Билет сатып алу
Думан РАМАЗАН, жазушы-драматург: ЖОШЫ ҰЛЫСЫ – ПРОТОҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ

23-24 маусым күндері Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекет­тік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Думан Рамазанның «Жошы хан» тарихи драмасы сахналанбақ. Осыған байланысты Шыңғыс хан мен оның үлкен ұлы Жошы және сол дәуірдегі тарихи оқиғалар жайлы жазушымен әңгіме өрбіткен едік. Жошы хан мен айналасындағылардың тайталасының таққа қатысы бар ма? Шыңғыс хан кім? Алаша хан кім? Бұл жөнінде сұхбат­тан оқи аласыздар.

Мұхтар Шахановтың жағында болатынмын, кейіннен Мұхтар Мағауинның жағына өт­тім

– Аға, жуырда әлеумет­тік желідегі парақшаңызда: «Енді пьеса жазбаймын, драматургиямен қош айтысамын», – деп үзілді-кесілді мәлімдедіңіз. Неге?
– Шынында да осы тарихи драмамызбен драматургиямен қоштасу вальсін жасаймыз. Оның себептері көп. Негізгілерін ғана айтайын. Жалпы қазақ театрындағы басшы-қосшылардың драматургтерге деген көзқарасы дұрыс емес. Театрлардың көбі қаламақы бергісі келмейді. Берсе де, жарытпайды. Өзім үшін айтып тұрған жоқпын. Еңбектің лайықты бағаланғанын, өз дәреже-дәргейінде өтелгенін қалаймын.
Театр басшылары: «Ақша жоқ», – деп ауызды қу шөп­пен сүртіп отырады. Қаржы емес, ниет-пейіл кем-ау! Кезінде бір облыстық театрдың қызметкерлері 61 миллион ақша жымқырып, ақыры ұсталып, темір торға қамалғанын естігенбіз. Егер театрда қаржы жоқ болса, олар ондай миллиондарды қайдан алды, қалай жымқырды?! Жеуге келгенде есебін табады, ал драматургтерге қаламақы берер кез­де тарылып қалады.
Кез келген драматург бір пьесасы сахналанса, кем дегенде, бір жыл алаңсыз өмір сүруіне, шығармашылықпен айналысуына жетерліктей қаламақы алуы керек. Сонда сол бір жылдың ішінде ол драматург тағы бір жақсы дүние жазып шыға алады. Яғни қазақ драматургиясы дамып, бойына қан жүгіреді. Көзқарас пен жағдайды түземесе, қазақ драматургиясының құлашын кеңге сермеуі екіталай.
Бұрын авторлар қоғамынан ай сайын тиын-тебен алып тұратын едік. Ақ болды, көк болды деп, оны да жоқ қылды. Авторлар қоғамына хабарлассақ, «Театрлар келісімшарт жасаспай отыр», – деп зырғақ қағады. Енді біреулер: «Авторлардың ақшасын авторлар қоғамы опырып жеп жатыр, өздері үстеме еңбекақы мен сыйақы алады», – дейді. Қайсысына сенеріңді білмейсің! Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды ғой! Әйтеуір, осындай келеңсіз жайт­тар көбейіп кет­ті.
Менің драматургиядан кетуіммен қазақ драматургиясы құлап қалмас, дегенмен мемлекет­тік шенеуніктер мен театрдың басшы-қосшылары мықтап ойлануы керек. Қазақстан Жазушылар одағы да қаламгерлерге қатысты осындай шетін мәселелерді басты назарда ұстауы қажет. Қалай болғанда да қоғамда драматургтерге деген көзқарасты өзгерткен жөн. Онсыз қазақ драматургиясының ғана емес, жалпы қазақ театрының қарыштап дамуы екіталай. Жақсы драматургиялық шығарма жазылмаса, жақсы қойылым қайдан болады?!
– Шыңғыс хан туралы қарама-қайшы ой-пікірлер өте көп. Басқаны айтпағанның өзінде, Мұхтар Мағауин мен Мұхтар Шаханов ағаларымыздың айтыс-тартысын алсақ та жетіп жатыр. Бірі – «Ұлы көсем» десе, бірі – «Талай жанның қанын суша шашқан қанішер, жауыз» деп сипат­тайды. Әлем оны моңғол деп таныды, ал біздің кейбір тарихшылардан бастап, басқа саланың өкілдері қазақ деп шуласып жүр. Осыған сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Әрине, өзіңіз айтып отырғандай, Шыңғыс ханды әлем моңғол деп таныды. Дейтұрғанмен атақты тарихшылар мен ғалымдардың арасында оны түркі тайпасынан шыққан дейтіндер аз емес. Мұхтар Мағауин мен Мұхтар Шаханов ағаларымның да айтысын жақсы білемін. Әркімнің өз шындығы бар, екеуінікі де өздерінше дұрыс. Бірақ шындық көп болғанымен, ақиқат жалқы. Ал ақиқат кімнің жағында? Меніңше, Мұхтар Мағауинның жағында. Мен де жастау кезімде Шыңғыс ханды ата-бабамды қырған қанішер, жауыз деп есептейтінмін, яғни Мұхтар Шахановтың жағында болатынмын. Кейіннен ақыл-ойым толыса келе Мұхтар Мағауинның жағына өт­тім. Шыңғыс ханның кім екенін түсіндім. Сөз жоқ, ол – аз ғана уақыт­тың ішінде жарты әлемді бауырына басқан ұлы қағанат құрған ұлы тұлға. Жері айқындалды. Қазіргі қазақтардың құрамындағы ру-тайпалар бір ұлысқа бірігіп, ұлт ретінде ұйыса бастады. Оны қалай жоққа шығарасыз?.. Әйтпесе, сол аласапыран кезеңде бет-бетімен бытырап жүрген ру-тайпалар бейбіт жолмен бірігіп, ұлт болып ұйысып, іргесі берік мемлекет құра алар ма еді. Ол мүмкін емес қой. Шыңғыс хан сол ру-тайпаларды күшпен болса да біріктіріп, бастарын қосты. Бұл – тарих алдындағы ұлы міндет. Ол болмаса, сол ру-тайпалар бір-бірімен қырқысып, атысып-шабысып, басқа бір жат елдің илеуінде кетер ме еді, кім білсін?! Міне, көріп отырсыз, тумысы, алған білімі мен тәрбиесі бөлек екі адам тұрмақ, менің бір өзім қақ жарылдым. Жас кезімде Шыңғыс ханды өлердей жек көрсем, қазір оған кешіріммен қараймын. Тіпті, оны моңғол деп танығанның өзінде де, қазақ халқының тарихынан мүлде сызып тастай алмайсыз. Мен тіпті үшінші көзқарастағы адаммын. Қос Мұхтар ағамды да толық қолдамаймын. Шыңғыс ханды өз басым көшпелі түркі тайпасынан шыққан деп есептесем де, оны басы бүтін қазақ қылудың түкке де керегі жоқ. Айтар болсаң, оның ұлтымыздың прогрессивті дамуына тигізген пайдасы мен қосқан үлесін айт. Қазақ ұлты мен мемлекетінің қалыптасуы оның еркінен тыс жүзеге асты дегеннің өзінде, соған жағдай тудырғанын ешкім де жоққа шығара алмайды.

Хандар тақырыбы – қазақ халқының тарихы

– Таяуда Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекет­тік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Жошы хан» тарихи драмаңыз сахналанбақ. Бұндай күрделі тақырыпқа не үшін қалам тарт­тыңыз?
– Мен кезінде «Кенесары – Күнімжан», «Абылай ханның арманы», «Керей – Жәнібек» тарихи драмаларын жаздым. Бәрі де сахналанды. Хандар тақырыбын – қазақ халқының тарихы туралы туындылар деп түсінген абзал. Оны Шыңғыс хан және Жошымен түйіндегім келді. Өйткені қазақ хандарының бәрі де осы Шыңғыс ханның ұрпақтары ғой. Екіншіден, Жошы ұлысы – қазақ хандығының бастау бұлағы! Бір елді екінші ел басып алып, билік жүргізсе, сол басқыншы елдің атымен атау, сол жатжұрт­тықтардың елі деп қарау мүлде дұрыс емес. Мәселен, Шыңғыс хан қаншама елді басып алды. Солардың бәрін «Моңғол елі», «Моңғол жұртшылығы», «Моңғолдар» деп атаймыз ба?! Жоқ, айналайындар, олай деу – түбірімен қате. Иә, олар басып алды, иә, олар қалағанынша билік жүргізді, иә, бүкіл басшылық қызмет­терде солардың өкілі болды. Сонда да ол елдерді «Моңғол елі», «моңғолдар» дей алмайсыз. Керек болса, тіпті «моңғол» сөзінің де түбірі мен түбі шикі. Оны әлі де індете зерт­теп, ақ-қарасын айыру керек. Шыңғыс ханның өзі моңғол ма, түркі ме? Бұны да әлі зерт­тей түсу керек. Ғұлама тарихшылар Рашид-ад Дин мен Әбілғазыдан бастап, Шыңғыс ханның ататегін оғыз-түркіден таратады. Сонда біз сол данышпандардан да әулиеміз бе?! Мысалы, Шыңғыс хан Қытайды басып алып, қалауынша билеп-төстеді. Сонда Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары билік жүргізді екен деп, Қытайды «Моңғол елі», «Моңғолдар» деуге бола ма?! Соңында олардың ұрпақтарының өзі қытайға сіңіп, қытайланып кет­ті. Сондықтан Жошы ұлысына да осы тұрғыдан қараған абзал. Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары билеген дәуірлердегі Қазақ ұлысы, Қазақ елі, Қазақ мемлекеті деп атауымыз керек. Жошы – қазақ хандарының түп атасы. Жошы құрған мемлекет – бүгінгі Қазақстан. Ендеше, Жошы ұлысы туралы жазғанда, бұрынғы тілмен айтқанда, «қыпшақтар», «Қыпшақ хандығы», «Қыпшақ мемлекеті» деп, ал қазіргіше «қазақтар», «Қазақ мемлекеті», «Қазақ хандығы» деп жазсақ, еш қателеспейміз. Шындықтан қашып құтыла алмаймыз. Жошы ұлысы –протоқазақ мемлекеті. Жошы ұлысы мен Алтын Орданың құрылуы – қазақ мемлекет­тігінің бастауы. Қазақ хандығының тарихын Керей мен Жәнібектен емес, Жошыдан бастау керек. Дешті Қыпшақ аймағын, яғни қазіргі қазақ жерін мекен еткен қазіргі қазақ халқының құрамындағы рулар мен тайпалар, сол кез­дегі бәріне ортақ жалпы атаумен айтсақ, қыпшақтар болатын. Жошы ханның ұрпақтары осы өздері иелік еткен ұлан-ғайыр Қазақ даласын ешкімге жалтақтамай, емін-еркін, жеке-дара биледі. Өз алдына тәуелсіз мемлекет­тің іргетасын қалап, негізін салды. Жошының дербес мемлекет құру идеясын оның ұлдары мен немерелері өте сәт­ті жалғастырды. Берке ханнан бастап Жошы ұлысы мүлде тәуелсіз мемлекетке айналды. Қазақ ұлт болып ұйысты. Ал біз әлі күнге дейін ғылыми еңбектерде «моңғолдар», «моңғол әскері» деп жазып келеміз. Беркені «моңғол» атап, оның әскерін «моңғол әскері» деп жазуға әсте болмайды. Себебі олардың ұрпақтарының өзі кейіннен қазақ болып, қазаққа сіңіп кет­ті. Қазақстанның қазіргі халқы аспаннан түскен жоқ, сол дәуірлерде өмір сүрген адамдардың ұрпақтары. Орыстың, қытайдың, моңғолдың тарихшылары жазған еңбектерді құрғақ көшіріп, қайталауды қою қажет. Біздің тарих отарлаушылардың көзімен жазылған. Тарихымыздағы кейбір ақтаңдақтарды қайта қарап, қазақтың тұрғысынан зерт­теп-зерделеп, пайымдап, қазақтың көзімен жазатын уақыт жет­ті. Өзімізді төмен санайтын құлдық санадан арылу керек.

Тақ таласында мейірім, қайырым деген ұғымдар – құр сөз.

– Жошының тегі туралы да әртүрлі алыпқашпа әңгімелерде, талас-тартыста қисап жоқ. «Жошы – Шыңғыс ханның баласы емес, меркіт­тің шатасы» деген сөздер жиі айтылады. Бұл шындыққа жанаса ма, жоқ әлде, жалған қауесет пе? Қалай ойлайсыз?
– Жалпы, бұл мәселеге көп көңіл бөлудің керегі жоқ. Кесіп-пішіп ештеңе айта алмаймын. Жошы – Шыңғыс ханның өз ұлы ма, жоқ әлде, меркіт­тің ұрпағы ма, оны енді ешкім де тап басып айта алмас. Дегенмен тарихта осындай бір қауесет­тің бар екені рас. Қалай болған күннің өзінде де өз басым Жошыны Шыңғыс ханның бел баласы деп есептеймін. «Бөрте ханым Жошыны меркіт­терден босап келе жатқанда жолда босанған», – дейді білгір тарихшылар. Бұл тақырыпты зерт­теген ғалымдардың барлығы дерлік «Жошы» атауының «түзде туылып келген қонақ» деген мағына беретінін айтады. Ендеше, дүниеге келмей жатып Жошының тағдыр-талайы белгіленіп, шешіліп қойыпты. Ол – Қонақ. Ол – Жат. Ол – Бөтен. Оның айналасынан жат­тық көріп, тасбауыр болып өскені де – шындық. Тіпті басқа-басқа, бірге туған бауырларының өзі оны «меркіт­тің шатасы» деп шет­тет­ті. Біздіңше, Шыңғыс ханның өзі оны өз ұлым деп қабылдағаны – ойланарлық жайт, өзінің де тағдыры Жошыға ұқсас қой! Оны да «меркіт­тің шатасы» деп кінәлайтындар болған. Әкесі Есугей тартып алып, әйел қылған меркіт қызының ішінде келген бала деп есептейтін. Жазылмаған Дала заңы бойынша, негізі Шыңғыс хан үлкен ұлын мұрагері етуі керек еді, жоқ, үшінші ұлы Үгедейді таңдады. Неге? Бұнда біз білмейтін бір құпия-сырдың жатқаны рас. Әйтпесе, Шыңғыс ханның ұлдарының ішіндегі қай жағынан болсын ұлы қағандыққа лайықтысы да осы Жошы болатын. Батырлығы мен ақыл-парасаты жағынан бауырларының ешқайсысы да оның алдына түсе алмайтын. Әйгілі тарихшылардың көпшілігі Жошының аса айбынды, жаужүрек, қаһарман екенін, тіпті одан әкесінің өзі сескенгенін ашық жазады. Шыңғыс ханның Үгедейді таңдағанын кейбір ғалымдар оның жүрегі кең, ағайын-туысқа адал, мейірімді, қайырымды болғанымен түсіндіреді. Мен бұған сене қоймаймын. Жошыны «бойында меркіт­тің қаны бар» деп шет­теткендердің бірі де – осы Үгедей еді. Ондай адам қалай мейірімді болады? Тақ таласында мейірім, қайырым деген ұғымдар – құр сөз ғана.
Әкесінің өзінен кіші бауырын ұлы қағандыққа мұрагер етуі – Жошыға үлкен соққы болды. Ұлдың үлкені болғандықтан, алтын тақ өзіне тиесілі болуы керек екенін ол да білді. Міне, сондықтан Жошы да олардан ірге ажыратқысы, бөлінгісі келді. Өзін Шыңғыс ханның айналасына жат сезінген адамның қалай бөлінгісі келмейді. Бұл – қисынды, табиғи заңдылық. Ол дербес мемлекет құруға ұмтылды, соған күш салды. Оның бұл ойын мұрагерлері толық жүзеге асырды.
Шыңғыс хан тұңғат­тарға қарсы соғысқа ат­тану үшін ұлы құрылтайға шақырғанда Жошы бармады. Оған Шыңғыс ханның өзге ұлдары мен әскербасылары тай-тұяғы қалмай келеді. Жошы ұлысындағы Шыңғыс ханның тыңшылары ұлының аман-есен, құлан аулап жүргенін жеткізді. Оған Шыңғыс ханның жас тоқалы Құлан қатын мен Шағатайдың азғырған сөздері қосылды. Жас әрі айдай сұлу Құланның сөзі сол кез­дегі пайғамбарлық жастан асып кеткен Шыңғыс ханға өтімдірек болатын. Ал, шындығында, оның да ішкі есептері бар еді. Себебі Шыңғыс ханның Бөртеден туған төрт ұлынан басқа балалары ешқандай көзге ілінбеді, санатқа қосылмады. Ешқандай да ұлысқа, билікке ие болмады. Құлан қатынға бұл ұнай қойған жоқ. Өзінің жастығы мен сұлулығын пайдаланып, сарайда интрига жүргізді. Жошының бөліну туралы ойын, ірге ажыратпақ ниетін Шыңғыс ханға үстемелеп жеткізгендердің бірі де осы Құлан қатын болатын. Білдірмей, өз ойын жүзеге асырғысы келді.
Жошы хан да, Бату хан да ұлы қағандыққа лайықты еді. Бірақ осы бір күдіктен кейін Шыңғыс хан әулеті Жошының өзінен бастап ұрпақтарын да ұлы қағандық билікке жолатпады. Тіпті Шыңғыс хан әулетінен шыққан белгілі тұлғаларды жерлейтін «Хан қорығына» Жошының өзі түгілі ұрпақтары да жерленбеді.
– Жошының өлімі туралы да әңгіме көп. Жошының ажалы кімнен болды, шынымен ақсақ құланнан ба?
– «Ақсақ құлан» аңызы мен күйінің сарынына қарағанда, Жошының ажалы ақсақ құланнан болған-мыс. Шыңғыс ханға ұлының өлімін Кетбұға жырау естірткен. Бәлкім, естіртсе, естірткен шығар, бірақ онда қалай өлгені айтылмайды ғой! Күйдің авторы да Кетбұға жырау деп айтылады. «Жошының ажалы ақсақ құланнан болыпты», – дейді кейбір оқымыстылар. Өз басым бұған онша сеніңкіремеймін.
Атақты тарихшы Л.Гумилев: «Құдайдан Жошының өлімін тілеген жалғыз адам Шыңғыс ханның өзі», – деп жазады. Жалпы, ғалым әке мен баланың арасында қатыгездік пен қайырымдылыққа байланысты қайшылық болғанын, сол үшін 1227 жылы Жошының Шыңғыс хан жіберген жансыздардың қолынан ажал құшқанын ашық айтқан.
– Кей мамандар Жошының ажалы құланнан болды дегенде, құланды емес, Құлан сұлуды алға тартады. Шыңғыс хан Жошыға қастық ойлап, тоқалы Құланды жіберіпті, сол у беріпті деген де аңыз бар.
– Иә, ел арасында бұндай да аңыздың бар екені рас. Бірақ ондағы айтылатын әңгімелер – тіпті адам сенгісіз. Шыңғыс хан: «Елің меркіт­терді қырып-жойып, жер бетінен жоқ қылған Жошыдан кегіңді ал», – деп Құлан қатынды ұлын өлтіруге жұмсайды. Ішіне кек қатқан Құлан қатын: «Қандай бұйрығыңызды да орындаймын», – деп, жанына еңгезердей батыр қорғаушысын ертіп алып, қыпшақ даласына келеді. Құланның қорғаушысы қапыда Жошыны қан қаптырады. Шаруаларын асқан ептілікпен ойдағыдай тындырып, есіктен сытылып шыға берген кез­де Құлан қатын мен қорғаушысының да бастары шабылады. «Бұл – Шыңғыс ханның айла-шарғысы еді», – дейді аңызда. Сенейін десең, қызық, сенбейін десең, Құлан қатынның мазары Жошы хан мазарынан алпыс шақырымдай ғана жерде тұр. «Құлан бұл жаққа қалай және қайдан келген?» деген де ой келеді. Ал қытай ғалымы Б.Сайшалл Жошының 1225 жылы 47 жасында аурудан қайтыс болғанын жазады. Бұл дерек-дәйекті қостаушылар да аз емес. Енді біреулер Ұлытауда аң аулап жүріп мерт болғанын айтады. Әйтеуір, шым-шытырық дүние. Жошының ажалы кімнен және неден болғанын бір Алла ғана біледі. Қалғанының бәрі де сол, аңыз, әпсана, болжам.

Жошы балаларына қазақша ат қойды

– Сонда әкелі-балалылардың арасындағы басты қайшылық неде болуы мүмкін?
– Меніңше, басты қайшылық Жошының жат жерде дүниеге келгенінен бастау алады. Шыңғыс хан оны ұлым деп қабылдағанымен, толық сене қоймады. Көзқарастарында да қайшылық болды. Шыңғыс хан бағыныштыларын күшпен, қорқытып-үркітіп, қорқынышта ұстау керек десе, Жошы қайырым-мейіріммен басқаруды ұстын ғып алады. Әйгілі ғалым В.Бартольд те: «Жошы беталды талқандау мен халықты қырып-жоюдан сақтанды», – деп жазады. Осы орайда Шыңғыс ханның Жошыға айтқан мына бір сөзін келтіре кеткен жөн секілді: «Қашанғы айтамын, егер қарсылық білдірсе, ешқандай аяушылық болмасын! «Бойлары арба күпшегінен асатын еркеккіндікті татарлардың бірін қалдырмай басын шабыңдар», – деген әмірімді де орындамай, өз білгеніңді істепсің! Оларға да жаның ашып, басым көпшілігін босатып жіберіпсің. Бұл сенің мықтылығың емес, керісінше, әлсіздігің! Есіңде болсын, жауды аяған жаралы болады». Осыдан-ақ әке мен бала арасындағы қарама-қайшылықты анық аңғаруға болатын шығар. Оның үстіне, қағандықтағы билік тізгінін Үгедейге ұстат­ты. Екеуінің арасы осыдан кейін мүлде суып кеткен сияқты. Осыдан кейін, яғни 1213 жылы Жошы қыпшақ даласына кетіп, одан кейін ордаға ат ізін салған жоқ. Тіпті әкесінің шақыртуына да құлақ аспады. Ендеше, бір өкпе-реніштің болғаны анық. Оған екеуінің арасына әдейі ши жүгірткен Шағатай мен Құлан қатынның қитұрқы іс-әрекет­терін қосыңыз.
– Жошы, сіздіңше, қандай билеуші болды?
– Жошы – жаужүрек қолбасшы ғана емес, көреген басшы болған. Ол ұлысын күшпен, жаншумен, зорлық-зомбылықпен емес, ақылмен басқарды. Дала демократиясы күшті еді. Халықпен санасты. Ешкімнің наным-сеніміне, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына тыйым салмады. Құқығын шектемеді. Жаулаушы, қанаушы емес, қорған, пана болуға күш салды. Өз ұлысындағы әр адамды қорғау­ға, ешкімге маңдайынан шерткізбеуге уәде берді. Жергілікті жердің өмір сүру салтын еш жатсынған жоқ. Сондықтан да Жошыны жергілікті халық жақсы көрді, ханымыз деп риясыз қабылдады.
– Қойылымды жазу барысында зерт­теу еңбектерімен көптеп танысқаныңыз анық. Жошы хан қай тілде сөйлеп, қандай дінді ұстанғаны деректерде келтірілген бе?
– Жошының өзі де, үрім-бұтақтары да түркі, қыпшақ, қазіргіге айналдырсақ, қазақ тілінде сөйледі. Шыңғыс хан сияқты ол да Көк Тәңірге (шамандық намым-сенім) табынған, сыйынған. Жошы балаларына қазақша ат қойды.
– Ұлытау өңірінде Алаша хан мазары бар екенін білесіз. Кейбір зерт­теушілер осы Алаша ханды Шыңғыс хан деп жүр. Оған бір аңыздағы Алаша ханның баласы Жошы хан деп айтылатыны себеп болып отыр. Бұл жайында не айтасыз?
– Бұл тіптен қисынға келмейді. Алаша хан мазарын ғалымдардың көпшілігі Қарахан әулетіне, оғыз-қыпшақ заманындағы (Х-ХІІІ ғ.) сәулет өнері үлгілерінің қатарына қосады ғой. Мен де осыған қосыламын. Қай жағынан алып қарасаңыз да, Алаша хан мазарының Шыңғыс хандікі болуы мүмкін емес.
– Былтыр «Айбоз» ұлт­тық сыйлығы тағайындалып, алғашқы жеңімпаздары марапат­талды. Білуімізше, бұл байқауға осы «Жошы хан» тарихи драмаңызбен қатыстыңыз. Соңғы мәреге дейін жет­тіңіз. Жалпы, түрлі байқауларда бақ сынау қаламгерді өсіре ме, өшіре ме?
– «Болар іс болды, бояуы сіңді». Жылағанды жек көремін. Менікі ұсыну, ал беру-бермеу жағын әділқазылар алқасы шешеді. Қиянат жасалғанның өзінде де, сыйлық үшін ешкіммен бетжыртыспаймын. Адамның берген сыйлығы не болады, Құдай сыйынан қақпасын! Ал қиянат жасалды дейін! Кімге өкпелеймін, кімге лағнет айтамын?! Әділқазы болған өз ағаларым мен достарым. Жақсы көретін, жақын тартатын адамдарың көпе-көрінеу қиянат жасаса, өмірлік сабақ болады. Көңілден де, көкейден де кетпей тұрып алады. Түрлі ойларға жетелейді. Ал бұдан еш жамандық көріп тұрғам жоқ. Өзіңнен басқа ешкімге сенбейтін боласың! Яғни шыңдала, қайрала түсесің. Көрдіңіз бе, айналып келгенде бәрі де сенің пайдаңа шешіледі, Өзің ғана ұтасың!
«Айбоз» сыйлығы биыл да өткізілетін болды. Осы орайда өз ескертпемді айта кетсем деймін. Ең бастысы, сыйлық ашық және әділ өтуі керек. Ең соңғы кезеңге өткен шығармалардың барлығы алдын ала әдеби-мәдени порталға жариялануы қажет. Сонда олардың көркемдік сапасы қандай дәреже-дәргейде екенін, жақсы-жаманын жұрт біліп отырады. Сонда бұрын жарияланған шығармалар бірден анықталып, алынып тасталады да, былтырғыдай айғай-шу болмайды. Содан кейінгі мәселе – әділқазыларға байланысты. Былтыр қазы болған қаламгерлерден: «Бұны қалай шештіңіздер?» – деп сұрадым. «Біз тек шығармаларды оқып, өз бағамызды беріп, ойымызды жазып жібердік, қалғанын кім шешкенін білмейміз», – дейді. Бұл неткен масқаралық? Биыл бұндай сорақылықтар қайталанбауы керек. Әділқазыларға оқытқаны дұрыс, бағалатқаны да дұрыс, бірақ ең соңында бәрінің басын жинап, ойларын тыңдап, сол кеңесте шешілуі керек. Айтыс-тартыс болуы керек. Үздік шығармаға қараулық, қиянат жасалмауы керек. Сыйлық адамға емес, шығармаға берілуі керек қой! Бізде сыйлықтар көбіне-көп адамдарға беріліп жататыны да жасырын емес. Егер сыйлық әділ берілмесе, әділқазылардың құлагерді мерт қылған Батыраш-Қотыраштардан қай жері артық?
– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбат­тасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА