Билет сатып алу
ТЕАТРЫМЫЗҒА «ҰЛТТЫҚ» МӘРТЕБЕСІ БЕРІЛДІ

Сүйінші, Қазақ елі!
Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрына сүйінші хабар жетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Қаллеки театрына «Ұлттық» мәртебесі берілді.
Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 1991 жылы 15 қараша күні Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклімен шымылдығын тұңғыш ашқан болатын. Алғашқы қойылымды театрдың негізін қалаушы, дарынды режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Д.Попов атындағы алтын медальдің иегері Жақып Омарұлы сахналады. 1993 жылы Мәдениет министрлігінің орынбасары Әшірбек Сығайдың ұсынысымен Қалибек Қуанышбаевтың 100 жылдығы құрметіне орай театрға есімі берілді. 2011 жылы 14 желтоқсанда Театр ұжымына «академиялық театр» мәртебесі берілді.
Бүгінде ұлттың рухани қажеттілігін өтеп отырған киелі шаңыраққа дарынды өнер қайраткерлері Жақып Омарұлы, Қадыр Жетпісбаев, Кеңес Одағының Халық әртісі, «Халық қаһарманы» Әзірбайжан Мәмбетов жетекшілік етті. Театр ұжымы өзінің алғашқы жүлдесін 1996 жылы Уфа қаласында Түркітілдес мемлекеттер арасында өткен Халықаралық «Туғанлық» театр фестивалінде алды. Содан бері биік белестерді бағындырған өнер ордасы тек елорда жұртшылығына ғана емес, алыс-жақын шет елге кеңінен танылды.
Көрерменмен мағыналы 33 маусымын өткізген киелі шаңырақ бүгінде «ұлттық» мәртебесіне лайық деп танылды. Театр репертуары көнеден келе жатқан классикалық өнер туындыларын заманға сай жаңартып, ұлттық және әлемдік драматургиямен толықтырылып келеді. Елімізде және шет елдерде өткен бірнеше театр фестивалдерінде биік белестерді бағындырған ұжымның алға қойған бағыт-бағдары айқын.
Бүгінгі күннен «Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры» деп аталады.