Мәдениет қызметкерлері форумы!

2025 жылдың 19–21 мамыр күндері аралығында Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Мәдениет және өнер қызметкерлері күні аясында “Мәдениет қызметкерлері форумы – 2025” өтті.
Ауқымды форум аясында мәдениет саласындағы түрлі бағыттарды қамтыған семинарлар мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Әсіресе, театр саласына арналған кәсіби секциялар ерекше назарда болды.
Форум барысында “Театр өнері және концерттік қызмет: заманауи цифрлық шешімдер сахнадағы дыбысты басқаруға қалай көмектеседі” атты тақырыпта тәжірибелік семинар өтті. Онда заманауи дыбыстық технологиялар, цифрлық пульттер және сахнадағы акустиканы тиімді басқару тәсілдері талқыланды.
Сонымен қатар “Сценография және жарық: театр сахнасындағы LED экрандар мен жарық берудің заманауи әдістері” атты семинар өткізіліп, заманауи сахналық кеңістікті көркемдеудің техникалық және шығармашылық тәсілдері ортаға салынды. Бұл семинарда қатысушылар қазіргі театрларда қолданылып жүрген жарықпен жұмыс істеу технологиялары мен сахналық декорациядағы мультимедиялық мүмкіндіктермен танысты.
Форум — шығармашылық мамандардың тәжірибе алмасуы мен кәсіби біліктілігін арттыруына жол ашқан, мәдениет саласының өзекті мәселелерін талқылауға арналған маңызды диалог алаңы болды.