Бәзіл Сұлтанғазы, актер: Қоғамның рухани емшісіне айналғым келеді

Ол өзін «режиссер» деп таныстырмауымызды өтінді. Бірақ қалың көрермен Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актері Бәзіл Сұлтанғазыны режиссер ретінде жақсы таниды.
– Актер боламын деп кішкентай кезімнен армандағам жоқ. Мен тіпті мектепте жүрген кезде актер болу үшін жоғары оқу орнында білім алу керек екенін де білмедім. Бірақ мектеп қабырғасында көркемсөз оқу байқауларына қатысып, белсенді болып жүрдім. Содан 10-класта Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы туралы естідім. Ол жерде актерлерді оқытатынын біліп, қызығушылығым оянды.
Ойнаған рөлдерімді бөліп-жармаймын
– Өзіңіз ойнаған рөлдердің ішінде ең қиын әрі ең есте қалғаны қайсы?
– Көбінесе театр сахнасында көп рөл сомдадым. Ал киноға түсуді енді бастадым. Театрдағы әр рөл өз қиындығымен, қызығымен келеді. Әр кейіпкердің жан дүниесін ұғу, оның сахнадағы жағдайын қазбалау қажет. Рөлдерімді бөліп жаруға келмейді. 2022 жылы Түркістан қаласында режиссер Әлібек Өмірбекұлы М.Әуезовтің «Қарагөз», Гетенің «Фауст», Шекспирдің «Гамлет» шығармаларын біріктіріп триптих спектакль қойған еді. Сол жерде мен «Гамлетте» Гамлет, «Қарагөзде» Сырым, «Фауста» Фаустың рөлін ойнадым. Шынымды айтсам, сол рөл менің есімде қалатын, ең қиын шыққан рөлім болды. Өкінішке қарай, триптихты тек премьерада ғана ойнадық. Одан кейін бұл спектакль Түркістан музыкалық драма театрының репертуарынан шығып қалды. Ол жерде мен шақырылған актер ретінде жұмыс істегенмін. Сол спектакль, сол образым, сол рөлім өзіме қатты жақын. Әлі күнге дейін ойнағым келетін, сағынып жүрген кейіпкерлерімнің бірі. Одан кейін 2024 жылы режиссер Гүлсина Мерғалиеваның М.Әуезовтің «Қарагөзін» қойып, мен Наршаны ойнадым. Наршаға мені бекіткен сәттен бастап «Қарагөз» шығармасына мүлдем басқа көзқараспен қарадым. Қазір менің сүйіп ойнайтын рөлімнің бірі – осы. Тағы бір есте қалғаны – Пьер Бомаршенің «Фигароның үйленуі» спектаклінде Графтың рөлі. Ол менің табиғатыма қарама-қайшы келетін кейіпкер. Есте қалатын, қиындықпен шыққасын осы үшеуі ойыма түсті. Негізінде рөлдерімді бөліп жармаймын.
– Күнделікті күйбең тіршіліктен қалай демаласыз? Сүйікті хоббиіңіз бар ма?
– Біздің қоғамда күйбең тіршіліктен демалу қиын. Қазір қазақ актерлерінің ең осал тұсы да күйбең тірлік. Біздің мамандықтың бір жақсы жері спектакль процесі, театрдағы уақыт күйбең тірлікті ұмыттырады. Кейіпкердің өмірін терең зерттей бастаған кезде өзіңнің күйбең тірліктегі өміріңнен сәл де болсын алыстайсың. Кейбір өмірлік сұрақтарға кейіпкерлер арқылы жауап табасың. Сондықтан да күйбең тірліктен тек мамандығым арқылы ғана демаламын. Ал тұрақты түрде айналысатын сүйікті хоббиім жоқ. Бірақ қолым босаса, атқа мінгенді жақсы көремін.
– Қандай арманыңызды әлі жүзеге асыра алмай жүрсіз?
– Арманым өте көп. Олар өз сәтімен, жоспарымен орындалып та жатыр. Негізгі арманым – мамандығыммен халқыма пайдамды тигізу. Біздің қоғам актер десе, сауықпен, күлкімен өмір өткізеді деп ойлайды. Мен сол қалыптасқан ұғымды бұзғым келеді. Актер ретінде қоғамның рухани емшісіне айналғым келеді. Мен де біреудің өміріне қолымнан келгенше жақсы әсер етсем деймін.
– Егер актер болмағанда, қандай мамандықты таңдар едіңіз?
– Осы сұраққа мен де жауап іздеп жүрмін. Өйткені өнерге де арман қуып келгенім жоқ. «9-кластан кейін медицина саласына барамын, хирург боламын» деп ойлағанмын. Бірақ отбасымдағы жағдайға байланысты 10-11- сыныпқа қалуыма тура келді. Осылайша, менің мақсатым мүлдем өзгеріп кетті. Мүмкін актер болмағанда, дәрігер болар ма едім. Бірақ қазір ойласам, мен өте эмоционалды адаммын. Сондықтан менен дәрігер де шықпас еді. Сосын әскери азамат болуды да армандағанмын. Бірақ оған да тәртіп керек қой. Ал менің өмір сүру салтым еркін, қазір ойлап қарасам тәртіпке бағынуым да қиын екен.
Театр лабораториясының мақсаты – еркіндік
– «Генерал болуды армандамаған солдат – солдат емес» деген сөз бар. Ал сіз актер ретінде қандай рөлді ойнағыңыз келеді?
– Болашақта классикаларды ойнағым келеді. Арманым Гетенің «Фаустындағы» Фаусты басқаша көзқараспен қайта ойнағым келеді. Одан кейінгі арманым Шоқан Уәлихановтың образын сомдау. Кинода әртүрлі мінездегі рөлдерді армандаймын.
– Бүгінде Qalleki театр лабораториясының қойылымдары көрермен арасында жиі талқыланып жүр. Лабораторияның алғашқы сахнасы сіздің спектакліңізбен ашылғаны да есімізде. Жалпы, Qalleki зертханасының ашылуына не себеп болды?
– Жалпы, біз Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын оқыған кезде курсымызбен түнге дейін дайындық жасау әдетке айналған еді. Кешкі сағат 8-9-да үйге қайтсақ, өзімізді жаман сезінетінбіз. Академияда түнгі 3-4-ке дейін қалып, дайындық жасаудан шабыт алатынбыз. Ал театрға келгеннен кейін бұл жақтың жүйесі басқа. Спектакльдер репертуарға сай қойылатын. Лабораторияның ашылуына осы оқиға әсер етті. Сол кезде театрда жастарға рөлдің берілуі бір жылдай қиын болды. Рөл ойнамадық емес, ойнадық. Бірақ өз қалағанымыздай терлеп-тепшіп, қалаған рөлімізді ойнай алмадық. Бұл менің ғана емес, бізбен қатар келген, бізден бірнеше жыл бұрын театрға келген актерлердің де ойында жүр екен. Солай жүріп, карантинге тап келдік. Шығармашылық тоқырауды да басымыздан өткердік. «Бірдеңе істеу керек» деп театрға «аш» келдік. Қандай материалдар бар деп іздене бастадық. Театр лабораториясын ашу туралы мүлдем ой болмаған. Біздің мақсатымыз процесте жұмыс істеу болатын. Сосын «монологтерден жинап, музыкалық композиция жинаймыз» деген ой болған. Әр актер өздері оқығысы келетін материалды алып келіп, ортаға салды. Осылайша, композицияға кірісіп кетсек те, бұл процесс аяқталмады. Ерсін Айтмұқаш деген актер әкелген Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» шығармасы бәрімізге қатты ұнады. «Ұйқым келмейді» шығармасы бойынша процесті бастап кеттік. Процесс барысы күн өткен сайын қыза түсті. Жарты жылдың қалай өткенін байқамай қалыппыз. Содан театрымыздың сол кездегі көркемдік жетекшісі Қуандық Қыстықбай ағамызға айтып, театрдың үлкендеріне, басқа да актерлерге өзіндік жұмысымызды ұсындық. Осылайша, шығармашылық ізденісімізді көрген Нұркен Өтеуіл ағамыз бастаған топ «театр лабораториясын ашу» туралы идея тастады. Осылайша, бір идея екіншісіне себепші болып, «Ұйқым келмейді» қойылымымен Қаллеки лабораториясының тұсауын кестік.
Жалпы, лабораторияның мақсаты – еркіндік. Репертуар қойылған театрларда еркіндік аздау болады деген түсінік бар. Ал лабораторияда әр актер өзінің қалаған рөлін сомдай алады, өзін басқаша сезінеді. Осылайша, театр лабораториясы актерге өзінің қолынан көп нәрсе келетінін дәлелдейді.
Өзімді режиссермін деп санамаймын
– Жазушы Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» спектаклі арқылы нені жеткізгіңіз келді?
– Ол кезде мен өзімнің режиссер болатынымды да білмедім. Шынымды айтсам, «нені жеткізгіміз келеді» деген сұрақтан бұрын «біздің қолымыздан не келеді?» деген сұрақ көбірек мазалады. Өйткені «Ұйқым келмейді» жастардың қолынан үлкен дүниелер келетінін дәлелдеу үшін жасалған спектакль болды. Сол себепті мен нені жеткізгім келеді деп қатты ойланбаған екенмін. Бірақ процесс басталып, қойылымның мүсіні, құрылымы пайда бола бастаған кезде спектакльдің махаббат туралы, тазалық туралы екені анықталды. Жалпы, жазушы Оралхан Бөкей адамның көп мән бермейтін ойларын түпсанасындағы дүниелерді алдыңа алып келеді. Ол қойылымда біздің алып қосқанымыз «еңбек» қана. Шығарманың идеясын алдыға тарттық.
– Нұрикамал әніне қойылған «Махаббатым сен..» спектаклі көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Ал қойылым режиссердің өз көңілінен шықты ма? Еңбек ақталды ма?
–Театр лабораториясы «Ұйқым келмейді» қойылымынан кейін Калмыков деген суретші туралы Роза Мұқанованың «Сен» деген шығармасын моноспектакль ретінде қойдық. Актриса Нұрия Бөкенбай, музыкамен сүйемелдеуші Айша, актер Әнуар Бектасов ойнады. Спектаклімізді көркемдік кеңеске тапсырдық. Бірақ олар әлі де моноспектакльді жетілдіру керек екенін айтты. Одан кейін Ұлан Қабыл «Жекпе жек» шығармасын қойды. Ол да көркемдік кеңестен өтпей қалды. «Кешкі 7» деген спектакль менің режиссер екенімді түсініп жасаған алғашқы қойылымым. Жанры спектакль концерт. Ол жерде оқылатын монологтердің барлығы актердің өмірінде болған оқиға. Айтылатын әндердің авторлары да актерлердің өздері. Театр сахнасына осындай жанрдағы спектакльді алып келген біз болдық.
Жалпы, мен өзімді режиссермін деп санамаймын. Ол менің хоббиім сияқты. Өйткені мен өзімді сұхбат берген кезде де режиссермін деп таныстырмаймын. Режиссер деп атаса, «режиссер емеспін» деп анық айтамын. Режиссура – манифест. Актер болып жеткізе алмаған дүниемді, айтқым келген ойларды режиссура арқылы жеткіземін. «Махаббатым сен…» спектаклінің бағасын мен емес, көрермен береді. Бірақ мені мазалаған ойларды мен спектакль арқылы айта алдым. Қойылымға 2 ай дайындалдық. Еңбегіміздің ақталғанын немесе ақталмағанын айта алмаймын. Бағасын кейінірек білерміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Көктем ҚАРҚЫН