Рус Қаз Eng

Сахнадағы тағдырлы бейнелер иесі

02.07.2025

Театр – сезім мен шындықтың тоғысқан тұсы, жан мен жүрекке жақын, шынайылыққа толы әлем. Сахна – өмір айнасы, ал сол айнада өнер көрсету бір бөлек, ал шынайы бейнені сомдау – шын талант иесінің қолынан ғана келеді.


Қазақ театры – ұлт рухының, тілінің, жан-дүниесінің жарқын көрінісі. Осы киелі өнер ордасына ғұмырын арнаған, өзіне жүктелген әр бейнені жүрекпен сезініп, жан-тәнімен жеткізе білетін артистер бар. Солардың біріәрі бірегейі ҚР «Серпер» Жастар Одағы сыйлығының иегері, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актрисасы– Тоқманғалиева Сая Тұрғазықызы.

Оның сахнадан көрерменге таныстырған әрбір рөлі – шындықпен астасқан өнер туындысы. Ол үшін театр – жай ғана мамандық емес, жүрек таңдауы, өмір салты. Актрисаның кәсіби шеберлігі мен ішкі жан дүниесінің байлығы сахнада көрініс тауып, шынайы, ерекше бейнелерді дүниеге алып келді.

Сая Тоқманғалиева талай өнер майталмандары туған киелі жер Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы, Абай ауданында дүниеге келген. 2003-2007 жылдары Астана қаласының Қазақ Ұлттық Музыка Академиясында Халық әртісі Гүлжан Әспетованың шеберханасында білім алды. 2007 жылдан бастап  елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрының сахнасында қызмет етіп келеді.

Театрдағы алғашқы қадамын қазақ классикасындағы кейіпкерлерді сомдаудан бастап (М.Әуезов «Еңлік – Кебек» – Еңлік, «Абай» – Ажар, Қарлығаш, «Айман – Шолпан» – Айман),  кішкентай жүрекпен үлкен рөлдерді ойнаудан тайсалмаған жанкештілігімен, тереңдігімен, үздіксіз ізденіс, шынайылығымен бүгінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, сүйікті әртісіне айналып отыр. Содан бері талай рөлдерді сомдап, қазақ өнерінің тарихында мықты кейіпкерлерді тудырды.

Қазіргі таңда елордалық ұлттық театр сахнасындағы Сая Тұрғазықызының ең үлкен әрі кесек рөлдерінің бірі – «Бопай ханым» спектакліндегі Бопай ханым бейнесі.Қойылым авторы – Р. Мұқанова, режиссері – Ж. Жұманбай. Актриса бұл рөлі арқылы өзінің шығармашылық әлеуетінің кеңдігін, актерлік шеберлігін танытты. Бопай ханым ел үшін көшбасшы болса, күйеуіне әйел, балаларына ана еді. Ол кемеңгерлігімен, асқан даналығымен, мықтылығымен үш әлемнің тізгінін қолында ұстады. Сая Тоқманғалиева осы үш жолдың жауапкершілігі, азабы мен талабын, құрметі мен қиындығын қатар көрсету үшін көп тер төкті. Тарихымызда аты қалған даңқты әйелдің бейнесін сахнаға алып шығу үшін терең ізденіс пен қажырлы еңбекті талап еткені ақиқат. Ал, бұл қиындықты актриса Сая еңсере алды деп толықтай айта аламыз. Әсіресе, тарихи маңызды сахналарда ол ел мұңын жеткізер байыпты басшы болса, ұлымен сахнада дана ана, ал, қайтыс болған жары Әбілқайырмен сахнада қарапайым әйел ретінде танылуы, солай көрерменге жеткізе білуі үлкен шеберліктің арқасы екені анық.

Актрисаның тек драма ғана емес, комедиялық қойылымдардағы сомдаған кейіпкерлері халықтың зор ықыласына бөленіп келеді. Солардың бірі – режиссер Н.Жұманиязов қойған «Үйлену» музыкалық комедиясындағы Дерекгүл Ерекшеқызының рөлі. Комедия – өте күрделі, жеңіл көрінгенімен өте қиын, мұқияттылықты талап ететін жанр. Дерекгүл – қаланың тұрғыны, байдың әйелі, жалғыз ұлдың анасы. Қойылымда темпті түсірмеу негізгі мақсат, әрі қызығы да сол болғанымен, Сая Тоқманғалиева өзіне керекті үнемі кішкентай кідіріс тауып алады. Және сол кішкентай кідіріске, кейіпкердің биографиясынан хабар беретін үлкен ақпаратты эмоционалдық түрде, әрекеттері, сөздері арқылы жеткізеалды. Бұл –үлкен шеберлік. Егер актер сөздің астарлы мағынасы мен өз кейіпкерін толық зеріттеп білмеген болса, бұл кеңістікті өз пайдасына жарата алмас еді. Әрине, рөлдің жақсы шығуы үшін сахналас әріптестерінің бір мақсатта бірігуі, бір-бірін ести алуы үлкен көмек. Актриса мың құбылып, күйеуі үшін қызғаныш, баласы үшін уайым, басқалар үшін беделді түсірмеу деген маскаларды жиі ауыстырып, дәл орнында қолданып жүр.Сондықтан да Сая Тоқманғалиева нұсқалаған Дерекгүл Ерекшеқызы бейнесі – актриса табиғатын ашқан ерекше рөлдердің бірі.

Сая Тоқманғалиеваның пластикалық шеберлігін көрсететін спектакльдердің бірі – «Текебұрқақ» әңгімесінің желісі бойынша қойылған «Бір кем дүние» спектаклі. Қоюшы режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Актриса Құртқа рөлі арқылы ерекше қырынан көрінді. Өз балаларының үйірінен бөлініп кеткеніне қан жылаған ана жүрегінің қиналысын жеткізудегі Сая көтерген жүк ауыр. Өйткені, кейіпкер жай ғана жұмыр басты пенде емес, символикалық кейіпкер.
Актриса Саяның театр сахнасындағы кезекті рөлі – «Қызыл орамалды шынарым» қойылымындағы Хадиша. Бұл қойылымда Сая Тоқманғалиева кейіпкерінің болмысын, қалауы мен өткенін – сөйлеген кездегі кейіпкер даусынан ұғынуға мүмкіндік берді. Көрермен ретінде бір ғана сәтті қойылған дауыс арқылы, адам жандүниесіне сапар шегуге болатынын ұғындық. Хадиша – Ілиясты өлердей сүйгенімен, одан безінуді де сонша қалайтын еді. Ол енді оған көмектеспеймін деп уәде бергенімен, ең бірінші көмек қолын созуға дайын адам да сол еді. Хадиша – ғашық адамына жақындамау керектігін білгенімен, бірге болсам деген арманның да иесі еді. Актриса өмірдің екі ұшты сипатындай болған қасиеттерді кейіпкер Хадишаның бойында бір сәтте көрсетуден қорықпайды. Иә, бұл тәуекел оның жеңісі еді. Ол сүйіп тұрып жек көрген, жек көріп тұрып сүюдің қандай екенін шеберлікпен дәлелдеді.

Сөз басында айтқан ойды еске түсірсек: «Сахна – өмір айнасы, ал сол айнада өнер көрсету бір бөлек, ал шынайы бейнені сомдау – шын талант иесінің қолынан ғана келеді».  Сая Тоқманғалиева– киелі театр сахнасында 18 жыл талай кейіпкерлердің тағдырлы жолын құрап, шынайы бейне жасап жүрген талантты актриса. Қазақ сахна өнерінде актриса Сая Тоқманғалиеваның бағындырар белестері алда деп сенеміз!

Гүлістан Тоқаева,

Қ.Қуанышбаев атындағы

қазақ ұлттық музыкалық

драма театрының қызметкері

Біздің театрға қаншалықты жиі келесіз?