Рус Қаз Eng

«Парасат майданы» – қоғамның өз-өзіне қойған сұрағы

26.08.2025

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры тек елорда жұртшылығына ғана емес, алыс-жақын шетелдерге танымал театр. Гастрольдік сапарға шығып, қазақ өнерін кеңінен танытып жүргеніне куәміз. Биыл Оңтүстік Кореяның танымал театр компаниясымен бірлесіп тарихи драманы корей жұртшылығына таныстырып қайтқан болатын. Қойылымның негізі – екі әйелдің тағдыры. Театр директоры Ербол Жақсыкелдіұлынан сұхбат алуға арнайы барғанымызда театр ұжымы жазғы демалысқа қарамастан жұмысты тоқтатпай, қазан айына жоспарланған Ресей еліне гастрольдің дайындықтарын жасап жатыр екен. Батыл басшы, менеджер, театр саласындағы новаторлығымен танылған Ербол Жақсыкелдіұлы «Сахна сыртындағы сырларымен» бөлісті.

«КӨРІНБЕЙТІН МАМАНДАРДЫҢ» МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРУ КЕРЕК

 Ербол Жақсыкелдіұлы, театр ұғымына әркім өз анықтамасын береді. Сіздің ойыңызша театр дегеніміз не? Басшы ретінде позицияңыз қандай?

– Театр – көрермендермен, бұқара халықпен тікелей жұмыс істейтін мекеме, ұлт болашағын тәрбиелейтін мәдени құрал. Сондықтан, театр әлемінде ешқандай құпия дүниелер болмауы керек деп есептеймін. Барлығы анық, айқын болғанда ғана нәтижеге жетуге болады. Театрды қазақ «киелі өнер», «киелі сахна» деп қадір тұтады. Ал өзге ұлттар болса «Театр – храм» деп театрдағы тылсым тыныштыққа, тазалыққа баға береді. Қазіргі таңда менің театр басшысы ретіндегі позициям – ұжыммен еркін диалог жүргізу, кез келген сұраққа оңай жауап табуға тырысу. Яғни, мәселені оңтайлы жолдармен шешу.

 Дұрыс айтасыз. Театр дегенде сахнадағы актерлер ғана еске түседі. Ал сахнаның артында қызу тіршілік қой. Біз білмейтін сырлар да бар…

– Сахна артында сыр көп. Тіпті, театрда актерлерден бөлек, актер мамандығын оқымаған кәсіби мамандар жұмыс істейді. Олар «көрінбейтін» мамандар болғанымен еңбектері орасан зор. Бір қызығы, осы мамандарға актер киімін кигізіп, гриммен әрлеп сахнаға шығарып жіберсеңіз, кәсіби актерлерден кем ойнамайды. Неге десеңіз, дайындық барысында сахнадағы қозғалыс процесстерінде олар әр сөзді жаттап, көңілдеріне түйіп жүреді. Театр – тірі организм болғандықтан, кейде актерлер өнер көрсету барысында кейбір сөздерін ұмытып кетсе сахнаның арт жағында жүрген мамандар «Мына сөзін айтпады ғой», – деп бәрін біліп тұрады. Осы дүниеге қалай таң қалмауға болады?! Мұның себебі, режиссер жаңа қойылымға дайындыққа кіріскеннен бастап сахна қозғалысына жауаптылар, яғни жарық қоюшы, дыбыс қоюшы, декорацияны түсіретін, жинайтын мамандар. Мысалы, эксперимент жасап, актерлер бос болмаған жағдайда осы сахна сыртындағы мамандарда құрам жасақтап бір ауылға барып қойылым қойып келуге болады. Бұл аталмыш мамандардың кәсіби деңгейде дамып кеткенінің дәлелі.

 Өзіңіз айтқандай «көрінбейтін мамандарға» қолдау қаншалықты деңгейде жасалып жатыр?

– Мен үшін бұл мамандардың жұмыстағы мәртебесі әрдайым биік. Сахна саңлақтарымен қатар, олардың игілігіне жұмыс істеп жүрген мамандарды да ұмытпауымыз керек. Барлық жерде осы тақырыпты жайлы айтып жүремін. Гример-постижерлердің еңбегін де ерекше бағалаймын. Бұл маман актердің бетін әрлеп қана қоймай, образға қажетті қосалқы дүниелерді де жасайды. Мәселен, көрермен көбінесе мән бермейтін шаш, сақал секілді детальдарды жасайды. Сақалды, шашты, мұртты, кірпікті, қасты бәрін-бәрін тоқиды. Бұл өте күрделі жұмыстар. Елімізде мұндай кәсіби мамандар табу қиындау. Біздің театрымызда осындай жұмыстарды істейтін бір ғана маман бар. Оның еңбегін көріп отырғандықтан өте қадірлейміз. Себебі, театрдағы әр маман бір-бірін толықтырып отырады. Тіпті, театр жұмыстары тоқтап қалуы мүмкін. Сахна сыртындағы қозғалысқа қатысатын әр білікті маманның еңбегі еленуі тиіс. Сол мамандарға айырықша алғыс айтқым келеді. Күнделікті жұмыс барысында осы көрінбейтін мамандардың мәселесін көбірек тыңдап, мейлінше шешіп беруге тырысамын.

ҰЖЫМДАҒЫ ЕРКІНДІК, КӨҢІЛ-КҮЙ ЕҢ БАСТЫ ДҮНИЕ

 Байқауымша, ұжыммен қарым-қатынасыңызда еркіндік бар екен. Осы ерекшелікке сұхбат барысында да куә болып отырмын…

– Жаңа спектакльге дайындық барысынша жұмыс процесі түнге дейін ұласатын кездер болады. Сондай кездерде ас-суын алдыртып, осы сахна сыртындағы көрінбейтін мамандарға барынша қолайлы жағдай жасап, өзім де бірге жүремін. Мен ресми түрде театр басшысы болғаныммен, жалпы қарағанда ұжыммен бірге, бір деңгейде жұмыс істегенді ұнатамын. Өйткені, қазір басшы кабинетте отырып қана мәселені шешетін кезең емес. Керісінше, ұжыммен бірлесе жүріп жаңашылдыққа ұмтылып, нәтижеге қол жеткізгенге не жетсін?!

 Әрине. Қазіргі кезеңде менеджерлік аса маңызды қабілет. Қаллеки театрының ұжымында қызметкер аз емес. Ұжымдағы мәселелер қалай шешіледі? Шығармашылық күйзелісті қалай еңсересіздер?

– Мен жеке басым шығармашылық күйзеліске түстім деп айта алмаймын. Себебі, кез келген мәселенің шешімі бар. Көбінесе, өнер жолындағы жаны нәзік адамдар кейде торығып, шығармашылық күйзеліске түсетін кездер болады. Сондай шақтарда тығырықтан шығу жолдарын ұсынатыным бар. Ұжымдастарым маған осындай мәселелермен келген кездерде «Сөз – жәрдемімді» аяған емеспін.

Ұжымда тепе-теңдікті ұстау үшін дипломатиялық қарым-қатынас болуы керек. Бұл қарым-қатынаста қарсы алдыңдағы адамның жан дүниесіне тікелей әсер етіп, қиындықтан шығу оңай болады. Жұмыс барысында әріптестерімнің мұңайып, торығып жүргенін қаламаймын. Мұндай жағдайда жұмыс та өрге баспайтыны белгілі. Ұжымдағы еркіндік, көңіл-күй ең басты дүние. Жұмыс күндері еден жуушы қызметкерден бастап – «Халық әртісіне» дейін емін-еркін қабылдауыма кіріп, мәселелерін ашып айтады. Бұл мен үшін үлкен жетістік.

 Румидің «Сен жолға шыққанда, дұрыс жол өзі көріне бастайды» деген сөзі бар. Мәдениет саласында жиырма жылдан бері қызмет етіп келе жатқаныңызды білеміз…

 Иә, жалпы мәдениет саласында жиырма жыл қызмет еттім. Ал 2020 жылдан бері Қаллеки театрындамын. Бір қызығы, бұл театрға мен бірден басшы болып келген жоқпын. 5 жыл бұрын сахна артындағы мамандардың бірі болып жұмысқа қабылдандым. Сол мерзімнен бері өзімді кәсіби түрде шыңдап, үздіксіз еңбектің нәтижесінде театрдың бір бөлімін басқардым. Осылайша ретімен, сатылай көтеріліп директордың орынбасары болдым. Содан кейін ғана директорлық қызметке келдім. Маған бұл үлкен мектеп болды. Мақсаттарыма қарай нық қадам бастым. Ұжымның қолдауы осы ретте өте маңызды екенін жасырмаймын.

ҚАТАҢ ЗАҢ ШЫҒАРСАҚ ҚАРТТАР ҮЙІ АЗАЮЫ МҮМКІН

 Корея Республикасына өнер сапарына барып келдіңіздер. Сапардың қандай әсерлері бар? Корей халқының бізге ұқсайтын тұстары бар ма?

– Корей халқының бізге ұқсас тұстары өте көп екен. Үлкендерге сый-құрмет көрсетуі, ішкі мәдениеті, бала тәрбиесі бәрі ұқсайды. Мінезі жайдарлы, жайлы халық ретінде таныдым. Тіпті, біздегідей жер үстелде отырып тамақтануы, шайға құмарлығы да ерекше атап өтетін дүние.

Ал өнерге қатысты тоқталатын болсақ, Корея Республикасында 1 500 театр бар. Оның ішінде 300 театр жекеменшік иелігінде. Киноиндустрия саласы да қарыштап дамып жатқанына куә болдық. «Кәрістің дорамалары» бүкіл әлемді таңдандырып отырғаны мәлім. Әрі қызығатын, әрі қызғанатын ел екен. Дегенмен, біздің еліміздің де болашағы зор екеніне сеніммен қараймыз.

Корей елінде қарттар үйі деген ұғым мүлде жоқ деуге болады. Ата-анаға құрмет бала кезден басталатыны мәлім ғой. Ата-анасын арқалап жүретін, аялап отырған бірден-бір ұлт ретінде жаныма жақын қабылдадым. Өкінішке орай, бізде әлі күнге дейін қарттар үйі бар. Біздің қоғамның шешілмеген мәселесі осы. Көлікпен келе жатып жолақты басып кетсеңіз – айыппұл, бағдаршамда дұрыс тұрмаса – айыппұл, жаяу жүргіншілер жолымен дұрыс жүрмесе – айыппұл. Бәріне айыппұл салынады… Ал ата-анасын қартайған шағында далаға тастап кететін тасбауыр ұрпаққа неге ешқандай шара қолданбайды? Неге осындай ата-анасын қартайған шағында қарттар үйіне өткізгендерге айыппұл салмасқа? Мүмкін, қатаң заң шығарса қарттар үйі елімізде азаятын шығар? Мен ұсыныс ретінде осы дүниені айтқым келеді. «Ата анаң жынды болса – байлап бақ», – дейді қазақ.

Бұрын қарттар үйіне жиі баратынмын. Қазір де уақыт тауып арнайы баруға тырысамын. Ол кездері өзге ұлттың қарияларын көп көзім шалатын, ал қазір өзіміздің қазақ ата-әжелеріміздің қарасы көбейіп кетіпті. Осы жағдай менің жаныма қатты батады. Бұл жай ғана пафоспен айтылған сөз емес. Мен театрдан тыс әнші, актерлермен қарттар үйіне концерт ұйымдастырып тұрамын. Сол кезде көздеріне қарап ол кісілерге ештеңе де керек емес, тек бір жылы сөз, мейірім ғана жетіспейтінін түсіндім.

 Қойылымды корей көрермені қалай қабылдады?

– Бұл қойылымды көрермен, жергілікті халық зор ықыласпен қабылдады. Тіпті, толқығандарын жасырмай, көз жасына ерік бергендер де болды. Себебі, бұл өмірден алынған тарихи оқиға ғой. Корей өнеріндегі алғашқы феминист, суретші Ра Хе Сок пен А. Чеховтың әйгілі «Шие бағы» пьесасындағы кейіпкер Раневская. Бұл бейнелер қазіргі заман тұрғысынан қайта интерпретацияланып, көрерменге ұсынылды. Оқиға 1937 жылғы тарихи зұлмат кезеңді арқау етіп, ұлт болмысы мен жеке тағдырлар қиылысында өрбиді. Жобаның мақсаты – Қазақстан, Корея және Ресей елдері арасындағы мәдени байланыстарды нығайту, тарихи жадыны жаңғырту және әр халықтың рухани кодын сахна арқылы таныту болды.

Осымен тоқтап қалмай, жалғасын тапсын деген тілектерін айтқан көрермендермен қимай қоштастық. Бұл жобаның ғұмыры ұзақ болатынына, ары қарай жалғастыратынымызға сенемін. Корей елінде жүргенде біз осы жобаның екінші бөлімін жасауды да ақылдастық. Келесі жылы жақсы жаңалық болып қалар. Қазақстанда келесі жылы сахналауды жоспарлап отырмыз. Әлі де ақылдасып жатырмыз.

 Өзіңіз театрға басшы болып келгеннен бері шетелдермен мәдени байланысты нығайттыңыз. Енді театр ұжымы қай елге баруды жоспарлап отыр?

– Биыл қазан айында жоспар бойынша Ресейге гастрольдік сапар күтіп тұр. Біз бұл сапарға Төлен Әбдіктің әйгілі туындысы «Парасат майданын» апарамыз деп шештік. Қойылымның режиссері, біздің театрдың көркемдік жетекшісі  – Гульсина Миргалиева. Осы ерекше спектакльді тікелей Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ресей жұртшылығына, сол жақтағы қазақ диаспорасына абыроймен ұсынуды көздеп отырмыз.

 Көрермен арасында «Қаллеки театры – адам психологиясына шабуыл жасайтын театр» деген пікір қалыптасқан. «Парасат майданы» спектаклі моральдық тұрғыдан көрерменге қалай әсер етеді?

– «Парасат майданы» оқығанның өзінде оқырманға ауыр тиетін, өте күрделі туынды екені мәлім. Бірақ, біздің спектакль «Парасат майданы» деп жалпы аталғанымен режиссердің шешімі бойынша «Оң қол» туындысы екеуін біріктіріп қойдық. Бұл Гульсина Бахытжанқызының шеберлігі. Повестті спектакльге айналдыру оңай дүние емес. Спектакльге дайындық барысында актерлік құрам күні-түні жұмыс істеді. Барлығы ымыраға келіп, өзара түсінісіп, тандеммен жұмыс істегені премьераларда байқалып тұрды. Енді көрерменге бастапқыда түсініксіз, ауыр қойылым секілді әсер қалдыруы мүмкін. Бірақ, Төлен ағамыздың өзі: «Бұл спектакльді түсіну үшін «Парасат майданы» мен «Оң қолды» оқу керек», – деп бағасын берген болатын. Қойылымның ішінде ананың балаға деген махаббаты бар, дәрігердің пациентіне деген көзқарасы бар, адамның ішіндегі құбылмалы бейнелері, эмоциялары бар. Бұл спектакльді Еуропа жұртшылығының түсінуі оңайырақ деп ойлаймыз. Өйткені, Батыста бұл тенденция кең таралған. Олар психологияға терең бойлап, адам жанына үңілуді ерте бастап кетті. «Парасат майданы» – әр адамның ішіндегі үлкен сұрақ. Яғни, қоғамның өз-өзіне қойған сұрағы.

Адамның ішінде адам өмір сүреді. Мысалы, мен күнде таңертең жұмысқа шығарда айнаға қарап, өз-өзіммен сөйлесемін. «Бүгінгі күнге дайынсың ба?»,  «Бүгінгі жоспарың қандай?», «Мына шаруаларды бүгін орындау керек» дегендей диалогтарға жауап беремін. Бір қызығы, мен көлігіме жеткенше өзіме қойған сауалдарға жауаптар келе бастайды. Демек, ішіңде тағы бір Дауыс бар. Бұл бүкіл адамзаттың ішінде бар дүние. Осы құбылысты театр сахнасында ашық түрде сахналағанымызға қуанамын. Себебі, театр – көрерменмен тікелей тілдесуі керек.

 Қаншалықты принципшіл адамсыз?

– Мен қатып қалған қағиданың адамы емеспін. Өмірде принципті ұстанатын кездер болады, әрине. Бірақ, көп жағдайда адамдар принципті қолданбайтын жерде қолданып, опық жейтін жағдайлар аз емес. Өзімнің дегенім болуы керек, елдің бәрі менің айтқанымды істеуі керек, айттым – бітті дейтін мінез ешқашан жетістіккке апармайды деп ойлаймын. Мен әрқашан ұжыммен кеңесемін, тыңдаймын, бәрінің ойын таразылай отырып, өз тұжырымымды шығарамын.

 Театр маусымының ашылуын асыға күтіп жүрген көрермендерге хабарландыру ретінде жаңа маусым қашан, қай қойылыммен ашылатынын айтсақ…

– Қалибек Қуанышбаев театры биылғы маусымның шымылдығын әдеттегідей «Абай» қойылымымен ашады. Бұл – біздің дәстүрге айналған үрдіс. Қыркүйек айының 10 жұлдызында сүйікті көрермендерімізді күтеміз!

 Сұқбатыңызға рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін!

Әңгімелескен: Әлия ІҢКӘРБЕК

Біздің театрға қаншалықты жиі келесіз?