ның, кейінгі ұрпақтың тілегі қамтылуы керек. Тілдің таза­лығын, қазақы болмысымызды аралас­ты­ра отырып сахнаға қазіргі заман­ға сай қойылым қояйық, жастардың биін билетейік, әнін шырқатайық дейміз. Міне, сонда қызығушылық оянып, жастар рухани құндылықты осы театрдан іздейтін болады. Кино туралы да дәл сол ойдамын. Өнер адамы болғаннан кейін, режиссер, актер ретінде, тіпті қарапайым көрермен ретінде бұл жайында ойланбай жүрмін десем, ақиқатқа жанаспас. Менің ойымша, сырттан ағылып жатқан кинолардан бас көтере алмай жатқан күйіміз­дің негізгі себебінің бірі – бізде түсі­рілген фильм мен ондағы әртіс­тер­дің рөл сараптауында өз үнінің болмауы. Кейіпкерлердің үстіне қазақтың ұлттық киімін кигізе салып, бір-екі киіз үйді тігіп жіберіп, «ұлттық кино түсіріп тас­тадым» деген ұғым қате, егер онда ұлттың жаны, болмысы, мінезі жоқ болса. Түсіріліп жатқан саны көп те, сапасы төмен туындылардың ғұмыры басталмай жатып бітіп жататын себебі де осында болар. Қазақ өнері ең әуелі өз өрнегі, өзіндік ұлттық бояуымен бедерле­нуі керек. Сонда ғана көсегеміз
көгереді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»