Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында осылай деді. Еліміздің алдында қандай міндеттер тұр? Қайтадан кері кетпейтінімізге қандай кепілдік бар? Қаңтар оқиғасын қалай сипаттар едіңіз? Оның басты себебі неде? Қазақстанда әлі күнге дейін саяси тұтқындар бар ма? Тұңғыш Президенттің мемуарынан қандай әсер алдыңыз? 2024 жылдың наурызында Ресейде өтетін президент сайлауы жаһандағы және аймақтағы ахуалға қалай әсер етеді? Көлемді сұхбат барысында Президент осы сынды сұрақтарға жауап берді. Жаңа жыл. Жаңа жылдағы алғашқы сұхбат. Ішкі һәм сыртқы саясат, сан саладағы реформа, тұңғыш президентке қатысты пікір, қаңтар оқиғасы, осының бәрі алғашқы сұхбатта қамтылған. Енді рет-ретімен. 2023 жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы болды. Мемлекет басшысы біз негізгі саяси реформаларды аяқтап қалдық деді. Конституциялық Сот жұмысын бастады. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды. Алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайладық. Ауыл және аудандық маңызы бар қала басшыларын сайлау жалғасын тапты. Былтыр ұзын ырғасы 700-ге жуық ауыл әкімі сайланды. Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: – Біз әділ және бәсекелі экономика жүйесін құруға кірістік. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарымен мықтап айналыстық. Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер біртіндеп шешіле бастады. Еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, «жайлы мектептер» бой көтеруде. Ауылдарда денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қолдау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы төлемақы енгізілді. Табиғатты қорғауға жауапты мекемелердің қызметкерлеріне олардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерге қатысты үстемеақы төленетін болды. Медицина қызметкерлерінің, мектепте, колледжде және балабақшада жұмыс істейтін педагогтердің жалақысы өсті. Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді. Негізгі экономикалық көрсеткіштерді, оның ішінде инфляция деңгейін ескере отырып ең төменгі жалақыны анықтайтын әдістеме қабылданды. Осы жұмыстың бәрі 2024 жылы да жалғасады. Бұл – айрықша маңызды жыл болмақ. Өйткені осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болады. Президенттің жаңа жылды ерекше деп атауы бекер емес. Өйткені, биыл елімізде бірнеше халықаралық жиын өтпек. Ал экономикалық, қоғамдық-саяси және гуманитарлық салаларда атқарылатын жұмыстың негізгі бағыт-бағдары биылғы бірінші тоқсанда айқындалмақ. Көп ұзамай Үкіметтің кеңейтілген отырысы, сосын көктемде Құрылтай отырысы өтпек. Бұл биылға жоспар. Президент өткенге де оралды. Сұхбат барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардың басты себебі неде және оған не түрткі болды деген сауалға жауап берді. Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: – Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын. Меніңше, қасіретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Жоғары лауазымды тұлғалардан тұратын бұл топтың күштік құрылымдарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болды. Сондықтан билікті күшпен басып алуға бел буды. Тергеу мәліметтеріне жүгінсек, олар 2021 жылдың ортасына таман дайындыққа кіріскен. Сосын Үкімет сұйытылған газдың бағасын күрт өсіру туралы жан-жақты ойластырылмаған, құқықтық негізі жоқ шешім қабылдады. Маңғыстау облысында арандатушылардың айтағына ілескен жұрт шеруге шықты. Мемлекеттік төңкеріс жасау үшін қаскөйлерге экстремистер, қылмыстық топтар және әсіре діншілдер көмектесті. Олардың мақсаты ел ішіне үрей туғызу, мемлекеттік институттардың қызметін тұралату, конституциялық құрылымның іргесін шайқау, ақыр соңында билікті басып алу болды. Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: – Сол кездегі ахуал өте күрделі болды, еліміз құрдымға кетуге шақ қалды. Бұған жол бермеу үшін барлық іс-әрекетті күндіз-түні және сағат сайын тікелей өзім бақылап отырдым. Ішкі істер министрлігі арқылы Ақорда резиденциясына түрлі шабуыл жасалғалы жатыр, соған жүк көліктері пайдаланылады деген ақпарат жетті. Маған бас сауғалап, резиденциядан кету, тіпті шетел асу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылды. Бірақ мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Теледидар арқылы жасаған мәлімдемелерімнің бірінде қандай жағдай болса да жұмыс орнымда қалатынымды ашық айттым. Екі апта бойы тапжылмай, Ақордада болдым, күн-түн демей, шұғыл жиналыстар өткіздім. Сол аласапыран күндерде мемлекетімізді сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіру ең басты міндет еді. Қасіретті қаңтар кезінде елімізге Ресейдің әскери қызметшілерін шақыру қаншалықты дұрыс шешім болды? Мемлекет басшысы бұл сұраққа «біз осы құрылымның мүшесі ретінде Ресейге емес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіндік» деді. Президент қаңтар оқиғасын халық көтерілісі, тіпті революция деп атап жүргендерге қатысты да пікір білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: – Осындай жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан үш миллиард долларға жуық шығын келді. Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқ. Турасына көшсем, бұл халық көтерілісі болды деген пікірлер қылмыстық әрекеттерді ақтау үшін айтылуда. Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Президент болып сайланғаннан кейін елде қосарланған билік жүйесі қалыптасты-мыс деген сөз тараған еді. Кейбірі тіпті біздің саяси жүйені Иранның, Сингапурдың жүйесімен салыстырды. Шынымен де, сол кезде елімізде екі билік орнады ма? Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: – Бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғаны, тіпті, мұндай әрекеттерді әдейі әрі мұқият ұйымдастырғаны рас. «Билік транзиті» кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты. Елімізде Президент әрі Жоғарғы Бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы Президент иеленген Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезетте қатар қызмет атқарды. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді. Мұны аз десеңіз, дәл осы жағдай Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болды. Өйткені ымыраласқан қаскөйлер өздері ойлап тапқан қосарланған билік, яғни «тандем» идеясын дәріптеп, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келді. Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы Әділет министрінің мәртебе жағынан Елбасы Президенттен жоғары тұратынын айтқаны естеріңізде шығар. Кейбір шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. «Кеттің бе – қайырылма!» Билікті сынап жүргендер Қазақстанда қудаланады деген пайым бар. Әсіресе мұндайды Батыстың кейбір өкілі жиі айтады. Бұған Мемлекет басшымы не дейді? Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: – Саяси қудалау бар деп айту үшін цензура, арнаулы заңдар мен жазалаушы органдар болуы керек. Қазіргі Қазақстанда мұның ешқайсысы жоқ. Біздің заңнамамызда азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ. Көптеген тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істеп тұрған, саяси цензура атымен жоқ елде саяси қудалау бар деу қаншалықты орынды? Ол аз десеңіз, жаңа заң қабылданып, бейбіт жиналыс өткізу үшін рұқсат алудың орнына хабарлау тәртібі енгізілген соң, Қазақстандағы бейбіт жиындардың саны еселеп артты. Еліміздің отын-энергетика кешені мен коммуналдық шаруашылығына қатысты сын көп. Өңірлердегі жылу орталықтары мен басқа да құрал-жабдықтың 80 пайызы әбден тозған. Өткен жылдарда коммуналдық шаруашылыққа салынған инвестиция бұл саланың қажетін өтеуге жетпеді. Мемлекет басшысы жолдауында АЭС салу-салмау мәселесі жалпыхалықтық референдум арқылы шешіледі деген. Бұл тақырып сұхбат барысында тағы қаузалды. Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: – Біз табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өндіреміз. Сол себепті мен еліміздің аумағында АЭС салу жайына айрықша мән беремін. Түптеп келгенде, энергетика қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүдде емес, нақты қажеттілік пен мүмкіндіктер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн. Болашақта әлі талай қоғамдық талқылау өткізіледі. Азаматтар референдумда дауыс берген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қарсы болған сарапшылардың дәйекті пікірлерін барынша таразылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдауға тиіс. АЭС саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық шешеді. Самат Нұртаза, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: – Жалпы мына халықаралық тәжірибені көрген соң мен өз басым АЭС-ті қолдаймын. Себебі, АЭС-сіз бізге өте қиын. Мына энергия жағынан, оның үстіне біз уран байлығында бірінші мемлекетпіз. Сондықтан уранның үстінде отырып алып, АЭС салмау деген былай қарасаңыз кішкене парадокске келеді. Сондықтанда сапалы жасаса, өте пайдасы көп. Энергетикалық тәуелсіздік, дербестік. Енді сыртқы саясат һәм көршілермен қатынас хақында. Қазақстан тиімді әрі салиқалы сыртқы саясат жүргізу арқылы өзінің ұлттық мүддесін қорғап, стратегиялық міндеттерін орындап келеді. Біздің өзгермейтін мақсат-мұратымыз бар. Бұл – еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау, Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, экономикамыздың орнықты дамуына барынша қолайлы жағдай жасау. Сыртқы саясаттағы біздің ұстаным осы деді Президент. Ал биылғы наурыз айында Ресейде президент сайлауы өтеді. Бұл оқиға жаһандағы және аймақтағы ахуалға қалай әсер етпек деген сұраққа Қасым-Жомарт Тоқаев көршіміздегі саяси науқанның халықаралық мән-маңызы қашанда жоғары болатынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: – Биыл Ресейде ғана емес, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Үндістанда, Әзербайжанда және басқа да мемлекеттерде сайлау өтеді. Сондай-ақ Еуропарламент депутаттары сайланады. Әрине, біз осы сайлау науқандарын жіті бақылап отырамыз. Ресейде өтетін президент сайлауының біз үшін мәні зор екені сөзсіз. Өйткені Астана мен Мәскеу арасында өте жоғары деңгейде қарым-қатынас орнаған. Ресей Қазақстанның негізгі серіктесі әрі одақтасы екені баршаға аян. Өткен отыз жылда мемлекетаралық байланыстардың іргесі беки түсті. Екі ел арасында 300-ден астам шарт пен келісім жасалған. Барлық саладағы екіжақты ынтымақтастық тетіктері жұмыс істеп тұр. Ресей секілді алпауыт елдегі президент сайлауының халықаралық мән-маңызы қашанда жоғары және оған әлемнің көптеген елі назар аударады. Қытаймен қарым-қатынас та айрықша мәнге ие. Біздің қоғамның шығыстағы көршіге деген көзқарасы да өзгере бастаған. Сұхбат барысында Мемлекет басшысы болашақта Қытаймен ынтымақтастық қалай өрбиді деген сұраққа қатысты былай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: – Бүгінде Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы достық, тату көршілік және мәңгілік стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып келеді. Біз Төраға Си Цзиньпинмен бірге Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың жаңа «алтын отыз жылдығына» қадам бастық. Жеке жүздесулер Астана мен Бейжіңнің байланыстары жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Елімізде Қытайға қатысты баяғы қасаң түсініктерге негізделген немесе бізге сырттан таңылған жөнсіз үрей болмауға тиіс. Қазіргі Қытай – өте жоғары дамыған, соның ішінде озық технология саласында зор табысқа жеткен мемлекет. Мұны бүкіл әлем мойындап отыр. Сондықтан шығыстағы көршімізбен ынтымақта болу, достық қарым-қатынас пен өзара сенімнің артықшылықтарын тиімді пайдалану Қазақстан үшін аса маңызды. Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: – Сыртқы саясатқа келетін болсақ, былтыр біздің Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев қаншама халықаралық деңгейде үлкен мемлекет басшыларымен кездесті. Одан бөлек, түрлі қаншама форумдарға қатысты. Одан бөлек, қазіргі оңай емес, геосаяси кезеңде, әлемдік геосаяси кезеңде өзінің, Қазақстанның нақты позициясын белгіледі. Бұл әрбір мәселеге қатысты, түрлі жағдайларға, шиеленістерге қатысты. Менің ойымша бұл үлкен жетістік. Мемлекет басшысы аймақтарға сапармен барғанда әкімдерге өзін ұшақтан гүлмен қарсы алуға, аста-төк дастарқан жаюға, думандатып концерт, шоу өткізуге тыйым салғаны рас па? Сұхбат соңында Қасым-Жомар Тоқаев бұл сауалға қатысты былай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: – Президент ретінде алғаш рет ел аралауға шыққанымда, әкімдер салтанатты шаралар ұйымдастыруға, көл-көсір дастарқан жаюға, билбордтар орнатуға тырысты. Қазір мұның бәрі тыйылды. Мен облыстарға жұмыс бабымен ғана барамын. Уақыт өте келе жергілікті жерлерде де осындай жұмыс дағдысы қалыптасатынына сенімдімін. Халықты жинап, қыруар қаржы шығындап, салтанатты шаралар ұйымдастыру біржола тоқтатылады. Әлеуметтік желіде Президент Конституцияға қатысты референдум өткізіп, 2026 жылы тағы да сайлауға түсуді жоспарлап отыр деген қауесет тарап жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев мұны жалған деді. Мемлекет басшысы жетіжылдық бір ғана мерзім туралы идеяны осыдан 15 жыл бұрын жабық пікірталастарда айтып жүргенін, бірақ, сол кезде ұсынысы аса қолдау таппағанын атап өтті. Жылдар өтіп, бұл норма заң бойынша бекітілді. Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбат барысында бұдан былай әркім ойына келгенін істеп, Ата заңға оңды-солды өзгеріс енгізе алмайды. Президент лауазымына бір-ақ рет сайлану туралы ереже енді ешқашан өзгермейді деп шегеледі.