Билет сатып алу
Мирғалиеваның мерейі

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада ­Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мирғалиеваның 50 жас мерейтойына орай шығармашылығына арналған дөңгелек үстел отырысы өтті.

Іс-шара белгілі театр режиссерінің осы күндерге дейін жүріп өткен өнер жолынан сыр шертетін бейнероликпен басталды. Гүлсина Мирғалиева ­Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «драма режиссері» мамандығы бойынша Маман Байсеркеұлы шеберханасында білім алды. Шығармашылық жолын Көкшетау қаласындағы Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық драма театрында қоюшы режиссер қызметінен бастады. Одан кейін ширек ғасырға жуық Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында еңбек етті. Осы өнер ошағының негізін қалап, көркемдік жетекшісі, бас режиссері, кейінгі жылдары директоры болды. Өткен жылдан бері Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі.

Гүлсина Бақытжанқызы сахналаған спектакльдер көптеген республикалық және халықаралық фестивальдерде топ жарды. Соның кейбіріне тоқталсақ, Абайдың 38 қара сөзінің негізінде инсценировкасын жасап, өзі қойған «38 немесе Қарақұрт» спектаклі «Шабыт» шығармашыл жастардың VII халықаралық фес­тивалінде бас жүлде мен «Ең үздік режиссер» аталымдарын иеленді. Осы қойылым XIII республикалық театр фестивалінде «Шығармашылық жаңа ізденістері үшін» аталымын алды. Режиссер «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының, «Еңлікгүл» кәсіби
театр сыйлығының, «Сахнагер-2019» Ұлттық театр сыйлығының лауреаты, ТҮРКСОЙ ұйымының 7 халықаралық «ANADOLU» театр сыйлығының иегері. Жақында ғана Маңғыстау облысының Құрметті азаматы атанды.

Дөңгелек үстел отырысына қатысқан театртанушы, өнертанушы мамандар Гүлсина Мирғалиеваның театр режиссурасына қосқан үлесі, шығармашылық ерекшеліктері туралы әңгіме өрбітті. Мерейтой аясында ­тая­у­­да Гүлсина Мирғалиева сахналаған Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» спектаклінің арнайы көрсетілімі өтті.