Билет сатып алу
Театрдағы той

Ұлттық өнердің ұйтқысына айналған өнер ордасы – елордадағы Қаллеки музыкалық драма театры қашанда тың бастама, тосын жобаларымен көрерменін тәнті етуден танған емес. Бұл жолы да сол дәстүр жалғасты. Қазақ өнерінің қара нары Қалибек Қуанышбаевтың 130 жылдық мерейтойын театр ұжымы Наурыз мейрамы аясында тағылымды етіп тойлады.

Дала театры стилінде өткен тамаша кешке театр ұжымынан бөлек, құрметті қонақтар да қатысып, көзайым болды. Атап айтсақ, жазушы, драматург, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Роза Мұқанова, мемлекет және қоғам қайрат­керлері ­Дархан Мыңбай, Бақыт­­жан Әбдірайым, Парламент мәжі­лісі­­­нің ­депутаты, ақын Жанарбек Әшім­жан ­бастаған мәртебелі меймандар театр тойы­ның төрінен табылды.

– Наурыз мерекесі тек той ғана емес, әр ұлттың өзінің танымына сәйкес құн­­дылықтары, салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы, мәдениеті мен өнері насихатталатын ұлық мейрам. Сондықтан да бүгінгі мерекенің ұрпақ сабақтастығына дәнекер боларлық тағылымы мол деп есептеймін. Сондай-ақ Қ.Қуанышбаев театрында бүгін қасиетті күн. Қазақ өне­рінің үлкен тұлғасы, ең алғашқы қазақ театрының іргесін қалаған актерлердің бірі – Қалибек Қуанышбаевтың туғанына 130 жыл толып отыр. Бүгін дәл туған күні. Ауқымды шара осы атаулы күнмен орайластырылған екен. Мұның өзінде үлкен символикалық мән жатыр» деді салтанатты шара шымылдығын ашып берген Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.

ор

Театр ішіндегі кең алаңға тігілген ақшаңқан киіз үйлерге ауыл-ауыл болып бөлінген ұжым қызметкерлері жан-жақты өнерімен сайысқа түсті. Әр бөлімнің қызметіне сәйкес ауылына «Заң-закон», «Ыстық-суық», «Алыс-беріс», «Асай-мүсей», «Іс-әрекет» деп ерекше ат берген ұжымды көрермен жаңа қырынан таныды. Бұл жолы сахнада тек кәсіби актерлер ғана ойнаған жоқ, театр­ ішіндегі өзге сала мамандары да бір сәтке өздерін актер ретінде сынап көрді. Олардың «Алтайдан ауған ел», «Үйлену», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сынды ­театр репертуарын­дағы қойылым­дар­дан көрсеткен үзінділері де көпшілікті тәнті етті. Тамаша той­дан ерекше әсерленген ақын, Парла­мент Мәжілісінің депутаты Жанарбек ­Әшім­жан ақындық шабытына ерік беріп:

«Заң-закондарыңыз» дұрыс болсын,

«Ыстық-суықтарыңыз» басылмасын,

«Асай-мүсейлеріңіз» көп болсын,

«Алыс-беріс» мол болсын,

«Іс-әрекеті» дұрыс команда

бас жүлдені алсын! –

деп өлеңдете бата берді. Ал алаштану­шы ғалым, академик Дихан Қамзабекұлы алғашқы қазақ театрының ашылуына атсалысқан Қошке Кемеңгерұлы, Смағұл Сәдуақасұлы сынды Алаш арыстарының кітаптарын театр музейіне тарту етті.

Киіз үйлердегі меймандарға тартыл­ған табақ-табақ ет, қазан-қазан көже, ­театр ауласындағы ұлттық ойындар­дан өт­кен жарыстар, жөн-жоралғысымен жа­салған салт-дәстүр рәсімдері – бәрі-бәрі өнер өлкесіндегі Наурыз тойына ерек­ше мерекелік көңіл күй ғана емес, ұлттық ­рух та сыйлағаны сөзсіз.

ег

Ресмиліктен ада, қазақтың кең дария пейілі көл-көсір төгіліп жатқан, сауығы мен салтанаты, әні мен сәні келіскен кеште бәрі еркін, ерекше жағдайда тойланды. Шабыттана бар өнерін ортаға сал­ған актерлердің тамаша таланты кезінде Қоянды жәрмеңкесінде өнер көрсеткен дала дарындарының әлеміне бірта­бан жақындата түскендей ғаламат әсерге бө­­леді. Әз Наурызбен орайластыра тойланып жатқан Қалибек Қуанышбаевтай тұлға мерейтойының дәл осылай – дала театры стилінде аталып өтуінің астарында да үлкен символикалық мән жатса керек.

Себебі алғашқы қазақ театрын құру­шы актерлердің өнері ең әуелі халық­тың ортасынан, Қоянды сынды атақты жәр­меңкелерде өнер көрсетуден, яғни дала думанынан басталған. Тұлға тойын дәл сол атмосфераға жақындатуға тырысқан бүгінгі өнер думаны ұлы актерге көрсет­кен ұрпақ алғысының жарқын көріні­сін­дей жадымызда жатталды.

Жалпы, қазақ театр өнері Қаллеки – Қалибек Қуанышбаевтай тума талант­тарға шексіз қарыздар. Себебі Қалибек Қуанышбаев бастаған даланың дара дарындары бүгінгі кәсіби қазақ театрының негін қалаушылар ғана емес, соны дамытып, өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан қазақ өнерінің қара нарлары. Сөзіміге белгілі ғалым, алаштанушы, тұлға туралы келелі зерттеудің авторы Тұрсын Жұртбайдың: «Өткен ғасырда, жалпы қазақ тарихында ұлтымызды дүниежүзіне танытып қана қоймай, әлемді ресми түрде мойындатқан үш адам бар. Олар: ғылымда – Қаныш Сәтбаев, қаламгерлікте – Мұхтар Әуезов, өнерде – Қалибек Қуанышбаев. Осы үш адамның есіміндегі ұлы деген сөзді біз ғана емес, бүкіл Еуропа халқы мойынап қол қояды. Солардың ішінде дүниежүзілік масштабта ең алғаш мойындалғаны – Қаллеки, Қалибек Қуанышбаев» – деген сөзі дәлел бола алады.

Сахна өнерінде Қалибек Қуаныш­баев шықан ең биік шың – Абай рөлі десек, М.Әуезовтің «Еңлік–Кебегіндегі» – Нысан Абыз, Ғ.Мүсіреповтің «Ақын трагедиясындағы» – Мылқау, Балуан бейнелері, Гогольдің «Ревизорындағы» – Городничий, У.Шекспирдің «Отел­ло», «Асауға тұсау» қойылымдарын­да­ғы – Брабанцио, Баптиста рөлдері өзінің шынайылығымен, жан-жақтылығымен, тереңдігімен көрермен көкейінде күні бүгінге дейін жатталып қалған. Қаллеки ойынын көзімен көрген қауым әлі аңыз ғып айтады. Әсіресе, Мәскеудегі көр­кем театрдың 50 жылдығы құрметіне ұйым­дастырылған театрлар байқауында Қазақстан атынан барған Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясының үздік деп танылғанына тарих куә. Ондағы Қаллеки баба нұсқалайтын Катаринаның әкесі Баптистаның рөлі Мәскеу театр мамандарын шынайылығымен тәнті етеді. Тіп­ті актерді орыстың ұлы сахна майталмандары В.Давыдов пен М.Тарханов­қа теңеген екен. Қалибек Қуанышбаев тек сахнада ойнап қана қойған жоқ, халқымыздың ауыз әдебиетін, ұлттық құндылықтарын жетік білуінің арқасында кезінде режиссерлердің кеңесшісіне, қазыналы қариясына айналды. Қазақ тарихына, салт-дәстүріне қатысты қандай да бір талас туа қалса сахнагерлер сөзсіз Қаллекидің кеңесіне жүгінетін көрінеді. Актердің бұл қасиеті жөнінде режиссер М.Гольдблат: «Ол халықтың эпосын, тұрмыс-салтын жақсы білді, көркемдік талғамы да күшті. Ол консультант-режиссер ретінде спектакльді даярлауға елеулі үлес қосты» деп жазады.

Ал қазақ ұлты үшін Қаллекиді ұлы еткен бейне – Абай рөлі. 1940 жылдың 20 қазанында Асқар Тоқпановтың ре­жиссерлігімен қойылған «Абай» қойы­лымындағы бас кейіпкерді ойнау­шы Қал­лекидің рөл сараптаудағы кемелдігі көп­ті тәнті етіп, әлі күнге дейін көзкөргендер арасында жиі айтылады. «Қаллеки айтыпты» деген шаншар әзілдер мен ойлы афоризмдер де сахна саңлағының көзін көрген іні буын әріптестері аузынан аңыз болып төгіліп, көкірегіне құрмет болып құйылады. Қаллеки қартқа тиесілі әрбір жәдігер театр әлемін танығысы келетін әр өренге өмірлік өнеге, ғұмырлық тағылым екені сөзсіз. Ал режиссер Асқар Тоқпановтың Келлекидің Абайына берген: «Қалибектен кейін Абайды талай дарынды актерлеріміз орындап келді, бірақ Қалибек – Абай біреу-ақ! Ол – Хантәңірінің биік шоқысында оқшау тұрған бейне» деген бағасы – актер шығармашылығының шын деңгейін айғақтаса керек.

Міне, әйгілі актердің есімін иеленген театр ұжымы тұлға тойын осылайша, дүркіретіп атап өтіп, бабалар рухына құран бағыштап, тағзым жасады. Ал театр төрінде тұлға тойымен қатар тойланған Наурыз мерекесі ел есінде ұзақ уақыт сақталары сөзсіз.

 

Оқиғаға орайлас ой:

 

Роза МҰҚАНОВА, жазушы, драматург, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

– Театрдағы тамаша тойдың, тағы­лымды тойдың куәсі болдық. Ең әуелі елорда төрінде осындай үлкен қара­шаңырақ­тың, жаңа ғимараттың пайда болуы – бұл халықтың рухын, театрға деген талғамын өсірді. Міне, бүгін сол әсем ғимаратта керемет Наурыз тойы, наурызбен бірге қазақ театрының абыз тұлғасы Қалибек Қуанышбаевтың 130 жылдық мерейтойы қатар тойланып жатыр. Қазақтың салт-дәстүрі, ұлық мейрамның ұрпақпен сабақтастығы ерекше әспеттелді. Театр ғимаратында торқалы той жасап, қазақтың аппақ қанатты ақшаңқан үйі тігіліп, актерлер керемет өнер көрсетті. Менің таңғалғаным – актерлердің интеллектісі, тереңдігі, білімі, ерек­ше ішкі мәдениеті. Бұл қазақ халқының өскендігін, үлкен мәде­ниетке қол жеткізгендігінің бір айғағы болды. Бүгін біз соны көрдік.

 

Дархан МЫҢБАЙ, мемлекет және қоғам қайраткері:

– Талай Наурызды көріп жүріміз ғой. Оның барлығы біржақты болып кетеді. Киіз үйдің ішінен шықпай қалады немесе сол киіз үйді айналып өтіп кетеді. Ал бүгінгідей интеллектуалды жарысты, іші мен сырты қатар келіскен рухани бай, мазмұны терең Наурыздың жөні бөлек. Шара өнер иелерінің шеберлігіне, біліміне сай жоғары деңгейде ұйымдастырылған екен. Жарыс барысында қойылған сұрақтардың өзі тақырыпқа сай тамаша табылған. Тағы бір қуантқан жайт – актерлеріміздің білек күшінің жүректерімен сай келіп тұр­ғаны, қыздарымыздың кесте тоқып, көне дәс­түрлерімізді қайта жаңғыртуы. Мұның бар­лығы өнер ұжымының деңгейінен хабар бер­се керек. Дәл осындай мазмұндағы Наурыз бізге қажет.

 

Қуандық ҚЫСТЫҚБАЙ, театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Бүгінгі өткен іс-шара біздің ұжым үшін, әсіресе сахнаның сыртында жүрген, көзге көріне бермейтін, еңбектері зор әріптестеріміз үшін үлкен қуаныш болды және солардың арасынан біз тани алмай жүрген керемет таланттарды таптық. Мерекенің мен үшін ең керемет жаңалығы және ең бір ұтқан жеріміз осы болды ғой деп ойлаймын. Әрине, әртістер қауымы қашанда сахнада болсын, тыс болсын міндетті түрде елдің алдында жүреді ғой. Елдің сүйіспеншілігі де, марапат та соларға тиіп жатады. Ал бүгінгі мейрам ұжымды біріктірген, актерлік құраммен бірдей шығармашылық деңгейде тайталасқа түскен, өздерін жоғары деңгейде көрсеткен сахна сыртындағы әріптестеріміздің жұлдызды сәті болды десем, артық айтқандығым емес. Ұжымымыздың бірлігіне тәнті болдым. Бұл мереке ең әуелі біздің рухымызды біріктірді. Барша әріптестеріме, ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін.