25-26 желтоқсан күндері Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры сүйікті көрерменіне «Ертегі түннің әуені» атты музыкалық ертегісінің премьерасын тарту етті.
Бір қызығы, бұл ерекше қойылымның бүлдіршіндер үшін ғана емес, ересектер үшін де қызықты болуында. Осыдан болса керек, туындыға келген көрермен қарасы көп болды. Сондай-ақ қойылымға мүмкіндігі шектеулі және көп балалы отбасының балалары да шақырылды.
Шығарма балаларды ертегінің сиқырлы әлеміне жетелей отырып, олардың қиялын дамытып, ой-өрісін кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қойылым музыкалық талғамды шыңдауға үлкен үлес қосады, себебі балалар танымал әуендер мен классикалық шығармаларды тыңдау арқылы өнерді тереңірек түсіне бастайды.
Қойылымда музыкалық ансамбльдің сүйемелдеуімен әлемдік хиттер мен классикалық музыканың әуені арқылы әр түрлі ертегілер баяндалады. Г.Х.Андерсеннің «Ұсқынсыз үйрек», «Бұршақ үстіндегі ханшайым», Э.Т.А.Гофманның «Шақылдақ» және үнді халық ертегісі «Алтын антилопа» сияқты классикалық туындылардан құралған ертегілер жиынтығы.
Аталған ертегінің қоюшы режиссері Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының иегері, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актері — Олжас Дәлелхан. Музыкамен әрлеген — Айша Сырымбай, қоюшы хореограф — Асан Бораншы және қоюшы суретші — Ерлан Тұяқов.
Айта кету керек, «Ертегі түннің әуені» ертегісін балақайлар алдағы күндері де тамашалай алады.