Рус Қаз Eng

«Күй» повесі театр сахнасында

17.06.2025

Халқымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың қаламынан туған «Күй» повесі Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры сахнасында көрерменге жол тартты. «Күй» повесі бұған дейін тек экрандалып, белгілі кинорежиссер Дәмір Манабай шығарма желісімен 2006 жылы «Кек» көркем фильмін түсірген еді. 

Театрдың отыз төртінші маусымы аясында ұсынылған бұл қойылым өнер мен қатыгездіктің шарпысын көрсететін туынды. Біз қойылымға куә болып, мәнін ұғынуға тырыстық. 

«Әбіш ағаның өз сөзінде «Адамгершіліктің төресі ол – аяушылық, аяушылық жоқ жерде адамгершілік жоқ!» Кек, намыс үшін өзінің үш бірдей баласын құрбанға шалып. Ол аз десеңіз, інісінің тұқымы тұздай құрыса да, тоқтамай, ақырында өзінің кәрі ағасының жас баласының қолына қару беріп: «Біздің таусылмас кекті қу, қанды жолға түс. Соның дәлелі ретінде домбыраны сындыр!»- деп әмір ететін Жөнейіт батыр мен күйші арасындағы арбасудың соңы – өмірі тізерлеп, жеңілісін мойындап көрмеген батырдың күй алдында, өнер алдында қамырша иленген ерік-жігерін көрсеткіміз келеді», – деп түсіндіреді режиссер Нұрлан Жұманиязов . 

Әуелден жер үшін қырқысқан адай-түркімен тартысының соңы мал барымтасы мен адам өліміне ұласып, екі жақ бітіспес жауға айналып, бірі-бірінің ауылын шауып, қызын қорлап, азаматын қолды етуге дейін жетеді.

Режиссер айтқандай қойлымның бір көрінісінде бекзада туған, тұщы етіне таяқ тимеген желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұландардың шашы қырылып, басына түйенің терісі қапталып мәңгүрт атанған жайы туралы болды.

«Екі жақтың да бір-біріне соғымға сойдыртқан жылқысынан, соққыға жыққызған жігіті көп», – деп Ә.Кекілбаевтың сөзімен айтқанда көрші отырған екі жұрттың өшпенділігі өршіген үстіне өрши түседі.

Сахна дәл осы өршіген кектің тұсынан басталады. Жөнейіт батыр қапыда қолға түскен адай күйшісін не бостандыққа жібере алмай, не өлтіре алмай ұзақ ұстайды. Мәмбетпана сынды бай-манаптың қолбаласына айналған түркіменнің апайтөс батыры Жөнейіттің кек үстіне кек жамап, адай Дүйімқара батырмен ата жауға айналуы спектакльдің негізгі ширатушы деталі болады. Дүйімқарамен не жеке шығып жеңе алмай, не жауласқанын қоя алмаған түркімен Жөнейіт батыр сопайып жалғыздан жалғыз қалғанда, өкінішінің, ызасының, қорлығының жұбанышын қолға түскен адай күйшісінен табады. Күй құдіретімен өзінің мәңгүрттігінен оянып, тұлыптай көтерілген кеудесінің желігі басылады. Сахна осыны көрсеткісі келді. Сахна Әбіш Кекілбаев жазғандай өнер алдында тізерлеп жығылатын адамның менмендігі мен пенделігін  әшкерелегісі келеді.

Сахналық қойылымның эффектісі кәсіби тұрғыда берілуі керемет, қан мен кектен ғана тұратын, жауласудың шегіне жеткен сюжеттер желісіне құрылған уақиғалар тізбегіндегі сахна бірде қараңғылыққа батса, бірде қып-қызыл қан түстес бояуға қанығады. Театрдың халық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен күйлер тартылып, әсерлі музыкалар ойналды. Сахналық безендірулер, мәңгүртке айналған тұтқындар, шарбаққа қамалған күйші бейнесі, еліре шапқан аттардың тұяқ дүбірі бәрі-бәрі өз үйлесімін тапқан.

Сахнада басты позицияға шыққан кісі өлімін беру сәті адамның төбе шашын тік тұрғызады. Егер бұрын мәтінді оқымаған жан болса, мұнда не қойылып, неге сонша жауыздық пен қатыгездік болып жатқанын түсінбей дал болуы әбден мүмкін. Иә, Әбіш Кекілбаевтың «Күй» повесінде ондай сюжеттер көп, бірақ, осындай сюжеттер арқылы түркімен жұртының көрген қорлығын жеткізу қаламгердің  шын турашылдығы емес пе?

 

Қойылымды тамашалап отырып: «Бұның бәрі не үшін», – деген сауал санаңды көктей тіледі. (Аса мақтансақ жер үшін деп ақтап алармыз.) Қазіргі күнгі өзара қырқысып жатқан ағайын жұрт орыс-украйн, кешегі өткен түрікпен-қазақ жанжалының қандай айырмашылығы бар дерсің. Араны ашылған қанды кектің соңы екі ағайынды елді қалай жат еткен, қалай бір-бірінен теріс айналдырған деп қынжыласың.

Десе де ешкімге бүйрек бұрмайтын, өнердің үстемдігін көкке көтергісі келетін жазушы пенде баласы қолымен жасаған бұл жауыздықты еш ақтағысы жоқ. Бұған  драманы көзімен көрген көрермен  өз бағасын бере жатар.

   

Біздің театрға қаншалықты жиі келесіз?