Билет сатып алу
«Кешкі …7»-де кездесті

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ  музыкалық драма театрында «Кешкі 7» спектакль-концертінің премьерасы өтті. Театрдың Qalleki театр лабораториясы ұсынған жаңа туындының бұрынғы классикалық спектакльдерден көп ерекшелігі бар. Мұны премьераға барған көрермендер де байқап, әлеуметтік желіде алған әсерімен бөлісуде.

Жас режиссер Бәзіл Сұлтанғазы қойған бұл қойылым актерлердің өз өмірінен, күнделігінен алынған махаббат хикаяларынан құралған. Қойылымды ұсынып отырған Қаллеки театр лабораториясы 2021 жылы шығармашыл жандар үшін байланыс ортасын құру және өнерге өзгеше көзқарас жасап, тың дүниелерді сахналау мақсатында құрылған еді. Ұзақтығы 80 минутқа созылатын қойылымның қоюшы суретшісі – Шынар Елембаева. Хормейстер – Ержан Сансызбаев, Сұлтан Тұрсынбеков. Спектакль-концертте Салтанат Қайыр­бектің «Мен шаршадым-ау деймін…», «Сен…», «Ойлаушы ем өмірді білем деп», «Махаббат» өлеңдері оқылды.

Сонымен қатар театр лабораториясы режиссері Бәзіл Сұлтанғазының және актерлердің әндері шырқалды.

Бастысы, қойылым көпшілікке ұнады. Алғашқы көрермендерінің бірі, ақын Танакөз Толқынқызы қойылым туралы ойын әлеуметтік желіде оқырмандарымен бөлісті.

– Театрға үлкен жаңалық келді! Театрдан пафос кетіп, шынайылық алдыңғы орынға озып, оның қантамырларына қан жүгірткендей ғажап сезім кештім. Спектакльде шиеленіскен оқиға жоқ. Ол тек жеке актерлердің монологы мен музыканттардың әнінен тұрады. Спектакльдің адам жанын трансқа кіргізетін қасиеті бар екен. Сөз бен әуен керемет үйлесім тапқан ғажап тандем болып шыға келген. Жаттанды, жауыр болған не сөз, не нота таппайсың! Театрда жас таланттарға мүмкіндік беру керек. Оларды тұншықтырып қажеті жоқ. Олар – нағыз жаңалықтың елшілері! Жаңа буын, жас буын өзге талғам қалыптастырады. Театрдан арқаланып, қуанып, шабыттанып қайттым! – деді ақын.

Азиз ТАСТАНБЕКОВ,

Еуразия ұлттық университеті,

журналистика факультетінің 2-курс студенті