Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шарада сөз сөйледі.

“Бүгінгі жиынға жастар да қатысып отыр. Сіздерге айтарым: төл тарихымызды терең білу қажет. Бірақ бұл тек өткен күнмен өмір сүру деген сөз емес. Әрбір жас келешекке айқын көзқараспен қарап, нық қадам басуы керек. Қазіргі заман өте күрделі, бұрын болмаған үрдістер пайда болып жатыр. Жасанды интеллектінің бүкіл қоғамдық дамуға қандай ықпалы болмақ екені әлі толығымен зерттелмеген. Адамзатқа төнетін қауіп-қатерлер аз болмайды. Сондықтан ең алдымен жастарымыз бұлыңғыр келешекке толық дайын болуға тиіс. Бұл мақсатқа жету үшін өскелең ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу, ұқыпты, тәртіпті, жинақы болуы керек. Абайша айтқанда, “ғылым таппай мақтанбауы” қажет. Егемен ел болудың қадір-қасиетін түсініп, тәуелсіздігімізді қорғауға қашанда дайын болуы керек. Сонда біздің мемлекеттілігіміз – мығым, болашағымыз – баянды болары хақ. Мен отаншыл ұл-қыздарымыздың жасампаз күш-жігеріне сенемін. Жолдарыңыз әрдайым ашық болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!” – деді Тоқаев.