Билет сатып алу
Мінез

Театр деген үлкен бір мәуелі бақ секілді… Бабы келісіп, дер кезінде дем беріп отырса, жапырағын жайып, жайқалады. Сондықтан болса керек, кез келген театр басындағы басшы-бағбанның мықты болуы – өнер жеңісінің басты алғышарты. Театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мирғалиеваның өнердегі ширекғасырлық өрісті жолына көз тіккенде, дәл осындай ойдың көңілді тербейтіні рас.

«Режиссер болғым келеді»

Әдетте, басшылыққа бейім адам­­дардың шығармашылығы ша­­шыраңқы болса, суреткерлік қол­­таңбасы қалыптасқан кә­ні­гі ше­берлер басқаруға келгенде ебе­дей­сіз ғой. Таңғаларлығы – Гүл­си­наның бойында осы қасиет­тердің екеуі де тең тоғысқан. Сонысы етінің тірілігі мен оттай жанған қос жанарынан айқын аңғарыл­са ке­рек, 1995 жылы Алматыдан арнайы комиссияны бастап келген Қазақстанның халық әртісі, ре­жис­сер Талғат Теменов бола­шақ сах­на­герді алғаш көрген сәтте-ақ: «Сенен актриса емес, жақсы режиссер шы­ғады», деп бірден кесіп айт­ты. Осылайша, қиырда­ғы Сама­­радан Отанына сағыны­шын ар­қа­лап жеткен бойжеткен­ді Орал­дың Мәдениет институтын­да оқып жүрген жерінен бірден Алма­тыдағы Темірбек Жүрге­нов атын­дағы Мемлекеттік театр­ және кино институтының «дра­ма режиссурасы» бөліміне ша­қы­рады. Тек Ресей жерінде туып-өс­кендігін ескерген ұстаздар алға­шында орыс бөліміне жолдама береді. Оған қанағаттанбаған мінезді қыз ана тіліне шорқақ болғанымен, жанының қазақ екен­дігін айтып қасқайып тұрып ала­ды. Осылайша, өжет бойжеткен тіпті армандап та көрмеген үлкен олжа – Қазақстанның халық әртісі, педагог-профессор Маман Бейсеркеұлының шеберханасы­­­на ойламаған жерден топ ете қала­ды. Бұл туралы кейіпкеріміздің өзі: «Айналам, араласатын ортам барлығы орыстар еді. Қазақ тілі­не шорқақ болуым да мені ата­жұртыма келіп, қазақ өнеріне қыз­мет етсем деген арманымнан алыс­тата берді. Кейде бұл тілегім мүм­кін еместей көрінетін», деп толғанады.

Бір қызығы, ол өзінің режис­сер болатындығын бала күнінде сез­се керек, 4-сыныпта оқып жүр­ген кезінде күнделігіне «режис­сер болғым келеді» деп жазыпты. Тек оның қашан, дәл қай күні орындалатынын білмесе де, сол арманына жетер күнді тағатсыздана күтті.

 

Маман мектебі

Қазақстанның халық әрті­сі, талапшыл ұстаз Маман Байсер­кеұлының шеберханасына түсу жас талапкер үшін тағдырдың теңдессіз тартуы еді. Себебі дәл осы профессор аудиториясында білім ала жүріп, өнердің отына күйіп, суығына төзуді үйренді. Бастысы, қиял мен білім, еңбек пен төзім режиссердің басты қаруы екенін терең түйсінді. Қызығы мен шыжығы мол студенттік жылдар­ды өзі былай деп еске алады: «Біздің қиналған, ең қиын да күрделі кезеңіміз осы оқу жылдары болған сияқты. Ака­­де­мияда бес жыл оқыдық. Бұл шы­ғар­машылық шыңдалу кезеңі­міз­дегі өте күрделі бес жыл еді. Се­бебі ұстазымыз Маман Бай­сер­­кеұлы қатал, тым талапшыл болатын. Бар ащы тері­мізді осынау бес жыл оқуда жақ­сылап тұрып сығып алды. Оқуға 16 бала түсіп, со­ңын­да бе­­­сеуіміз ғана бітіріп шық­тық. Осы­­­ның өзі-ақ режиссура ма­­ман­ды­ғының қаншалықты қиын екен­і­нен хабар беріп тұр­ғандай».

Расымен-ақ, жалпы түсінік бо­­йынша күні бүгінге дейін көп жағдайда режиссура ер адам­­ның төл мамандығындай қабыл­данады. Сырттай сұлу көрін­гені­мен, шын мәнінде, бұл саланың салмағы зіл батпан, ал жүктейтін жауапкершілігі одан да зор. Сон­дықтан болса керек, талабы таудай, талғамы терең өнердің бұл бағытына батылы баратындар көп емес. Ал бағың жанып келдің екен, қатардағы көптің бірі болмай, жанартаудай атқылап, сахнада жаңалық жасай алатындар тіптен аз. Сол аздың өкілі ретінде Гүлсина өнердегі жолын табысты бастады. Маман мектебінің бар асылын бойына сіңірген бойжеткен мінез бен табандылығының арқасында режиссураға соны із салған алдыңғы буын апалары Ғайни Хайруллина мен Сәлима Тасеменовадан кейінгі заты әйел суреткерлер жолын абыроймен жалғап қана қоймай, жаңа ғасыр сахнасына тосын форма, тың ізденіс әкелген реформатор режиссерге айналды. Оның айқын дәлелі – режиссурадағы дебюті Семей қаласы көрермендері­не арналған «Ертегі» атты қойы­лым­мен басталып, кейін Ш.Құ­са­йынов атындағы Көкшетау театры­ның бас режиссері ретінде қой­ған «Конвейер», Н.В.Гоголь­дің «Ревизор», С.Ахмадтың «Келін­дер көтерілісі» спектакльдері­­мен сәтті жалғасқан шығармашы­­­лық жол қазақ өнерінің қайрат­­кер тұлғасы Нұрнияз Мұханов­­тың шақыруымен Ақтау қаласын­а ауысады. Н.Жантөрин атындағы Маң­ғыс­тау облыстық музыкалық дра­ма театрындағы Гүлсинаның режиссер ғана емес, жаңа театр­­дың іргесін қалаған басшы, көркем­­дік жетекші ретіндегі қайраткер­лік еңбегі бұл бағыттағы бас­та­ма­ларын тіпті іргелендіре түс­ті. Сондықтан да Н.Жантөрин театрының жүріп өткен жеңісті жо­лы мен жемісті жылдары­ның тас­қа басылған тағылымды та­рихы тікелей Гүлсина Бақыт­жан­қызының есімімен байланыс­ты екенін бүгінде ешкім жоққа шығара алмайды.

 

Жантөринше жаңғыру

Иә, осыдан ширек ғасыр бұ­рын режиссураның табалдыры­ғын имене аттап, ә дегеннен-ақ тың ой, батыл көзқарасымен өнер­­де төңкеріс жасаған Гүлсина Мир­ғалиева есімі бүгінде елі­міз­дегі ең үздік режиссерлер­дің көшін бастайды. Сананы сілкін­тер спектакль қойып қана қоймай, өзімен қатарласа театрда өнер жолын бастаған Гүл Зиятова, Мед­ғат Өмір­әлиев, Рамазан Ақтаев, ­Майра Бақбердиева, Анар Бейсен­бина, Айдос Тастаев, Еркебұлан Бекен сынды бір топ курстасымен келіп, сонау Маңғыстаудың маң даласында театр ашып, тыңнан түрен салған Гүлсинаның ерен еңбегін ерлік демесең, қиянат болатындай. Маңғыстау облыс­тық музыка­лық драма театрында ашылған­нан бері бас режиссер әрі көркем­дік жетекші, кейін директоры қызме­тін абырой­мен атқарып, Жантөрин театрын жаңаша жаңғыртқан режиссура реформаторы Ақтау халқын киелі сахна өнерімен табыс­тыруда теңдессіз еңбек сіңірді. Бұл да біле-білгенге мінезді кісінің ісі болса керек.

«Н.Жантөрин театры маған ең әуелі еркіндік сыйлады. Қай жағынан да. Өйткені шығар­ма­шылық адамы, оның ішінде режиссер үшін еркіндіктің маңызы зор. Жолымның болғаны сол, мен 24 жасымнан көркемдік жетек­шімін. Шын қаласам, бірнеше қойылымды қатар қоя аламын. Ал «қаласам» деген сөз – шығар­ма­шылық адамына өте керек дүние. Соның нәтижесінде сахналық түрлі тәжірибеге батыл ба­рып, шығармашылық айдынында ер­кін жүздім деп ойлаймын», деді ­режиссер өмірінің театр ашу кезеңіне тоқталып.

Режиссер Гүлсинаның театр­да ғана емес, кино саласындағы сүр­­леуі де табысты. Өзеннің қос са­­­ғасындай қатар жасасқан театр мен кино өнерін тел емген талант камера алдында да өз мүмкінді­гін сынап көрді. Атап айтсақ, Гүл­сина Бақытжанқызы 2013 жылы «Кәусар» атты көркемфильм түсі­­ріп, оның әлемдік премьерасын Оңтүстік Кореяның Пусан қала­сында өткізді. Сонымен қа­тар дәл осы жылы ресейлік кино­ре­жис­сер Б.Худойназаров­тың «Те­ңіз­ді күту» фильміне түсіп, өз қа­ры­мын кино актері ретінде де бай­қап көрді. Мұның барлығы су­рет­кердің қабілетін айқын­дап қана қоймай, шығармашы­лық тә­жі­рибесін байытқан тамаша мек­теп те болғаны анық. Ал бү­гін­де Астанадағы Күләш Бай­се­йі­това атындағы Қазақ ұлт­тық өнер уни­верситетінде режис­серлік ма­ман­дық бойынша төл шеберхана­сын ашып, шәкірт тәр­­биелеп жатқаны – Гүлсина Мирғалиева­ның өнер­дің бірнеше саласындағы қатар ұштаған тәжі­рибесін ұстаз-педагог ретінде шәкірт бойына сіңіруде табысты қадам болары сөзсіз.

 

Сахна һәм санадағы сілкініс

Режиссердің «мені» – оның қолтаңбасы. Қолтаңбасы айқын, ойы еркін суреткердің қойылымы да қызықты. Ә дегеннен-ақ осы бір ерекшелігімен елді елең еткіз­ген суреткер небәрі 20 жасында көрнекті театр сыншысы, марқұм Әшірбек Сығайдың: «Мына қыз түбінде халық әртісі» болады деген сенімге толы аса жоғары бағасын да алып үлгеріпті. Әлбетте, ондай үлкен үміт қатардағы кез келген адамға айтыла бермесе керек-ті.

Шығармашылық қоржыны­на көз жүгіртсек, осы уақытқа дейін Гүлсинаның режиссерлік сараптауында сахнаға жол тарт­қан ірілі-ұсақты жүзден аса спек­такльдің қай-қайсысы да сана биігінде үн қатуымен, тереңдік тұңғиында толғануымен құн­ды, табысты. Мәселен, Гүлсина Мир­ғалиева есімін өнер әлемі­не әйгілеген тәжірибеге толы қойылымдарының қата­ры­на 2004 жылы қойылған А.Құ­нан­­байұлының «38 немесе Қара­­құрт» пен көрермен санасы­на қозғау салған М.Әуезов­тің «Қа­ралы сұлуы» мен С.Цвейк­тің «Амок» новелласының негі­зін­­де түзілген «Зілзала» спектакль­де­рін жатқызуға болады. Аталған туындылар сол кездің өзінде театр­ әлеміне үлкен жаңалық болып енді. Ондағы айтылған мәселелер әлі күнге дейін өзектілігін жой­ған жоқ. Жаңалыққа жаны құш­тар режиссердің сахна көрген қойылымдарының қай-қайсысы да өзгеше ойлау өрнегімен, өмір­ді басқаша сараптау әдебімен, сахналық тың форма табу мәне­рімен, бастысы ішкі мінез еркін­дігімен ерекшеленіп тұрады. Ол «мына қойылымымды халық қа­был­дамай қояды-ау» деген үрей­ден ада. Сондықтан да еш­қа­шан көрермен талғамына бейім­делуге емес, керісінше оларды өз парасат биігінде толғантуға құштар.

«Қарақұрт» – көңілім тола­тын спектаклімнің бірі. Оны Абайдың Отыз сегізінші қара­сөзінің желісімен қайта жазып шықтым. Осылайша, Абай әлемі­не өзгеше көзқарас тұрғысы­нан үңіл­гім келді. Рас, мені дәстүрлі немесе модернист режиссер деу­ге кел­мейтін шығар. Символи­ка­ны «сөйлетеді» деу де қисын­ға қайшы болар. Оны мамандар айта жатар. Алайда Қазан қаласын­да өткен түркі халықтарының «Наурыз» театрлар фествалінде осы «Цунами», «Қарақұрт» спек­такльдерін Ресейден бөлек, Италия, Испания, Израильден келген ­театр сыншылары мен ре­жиссер­лері қызыға тамашалап, қойылымға «постмодернизм­нің үздік үлгісі» деп баға берді. Әрине, бұл жастау кезімде қойылған спектакль ғой. Қазір мен Абайды мүлдем басқаша көремін», дейді режиссердің өзі сахнадағы тәжірибелері турасында толғанып.

Гүлсинаның суреткер ретін­дегі тағы бір ерекшелігі – дайын драматургиядан бөлек, өз қия­лының жетегінде түрлі инсце­нировкаларға да батыл бара ала­тындығы. Жоғарыда атап өткен қойылымдар сөзіміздің айқын дәлелі. Жылдармен бірге кемелі­не келіп, рухани толысқан режиссер кейінгі жылдары да адам жаны­ның тереңіне үңіліп, ішкі психо­логиялық қалтарыстарын жан-жақты қамтитын тың тәжі­рибе­лік ізденістерге батыл барып жүр. Соның бірі – жақында Қ.Қуа­нышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры сахнасында қойылған жазушы Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» психологиялық драмасы. Айтулы қойылымды режис­сердің жалпыадамзаттық құн­дылықтардан тамыр тартқан эсте­тикалық-төлтумалық лабора­ториясының өрістеу үдерісінің бір белесі деп бағаласақ, артық емес. Адам мінезінің түрлі қал­тарысын тереңнен һәм жіті зерделеген психологиялық туын­ды көрушісінен де қырағылық пен сергектікті талап етеді. Өйт­кені «Парасат майданы» — адамның рухани биігіне жету жолындағы күресін бейнелейтін, көрермен­ді ойландыратын, өмірдің шынайы мәнін іздеуге жетелей­тін қойылым. Әсіресе сахна көрген туындының табиғатын терең танып, құндылығын ұғып, қайма­ғын қалқу үшін де парасатты­лық ауадай қажет. Спектакльдің не­гізгі өзегі — адамның өз-өзімен күресі, қоғамдағы моральдық құндылықтардың жоғалуы һәм ақиқат тереңіне үңілу. Ал бас­ты кейіпкер — жалғыздық пен ішкі қайшылықтың құрбаны­на айналған жан. Ол адамдар арасындағы әділетсіздікке қар­сы үн қатып, қоғамның қатал жүйесіне қарсы тұруға тырысады. Сол арқылы көрерменін рухани құндылықтар мен материалдық әлемнің қайшылықтары, адам болмысының күрделілігі, жақ­сылық пен жамандықтың аражігін ажырату мәселелері турасында ойландырады.

 

Санасы сергек суреткер

Жалпы, Гүлсина Бақыт­жан­қы­зының қай қойылымы да жаңа­шыл шешім, тың сарап­тау, бас­тысы адам жанының нәзік тінін қозғауымен құн­ды. М.Әуезовтің «Жетім», «Қара­гөз», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», У.Шекс­пирдің «Гамлет», Ә.Кекіл­баевтың «Абылай хан», «Күй», Т.Әліп­байдың «Томирис», М.Байд­жиевтің «Іздедім сені», С.Құдайбергеновтің «Пер­зент­хана», А.Камюдің «Калигула», Н.Сауданбекұлының «Әлихан­ның аманаты», А.Чеховтың «Шағала» сынды туындылары санасы сер­гек, талғамы биік көрерменін қашан­да парасат биігінде толғантып келеді. Ал аталған шығармалардың тізіміне көз жүгіртіп өтудің өзі-ақ режиссердің таным мен талағамы ұлттық классика мен әлемдік жау­һарларды қатар сөйлетумен қатар, заманауи драматургтердің еңбе­гін назардан тыс қалдырмай, қай жанрда да еркін көсілетіндігі­нің айқын көрінісі болса керек. Олардың әрқайсысында Гүлси­на Бақытжанқызының өнерге деген шексіз сүйіспеншілігі мен тереңнен толғайтын фило­со­фиялық дүниетанымы, адам тағ­дырына бейжай қарамайтын сезім­тал суреткерлік пайым-түсі­нігі сайрап жатыр.

Іргесін қалап қана қоймай, ширек ғасыр табан аудармай ең­бек еткен Н.Жантөрин атында­ғы Маңғыстау облыстық драма театрындағы жұмысын табысты тү­йіндеп, сахна өнерін жаңа белеске көтерген режиссер былтыр бас қаламыздың төріндегі Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрына Көркемдік жетекші болып тағайындалды. Кәнігі кәсіби мамандардың басын түйістірген талантты ортаға келген күнінен бастап театр ішіне жаңа тыныс сыйлаған суреткер «Қарагөз», «Парасат майданы» сынды ой­лы қойылымдарымен елордалық көрерменнің де жүрегін жаулап үлгерді. Қарапайымдылығы мен қаталдығы, мінезі мен мәрттігі, еркелігі мен еркіндігі бір бойында қатар тоғысқан өнер иесінің алдағы ізденістері де іргелі боларына сенеміз. Бар өмірін өнерге арнаған режиссер сөз соңында: «Менің ішімде өз гармониям бар. Өнерімде барлық өмірім өрілген. Қазақ болып туып, қазақ өнеріне қызмет етіп келе жатқаным үшін өзімді шексіз бақытты санаймын», деп сөзін түйіндеді. Бұл тіпті де жалған ұран емес, суреткердің жан сөзі, шын сезімі еді. Ойлы жанарымен алысқа көз тіккен режиссердің демінен де өнерге деген сол адалдығы мен шексіз махаббаты айқын сезіліп тұрды.

Саналы ғұмырын театр бағы­ның бабын табуға арнаған суреткер еңбегі келешекте іргелі зерттеулерге сұранып тұр. Ал тақыр жерден театр ашып, оны еліміздің ең үздік театрлары қатарына қосқан азаматқа бергісіз ерлігі бойындағы мінез бен рухани мықтылығының көрінісі болса керек. Сөзсіз, бұл – Гүлсинаның өз қолымен баптап, байытқан гүл бағының мәуелі жемісі.

Назерке ЖҰМАБАЙ